Жарнама
Жаңалықтар

«Талшын» — тасадағы таланттар мекені

Абай орталығында осыдан екі ай бұрын «Біз де адамбыз» қоғамдық қорының идеясымен қадам басқан «Талшын» инклюзивті театрының дебюті өтті.Сахнаға алғаш рет шыққан ерекше жандар «Наурыз думан» шығармашылық кешінде өнерлерін ортаға салып, көрермендердің ықыласына бөленді.

«Біз де адамбыз» қоғамдық қорының жетекшісі Гүлназ Қосмурзиеваның айтуынша, бұл мүмкіндігі шектеулі адамдардың өздерін жаңа қырынан көрсетуіне мүмкіндік беретін жоба «Теңізшевройл» ЖШС қолдауымен жүзеге асқан.

– Жыл аяғына дейін бірнеше шығармашылық кеш пен спектакль қою жоспарда бар. Бүгінгі маңызды кеште «Талшын» театры көрермендердің жүрегіне қуаныш пен мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін түрлі қабілеттері бар әртістерді жинады. Соңғы айда театр командасы наурыздың рухы мен дәстүрін бейнелейтін арнайы бағдарламаны дайындау және жаттықтыру үшін көп жұмыс жасады. Бұл кеш театр өнерінің мерекесі ғана емес, сонымен қатар инклюзияны дамыту үшін мәдени іс-шараларды қосудың маңыздылығын айқындады, — деді қоғамдық қор жетекшісі.

Театр әртістері сахнада қазақ халқының салт-дәстүрлерін жаңғыртып, көрермендерді би және музыкалық нөмірлермен қуантты. Махамбет Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық академиялық қазақ драма театрының актрисасы Сәуле Байменова актерлардың қабілетін ашып, үлкен сахнаға дайындады.

– Біздің театр бірнеше ай ғана жұмыс істесе де, біз бүгінгі нөмірлерді көрермендерге ұсына алғанымызды мақтан тұтамыз. Біздің әртістер – ерекшеліктері бар адамдар, бірақ олар сабақтар мен жаттығуларда жақсы дайындық көрсетті. Көптеген адамдар үшін бұл сахнадағы алғашқы қойылым, бірақ бәрі өз қорқыныштарын жеңіп, процестен ләззат ала алды. Біздің театр әр адам өзін таба алатын және шығармашылықтан қуаныш таба алатын орын болуға ұмтылады және біз ай сайын қатысушыларымыздың саны артып келе жатқанына қуаныштымыз, — деп атап өтті «Талшын» театрының режиссері Сәуле Бәйменова.

Иә, ерекше жандардың дарын-қабілетіне серпін беріп, осы қысқа уақыт ішінде өзінің таңдаған жолының даңғыл екенін дәлелдеген жас театр әлі талай биік белесті бағындырады.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button