ШЕМЕН-ШЕР ЖАТЫР ЕКЕН ШЕЙІТСАЙДА…

Жаңалықтар

 

Айналайын халқымның ештеңені де, ешкімді де жадыдан өшірмейтін, қандай жолмен болса да санада сақтап, ұрпағына қалайда аманаттап отыратын текті болмысына қайран қаламын. Өз басым Ақтөбе облысының Қобда ауданы аумағындағы Шейітсай деген маң далаға ал-ғаш ат басын тірегенде тап осылай ойладым. Халық батыры Исатай бабамыз бастаған ұлт-азаттық көтерілісінің соңғы шайқасы – Қиыл қырғыны өткен бұл жердің Шейітсай деп аталуының өзі осының айқын айғағы емес пе?! Өйткені, сол қиян-кескі ұрыста сандаған боздағының шейіт кеткенін көрген ел оны сол заматында-ақ тарихқа айналдырып үлгерген ғой…

Осы Шейітсайға бұдан ширек ғасыр бұрын арнайы бар-ған ақтөбелік әріптес ағам Идош  Асқар өзінің «Ақырып теңдік сұраған» атты зерттеу мақаласында: «…Ол кезде сайдың ұрыс жасалған жоғарғы жазықтығында биіктігі құмырсқаның илеуіндей ғана сансыз ұсақ төмпешіктер – азаттық жолында шейіт болған бабалардың бейіттері көз ұшына дейін тізбектеліп жатты. Исатайдың сүйегі жатқан жер сол жалпақ тізбектің сай жақ шетінде екен…» деп жазыпты. Ал, біз Исатай баба бейітіне қарай өте алмай шалғынды жағалауын шақырымдар бойы шиырлаған терең сайдың бойынан бұл жолы ондай ұсақ төмпешіктерді аңғара алмадық. Соған қарағанда жермен-жексен тегістеліп кеткен ғой. Қиыл қырғыны өткен 1838 жылдан бері арада өткен 176 жыл қаншама белгі-тасты да көзден де, көңілден де жоқ қылғаны айдан анық. Оған тосқауыл қойып, бәрі-бәрін «елге – мұра, ұрпаққа – ұран» болатындай етіп сақтап қалуға, рухтарына тағзым етіп ұлығылауға күні кешегі тәуелсіздік алған кезімізге дейінгі қазақтың бастан кешкен тар жол, тайғақ кешуі мұрша берді ме? Кеңестік кезеңдегі ұлттың үрейін ұшырған небір зұлматтар қазақтың да құтын қашырып, есін шығарды емес пе?..

«Қара қазан, сары баланың» қамы үшін атойлап жауға шапқан, сол елдік ұлы мұрат жолында мерт болған батыр бабаларымыздың алдында осылай деп ақталғандай күй кештік. Алайда, Шейітсай алабы көз алдымызда әлдебір шемен боп қатқан шерін сыртқа шығара алмағандай күңірене толғанып жатты. Тұлпарлар тұяғынан тас тілініп, дүние астан-кестен болған сол бір сұрапыл шақтың елесі ой-сананы шырмап, алдымыздан әлдебір мұңды әуен сыбызғыдан таралғандай сызылып тұрды.

Бәлкім, бұл еңіреп өткен ерлердің ғасыр жарымнан да аса уақыт өткенде ұлттық намысы, елдік рухы көтеріліп, басына кесене тұрғызамыз деп келген бүгінгі ұрпағына айтар назы болар. Бәлкім, бұл өздері кемел келешегі үшін шейіт болған елінің тәуелсіз мемлекет болып өткен тарихын жаңаша түгендей бастағанына айтқан алғысы шығар. Әйтеуір, құлағымызға тұлпарлар тұяғының дүрсілі естіліп, көз алдымызға ызы-қиқы шайқас суреттері күні бүгінгідей елестегенде тұла бойымыз тітіркенді. «Қайран сарбаздар мына терең сай іштерінде бой жасырып, келіп қалған жауды қарсы алдынан жусата күтіп алған-ау. Қандай тамаша ұрыс тәсілі…» деді бір сәт ойымен XIX ғасырдың 38-ші жылының шілдесіне еніп кеткен Мәди Рахымұлы.

