ТАЛАП БОСАҢСЫҒАН ЖЕРДЕ…

Жуырда ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысындағы тәртіптік кеңесінің кезекті отырысы өтті. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев қатынасты. Алқалы жиында алты мәселе қаралған, соның бастысы, Атырау қалалық №1 емхананың бас дәрігеріне қатысты жағдай болды.

Тәртіптік кеңестің қарауына Атырау қалалық №1 емхананың бас дәрігері Е.Қуановқа қатысты ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің сотқа дейінгі тергеу басқармасынан құжаттар түскен. Соған байланысты қызметтік тексеріс жүргізілген еді.

Алқалы жиында оның қорытындысымен қатар, сотқа дейінгі тергеу амалдарының барысы баяндалды. Байыбына барсақ, емхананың бас дәрігері жөндеу жұмыстарының барысында «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңының талаптарын бұзған. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты заңсыздықтарға жол беріпті. Ғимаратты жөндеу алдында ешқандай сметалық құжаттар жасақтамаған. Оның үстіне ұжымдағы психологиялық ахуалдың қиындай түскені анықталды.

Тәртіптік кеңестің төрағасы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Мұхит Ізбанов шағымданушылардың бірқатарын орындарынан көтерді. Мәселен, емхананың есепшісі мекемедегі заңға қайшы әрекеттердің орын алғанын мойындаса, жүргізуші тиісті ақының дұрыс төленбейтіндігін сөз етті. Өзге де пікір білдірушілер көз көрген кемшіліктерді баяндап жатты. Ал, бас дәрігер, керісінше, барлық мәселе бойынша ақталып бақты. Осылайша, біраз талқыланған мәселенің соңында тәртіптік кеңестің мүшелері емхананың бас дәрігерін қызметінен босату туралы ұсынысқа бірауыздан келісті.

– Жұмыс барысындағы мұндай кемшіліктер талаптың босаңдығынан орын алады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы жергілікті емханалардың басшыларының іс-әрекетіне жауап беруі керек. Қандайма жұмыстар да  тек заңды негізде жүзеге асуы тиіс. Дегенмен, бүгінгі жағдай оның өз деңгейінде болмағандығын көрсетіп отыр, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев.

Тәртіптік кеңесте өзге де мәселелер қаралып, шешім алынды.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз