ТАҒАЙЫНДАУЛАР
Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттегі кез келген тағайындаудың ел алдында тұрған міндеттерге байланысты болатынын атап өтті. Қазақстан Президенті сөйлеген сөзінің барысында Қ.Мәмидің кандидатурасын Жоғарғы Сот Төрағасы қызметіне ұсынды.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы қызметіне сайлау жөнінде ұсыныс енгізді. Сенат депутаттарының жасырын дауыс беру қорытындысы бойынша Қ.Тоқаев Парламент Сенатының Төрағасы қызметіне сайланды.
Нұрсұлтан Назарбаев өзінің барлық ұсынысын қолдағаны үшін депутаттарға алғысын айтты.
– Сенат – еліміздің халқының және Мемлекет басшысының сенімді тірегі. Өткен жылдар ішінде біз көптеген міндетті бірлесе отырып шештік. Бүгінде алдымызда аса өршіл және маңызды мақсаттар тұр. Өздеріңіз білетіндей, біздің негізгі міндетіміз – «Қазақстан – 2050» Стратегиясын іске асыру және әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылу. Барша қазақстандықтар осы идеяны іске асырудың төңірегінде топтасуға тиіс. Сонда біз алға қойған міндеттерге қол жеткіземіз. Егер біз күш-жігерімізді біріктіретін болсақ, онда еліміздің алдында алынбайтын асу болмайды, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы өз Жарлығымен Б.Бекназаровтың Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жоғары сот кеңесінің төрағасы болып тағайындалғанын мәлім етті.
Отырыс соңында жаңадан тағайындалған басшылар Мемлекет басшысына сенім білдіргені үшін алғыстарын айтып, алдарына қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін барлық күш-жігерін салуға ұмтылатындарына сендірді.
akorda.kz