-Арада 176 жыл өтті, бұл сайдың тереңдігі ол кезде қандай болғанын кім білген, – дедім оны серпілтейін деген оймен.

– Иә, одан бері бұл дала қаншама күйді бастан кешпеді, қаншама сай тайызданып, қаншама төбешік жазыққа айналмады дейсің, – деп қостады бүгінгінің «Ақтабаны» – «Джиптің» ішінде бірге келе жатқан тағы бір сапарласымыз Тұрарбек Ғайнеденұлы.

Жүрдек көлік ішінде тапжылмастан он сағат бойы жол жүрген біздің әрқайсымыздың да көңіліміз ерекше толқулы еді. Мақсат айқын, бағдар біреу: Елбасымыз нұсқағанындай, тарихтың ақтаңдақ тұсын түгендеу, батыр баба рухын асқақтату, сол арқылы жас ұрпақ бойына патриоттық сезім ұялату.

Осы жерде Шейітсайдағы Исатай батыр бейітінің басына зәулім кесене тұрғызу бастамасын баянды етуге жолға шыққан атыраулық делегацияның құрамымен таныстыра кеткенді жөн көрдік: Жоғарыда есімі аталған Тұрарбек Ғайнеденұлы Сұлтанбеков – Исатай ауданының әкімі, ал, тебіреністі күй кешіп отырған Мәди Рахымұлы Өтеғалиев – Исатай ауданы әкімінің орынбасары, журналист, өлкетанушы, Сақтапберген Ихсанов – «Жайықмұнайгаз» басқармасының жауапты қызметкері, Исатай аудандық мәслихатының депутаты, Әнес Сидеғалиев – кәсіпкер, кесене құрылысы үшін арнайы ашылған «Исатай Тайманұлы» қоғамдық қорының құрылтайшысы, Ержан Шеруенов – телеоператор және осы жолдардың авторы. Осы сапарға Тұрарбек әкім ҚазҰУ-дің бірінші курсын бітірген ұлы Санжарды да бірге ала шыққаны оңды болыпты. Жер көріп, ел тануды жастайынан ұрпақ бойына сіңірудің тағылымдық мәні ерекше ғой.

-Бұл бастаманы облысымыздың әкімі, мәдени-тарихи мұраларды жаңғыртудың, ұлттық мүддені ұлығылаудың үлкен жанашыры Бақтықожа Салахатдинұлы Ізмұхамбетовтің өзі қолдап, іс барысын нақты бақылауына алып отыр. Орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы Мұқан екеуі біздің осы сапарымызға да сәттілік тілеп, қобдалық бауырларға дұғай-дұғай сәлем жолдады, – деді көрші облысқа табан тіреген бойда-ақ Тұрарбек Сұлтанбеков.

-Бұл – қаншама жылдар бойы кезегін күтіп жатқан игі бастама. Исатай Тайманұлы – бір аймақтың емес, бүкіл қазақ халқының ұлы батыры. Елінің азаттығы жолында еңіреп өткен есіл ердің басына ұрпақ рухын көтеретіндей үлкен кесене салу жұмысына бәріміз де бір кісідей атсалысамыз, – деп мәлімдеді әп деп ауыз ашқаннан-ақ Ақтөбе облысындағы Қобда ауданының әкімі Асқар Қазиханұлы Жүсібалиев.

Асқар әкімнің орынбасарлары Болат Ахметұлы Кулов пен Бұлбұл Ораққызы Елеусінова да ұлттық мүддені бәрінен де жоғары қоятын, көкірегі ояу, саналары сергек жандар екен. Бізді қозыкөш жерден күтіп алған олар бірден батыр баба бейіті басындағы қасиетті рәсімге бастап апарды.

