Тай елінен – қола медаль
Atr.kz/18 маусым, 2019 жыл. Таяуда Тайланд елінде сары құрлықтағы параволейболшылардың басын біріктірген кезекті Азия чемпионаты өтті. Осы сынға қатысқан Қазақстан ұлттық құрамасы ойындар нәтижесінде қола жүлдеге ие болды.
Ұлттық құрама алғашқы ойындарында Жапония және Камбоджа спортшыларын екі ойында да 3:0 есебімен жеңіп, одан кейінгі тартысты кездесулерінде Қытай, Иран волейболшыларынан есе жіберіп алды. Одан соң, алаң иелерімен бәсекелесіп, тайландтықтарды қапы қалдырды.
Осы арқылы олар ұпай санымен үшінші орын үшін таласу мүмкіндігіне ие болып, бұл жолда Оңтүстік Корея спортшыларымен өзара мықтыны анықтасты. Қорытындысында құраманың негізін атыраулықтар құрайтын қазақстандықтар тамаша ойын өрнегін көрсетіп, елге қола жүлдемен оралды.
Команданың бас жаттықтырушысы Бауыржан Тахауовтың айтуынша, біздің жігіттер өкінішке орай бұл сайыста Токио Паралимпиадасына баруға мүмкіндік беретін жолдамаға қол жеткізе алмады. Ендігі кезекте олар АҚШ-та өтетін әлем кубогінде төртжылда бір өтетін негізгі сайысқа лицензия алуға бар күштерін салатындықтарын айтты.
Мұратбек ТӨЛЕГЕНҰЛЫ