Бұл атыраулықтар, нақтырақ айтқанда, Исатай ауданы көтерген бастама бойынша салынатын кесене құрылысын бастауға арналған құрбандық шалып, бата беру рәсіміне біз және жоғарыда аты аталған қобдалықтармен қатар, сол өңірдің белгілі өлкетанушы-ғалымы Еркін Құрманбеков, есімі аймаққа кеңінен танымал ардагер Халиолла Сағындықов, Исатай және Бегалы ауылдық округтерінің әкімдері Абдолла Ақылбеков пен Юмагул Утеянов та қатысты.

Сонымен, жанары оттай жанған, жігері жалындай лапылдаған жас жігіт Нұрсұлтан Имашев бастаған кесене салушы шеберлер іске кірісті. Маңғыстаудан арнайы екі вагон, яғни әрқайсысының салмағы 2,5 тонна болатын 52 дана ұлу тас әкелініпті. Басқа бес құрал-саймандары да жеткілікті. Кесененің мақұлданған жобасы бойынша 8 бұрышты, ені 6 метр, биіктігі 11 метр болмақ, ою-өрнектің озық үлгілері қолданылады. Кейін қаражат көлеміне қарай айналасы абаттандырылмақ. «Иә, іске сәт! Жаратқан Иеміз жар болсын!» дедік біз. Иманды істің игілігі мол болғай да!..

Бассыз қалған батырлар

Қайран ерлерім-ай, Қиылда қынадай қырылған! Исатай сол 1838 жылдың 12 шілдесіндегі шайқаста осылайша басынан айырылса, оның сенімді серігі, көтерілістің жыршысы Махамбет ақынның да басы Дендер жеріндегі Қаройда кесілді ғой. Не дерсің тағдырға? Бірақ, олар өз бастарынан айырылса да, қазақ деген халыққа Бас болып кетті. Жарқын болашаққа, азаттыққа үндеді. Бүгінде сол арман ақиқатқа айналды.

Енді бір сәт Исатай батырдың сүйегі қалай табылғандығы жөнінде де нақты дерекке жүгінсек, ойымызғаАқыраб ауылының пошта тасымалдаушысы болып қызмет атқарған Құбаш Мұқанов оралады. Исатай қолының соңғы шайқасы, міне, осы Қиыл алабында өткендіктен, ұрыс туралы естеліктер осындағы ұрпақтар жадында сақталып, жалғасқан. Батырдың сүйегі баласымен бірге Шейітсайдың қай жерінде екенін айтып, көрсеткен – осы адам. Қазаға ұшырағандардың жерленген жерін оның жас кезінде атасы жетектеп әкеліп, әдейі көрсеткен көрінеді. Қазақтың тұңғыш антрополог-ғалымы, әйгілі Михаил Герасимовтың шәкірті Ноэль Жұмабайұлы Шаяхметов (1942-1954 жылдары республика Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болған Жұмабай Шаяхметовтың баласы) сол Шейітсайға әуелі 1966 жылы, кейіннен 1975 жылы қайта-қайта келіп, сүйекті қаздырып алғанда осындай нақты деректерді негізге алған.

Осы жерде «…қазу кезінде «Исатайдың қабiрiнде бас сүйегi болмай шықты» деп ел шулап жүрдi. Қазуға қатысқан ауыл жiгiттерiнің Исатайдың сүйегiнде желкесiнен шапқан iздiң орнын көргендері туралы айтып жүргендерін де естідік…» деген сөздің ресми қисынына тоқталайық. Зерттеушілердің бәрінің дерлік еңбектері мен ел аузындағы ауызекі әңгімелерде батырдың басы кесілгені хақында айтылады. Тіпті, патша үкіметінің Исатайдың басы үшін 500 сом бәс тіккені де ресми құжаттарда бар. Орыс тарихшысы А.Рязановтың 1926 жылы жарық көрген «Восстание Исатая Тайманова» атты кітабында былай деп жазылған: «Соңғы ұрыста Исатай ат үстiнде жауларына садақ оғын жаудырып, өзiне ұмтылған урядник Богатыревтiң атын екi жерден жаралады. Сол кезде казак Зеленин батырға винтовкадан екi рет оқ атқанымен тимедi. Үшiншi оғы ғана батырдың атын құлатты.

…Батыр бұған қарамай жауларымен жаяу қылыштаса жүрiп, тағы бiр казакты жаралады. Оның сауыты және екi пистолетi болды. Алайда, күш тең болмағандықтан, жақын келген бiр казак қапысын тауып, найзасын қадады. Урядник Богатырев қылышымен сол арада басын кестi. Батыр қансырап құлап бара жатқанда, қазақ жiгiттерi оның қолынан ұстай берiп едi, бiрақ, казактар олжаны өздерiнен шығарғысы келмедi. Богатырев винтовкасын оның кеудесiне тақап тұрып тағы атты.

Осы бес адам орыс үкiметi батырдың басына тағайындаған 500 сом сыйлықты бөлiп алды…».

Қайран ерлерім-ай, Қиылда қынадай қырылған! Исатай сол 1838 жылдың 12 шілдесіндегі шайқаста осылайша басынан айырылса, оның сенімді серігі, көтерілістің жыршысы Махамбет ақынның да басы Дендер жеріндегі Қаройда кесілді ғой. Не дерсің тағдырға? Бірақ, олар бастарынан айырылса да, қазақ деген халыққа Бас болып кетті. Жарқын болашаққа, азаттыққа үндеді. Бүгінде сол арман ақиқатқа айналды.

Ендеше, халқы да батырларын ешқашан ұмытпайды, әрдайым ғасырдан ғасырға жаңғыртып, ту етіп көтере береді. Бұған дәлел ретінде өткен жылдың күзінде Исатай ауданының арнайы делегациясы Ақтөбе облысының Қобда ауданында болып қайтқанын, батыр басына кесене салу жөнінде үндеу тастағанын атап айтар едік. Бұдан кейін Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде «Ұлттық тарихты зерделеудегі өлкетанудың ролі» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Оған батыс өңірдің белгілі зерттеушілері қатысып, 1836-1838 жылдардағы Бөкей Ордасы мен Кіші Жүздегі ұлт-азаттық көтерілісіне қатысты тың деректер ортаға салынды. Исатай Тайман-ұлы бейітінің басына күмбезді кесене орнату бастамасы да ал-ғаш рет көпшілік зиялы қауым тарапынан қызу қолдау тапты.

Исатай батыр рухын ұлығылау, оның арда есімін Мәңгілік Ел болу идеясының басты бір негізіне айналдыру, сол арқылы кейінгі ұрпаққа патриоттық тәрбие беру шараларын жүзеге асыру, әсіресе, Исатай ауданында жүйелі жүргізіле бастады. Қобда өңіріндегі атақты Қобыланды батыр мемориалдық кешенін, Абат-Байтақ кесенесін, Әлия Молдағұлова ескерткішін көзбен көріп қайтқан исатайлықтар да жігерін жанып, намысқа мінді. Исатай ауданының сол кездегі әкімі Нұрлыбек Жұмахметұлы Ожаев (қазір Атырау қаласының әкімі) өзі бас болып ең алдымен Аққыстаудағы батырдың мүсін-ескерт-кішін қайта жасатып, мәдениет үйінің алдына орнатты. Құм ішінде елеусіздеу қалып бара жатқан Исатайдың әкесі, заманында елінің беделді адамдарының бірі болған Тайман қарттың басына «Сазанқұрақ» кәсіпорнының демеушілігімен қызыл кірпіштен бейіт тұрғызылды. Исатай ауылындағы батыр атындағы мектепте арнайы мұражай жасақталып, көтерілісшілерге қатысты әрбір құнды жәдігердің өткен тарихты қайтадан жаңғыртуына баса назар аударылуда. Осының бәрін біз Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Атырау облыстық департаментінің басшысы – Тәртіптік кеңестің төрағасы, ұлтжанды азамат Мұхит Избановтың ұйымдастыруымен ауданға арнайы барып көрген едік.

– Исатай бабамыздың атын иеленген ауданбыз ғой, ендеше, батыр рухын асқақтату жолында осындай ауқымды шаралар легін жүзеге асырудамыз. Бұл қадамымызды облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов те қолдап отыр. Өйткені, халыққа әлеуметтік-экономикалық игілік қандай қажет болса, рухани-тарихи құндылықтар да ауадай қажет. Ол елдің ұлттық рухын көтеру үшін керек, – деп шешіле сөйлеген сонда Нұрлыбек Жұмахметұлы. – Күні ертең Шейітсайда Батыр бабамызға арнап зәулім кесене бой көтерсе, одан басқа да өрелі бастамаларымыз баршылық.

Мұның бәрі осы жолғы Қобда сапарында да толайым әңгіме арқауына айналып, ақтөбелік бауырларымыз осынау игі бастаманың бастауында тұрған ұлтжанды басшы Нұрлыбек Ожаевқа жаңа қызметіне де сәттілік тілеп, арнайы сәлем жолдады. Аманатқа адал болайық деген ниетпен оны да айта кеткенді орынды санадық.

Іске сәт, кесенеші шеберлер!

Батырдың бейіті табылғанына, жұрттың оның басына барып зиярат етіп жүргеніне жарты ғасырдан асты. Сонда осыған дейін сол зиратты анықтауда қыруар шаруа тындырған ғалымы бар, жазушысы бар, қоғам қайраткерлері бар… – солардың бәрі де құр «тұлыпқа» қарап «мөңіреп» келген жоқ. Дерегіміз нақты, міне, кесене құрылысы басталды. Іске сәт!

               

Кесене құрылысын бастау рәсімінен кейін Ақбұлақ өзені жағасына тігілген ақ боз үйде ауыл зиялыларымен Қиыл қырғыны хақында, батырдың қалай қаза тапқаны, оның мүрдесінің Шейітсайға қалай жерленгені және оның кейін қалай табыл-ғаны жөнінде кеңінен әңгіме өрбіді. Әсіресе, Исатай батыр бейітінің тап осы жерде екендігіне күмән келтіруден танбай жүрген оралдық Ғаділше Өтебәлінің өзіндік дүдамал байламдарына да өткір тосқауылдар қойылды.

– Батырдың бейіті табылғанына, жұрттың оның басына барып зиярат етіп жүргеніне жарты ғасырдан асты. Сонда осыған дейін сол зиратты анықтауда қыруар шаруа тындырған ғалымы бар, жазушысы бар, қоғам қайраткерлері бар… – солардың бәрі де құр «тұлыпқа» қарап «мөңіреп» келген жоқ. Дерегіміз нақты, міне, кесене құрылысы басталды. Іске сәт! – деп шамырқанды белгілі өлкетанушы, исатайтануға бір кісідей еңбегі сіңген қайраткер Еркін Құрманбеков.

Ақсақал сөзінің жаны бар. Мұрағаттық деректерді сөйлетер болсақ, «Қазақ әдебиеті» газетінің 1962 жылдың 14 желтоқсанындағы санында «Исатайдың бейіті» атты мақала шығыпты. Сол мақалада: «Исатайдың моласы табылды. Оның басына қалақша тақтай қағылды. Енді осы жерге батырға арнап ескерткіш орнатуды ойластырса, халық батырына деген ел ықыласының куәсі болып шығар еді», – деп жазыпты Х.Дүйсенәлиев деген азамат. Міне, бұл – бұдан жарты ғасырға жуық уақыт бұрынғы нақты мәлімет.

Ауыл көнекөздерінің айтуынша, Ойыл ауданымен шекаралас Исатай ауданы дербес әкімшілік ретінде 1976 жылы Қобда ауданы құрамынан бөлініп шыққан екен. Ауданның бұлай аталуы осы жерден батыр мүрдесінің табылуына байланысты сол кездегі облыстық партия комитетінің хатшысы Кеңес Нокиннің ұсынысы бойынша бекітілген. Сол кезде аудандық партия комитетінің алғашқы бірінші хатшыларының бірі Мақсот Керейұлы Балғынов Исатай есімін есте қалдырудың мүмкін болған шараларын қолға алған. Қабірдің басына орнату үшін темір материалдан шағын қоршау жасатып, бір үлкен көлемді тасқа батырдың және сол шайқаста өзімен бірге қаза болған баласы Оспанның есімдерін қашап жаздырыпты.

– 1981 жылы мен осы жердегі кеңшарға директор болып келдім. Осы алқап сол кезде мал-ға толы еді. Жұмыс дегеніңіз қауырт, күні-түні мігір таппаймыз. Сондай сүргінді күндердің бірінде «осы орыстың моласындағы белгі құсап жатқаны несі, бұған бір амал жасау керек» деп өзімді-өзім қамшылап, әрлі-берлі жүгіріп жүріп, Исатай батырдың өзі мен баласы Оспанның аты-жөндері жазылған қазірге дейін тұрған мәрмәр құлпытасты қойғызып едім. Кеңес өкіметінің түкірігі жерге түспей тұрған кезінде ондай шаруамен айналысудың өзі өзіңді отқа байлап берумен бірдей. Бірақ, айдалада қараусыз қалған батырымыздың бейіті үшін бойымызды намыс қысып, әлгіндей әрекетке барып едік. Қазір ғой, бәрі – батыр, бәрі – патриот, – деді бір сәт сөзге араласқан еңбек ардагері Халиолла Сағындықов.

Ақсақалдың ашына сөйлеуі де қисынды. Шынын айту керек, ұлтымызды құлдық сана әбден езіп тастаған. Тіпті, күні бүгін де ана тілінде сөйлей алмай, сөйлегісі де келмей мәңгүрт-теніп жүрген можантопайлар жетіп жатыр. Сөйтіп жүріп «қазақпын» деп төс соғатынын қайтерсің. Оларға ел қорғаған батырың да, тәлім алар тарихың да қажет емес, көксейтіндері – көз алдындағы жылы-жұмсақ, ақша-байлық, сән-салтанат қана. Ал, соның бәрі елін, жерін жаудан қорғаған, азаттық үшін алысқан шейіт ерлердің арқасы екендігін сол мұндарлар сезіне ме екен?..

Халиолла қарт осыған күйінеді. «Батыр баба бейіті аяқасты болмасыншы, із-түзсіз жойылып кетпесінші деп жасаған титімдей ісімді таудай етіп көрсетіп, атақ алайын деп отырғаным жоқ, тек әлгіндей тоғышарлардың күні ертең осындай игі бастама арқылы арзан абырой арқалап кететіндері де болады» деген оның сөзіне еріксіз қосыласың. Өйткені, ақсақал кеңестік қытымыр саясат тұсында да тап осы батыр баба зиратының орны жоғалып кетпеуі үшін өзіндік үлесін қосып кеткен тұлғалар бұл өңірде аз болмағанын да ерекше атап айтады. Әйтпесе, 176 жыл ішінде жермен-жексен болып, қай орын екенін таба алмай қалуымыз да мүмкін ғой. Ал, кейбіреулердің осы барымызды жоқ еткісі келіп жанталасып жатқанына не дерсің…

Исатай батыр бейітінің орны жоғалмауына өзіндік үлесін қосқандар қатарында осы Ақтөбе облысындағы Исатай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Ерсайын Әжібаевтың да есімі ерек аталады екен. 1978 жылы Исатай ауданына қарасты «Қиыл» кеңшарының жері болып келген Шейітсай әлдебір себептермен көршілес Қобда ауданының қарамағына беріліпті. Сол-ақ екен, Исатай бейітінің жайы назардан шыға бастайды. Міне, осы кезде Ерсайын Ысқақұлы батыл-батыл қадамдар жасапты. «…Ерекең өз ауданындағы партия, кеңес қызметтеріндегі жауапты адамдарды ертіп, Шейітсайды көруге келеді. Келсе, иә, шайқас өткен алап осы, көп жерге дейін көлбеп жатқан ұсақ төбешіктер тегістелуге де қалған. Ал, Исатай батырдың бейіті қайда? Сөйтсе, сол сансыз төбешіктердің сай жақ шетінде Ерекең біреулерден естіген әлгі темір қоршау тұр. Оған Исатай мен оның баласы Оспанның есімдері жазылған. Бірақ, түсініксізі сол, қоршаудың ортасында ешқандай да бір қабірдің бары байқалмайды. Ал, оған таяу іргеде жас топырақтан үйінді жатыр. Ерсайын Ысқақұлы содан қасындағы серіктерімен ойласа келіп, «қабір қазылып, сүйектің табылуы рас, сірә, әлдебір себептермен қоршау тиісті орнына қойылмаған» деген шешімге келеді де, «алда әлдеқандай заман бар, бұлай жата берсе мына қабір де тегістеліп, шөп шығып кетер» деп қоршау темірді орнына өз қолдарымен көтеріп әкелген. Өзге аудан, өзге территория және оның елеулі саяси мәні болғандықтан, ол кезде өз бетіңмен киіп-жарып іс қылу да оңай емес…» деп жазады Идош Асқар өз мақаласында. Бұл 1985 жыл еді.

Міне, Ғаділше ағамыз не дейді, осыншама нақты деректер не дейді? Осы сапарымызда біз аңыздың кейіпкері ретінде саналып келген қарақыпшақ Қобыланды батырға арналған тарихи-мемориалдық кешенде болып, ол батырдың да Жиренқопа деген жерде тұрмыс кешкенін, сол жерде жерленген орнына дулыға пішіндес зәулім кесене тұрғызылғанын, мұражай, түнек үйі ашылғанын көзімізбен көрдік. Бір қызығы, XV ғасырда өмір сүрген Қобыландының антропологтар көмегімен анықталған сүйегі 2006 жылдың 26 тамызында қайта жерленіпті. Ал, 2007 жылы осы әсем кесене салыныпты. Сонда арада алты ғасыр өткенде Қобыландының сүйегі, жатқан жері нақты анықталғанда, қаза бол-ғанына әлі екі ғасырға жетпеген Исатай батырдың бейітін таба алмай не көрініпті? – Бұл жолы да жиналған жұртшылықты ашындырған осы жайт болды.
Еділ үшін егестік,
Жайық үшін жандастық,
Қиғаш үшін қырылдық,
Тептер үшін тебістік.
Теңдікті малды бермедік,
Теңдіксіз малға көнбедік, – деп қынынан суырылған да, қынабына қайта түспей қойған жалаң қылыш Исатайдың сан жылдар бойы құлазып қалған бейітінің басынан енді ақшаң-қан кесене (суретте: макет жобасы) бой көтерер күн де алыс емес, ағайын!
Ат үстінде күн көрмей,
Ашаршылық шөл көрмей,
Өзегі талып ет жемей,
Ер төсектен безінбей,
Ұлы түске ұрынбай,
Түн қатып жүріп, түс қашпай,
Тебінгі теріс тағынбай,
Темірқазық жастанбай,
Қу толағай бастанбай,
Ерлердің ісі бітер ме?! – деген Махамбеттің алмас жыры – тұтас көтерілісшілер ұраны. Бүгінгі Тәуелсіздігімізді тұғырлы ету, Мәңгілік Ел болу идеясын баянды ету үшін де бізге осында жанкешті тірлік керек. Исатай бастаған боздақтардың ерлік ғұмыры – бізге осы тұрғыдан үлгі-өнеге. Ал, оған көрсетілген құрмет – тарихқа тағзым, болашаққа аманат.
Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ,
ҚР Мәдениет қайраткері,
Қазақстанның Құрметті журналисі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған