Жұмыспен қамтудың жаңа үлгісі

Жұмыспен қамтудың жаңа үлгісі Жаңалықтар

Атырау қалалық әкімдігінде жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыру жайы талқыланды. Жиынды қала әкімінің орынбасары Мейірім Қалауи жүргізді.

Жұмыспен қамтудың жаңа үлгісі

Тегін оқу және шәкіртақы

Бағдарламаның мақсаты – халықты тұрақты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту. Бұл – алдыңғы жылдары іске асырылып келген «Жұмыспен қамту жол картасы–2020» бағдарламасының жалғасы.

Жоба үш бағыттан тұрады. Бірінші бағыт  бағдарламаға қатысушыларды техникалық, кәсіптік оқумен және қысқа мерзімді кәсіптік біліммен қамтамасыз етуге арналған.

Атырау қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Гүлнәр Құспанованың мәлімдеуінше, бұл бағыт бойынша ҰБТ кезінде төмен балл жинап, жоғары оқу орындарына түсе алмаған жастарға және тұрмысы төмен отбасыдан шыққан балаларға барынша қолдау көрсетіледі. Нәтижесінде жастар мамандықты тегін меңгеруге мүмкіндік алады.

Республика бойынша биыл оқыту шараларымен 15 мың адам, кейіннен жылына кем дегенде 30 мың адамды қамту жоспарланып отыр. Оқу мерзімі – 2,5 жыл. Мемлекет тарапынан оқу ақысына ғана емес, бір рет тамақтануға қаржы бөлінеді, әрі шәкіртақы төлеу қарастырылады. Ал, ересектер оқытудың қысқа мерзімді түріне тартылады. Олар бір айдан алты айға дейінгі мерзім аралығында оқып, кәсіп иесі атанып, сертификат алады.

Осылайша, бағдарлама  нәтижелі жұмыспен қамтуға жағдай жасай отырып, әр адамға табысын арттыруға мүмкіндік беріледі. Жоба табысы төмен ауыл халқының елеулі бөлігіне кәсіпкерлікте алғашқы қадамдарын жасауға, бизнес-бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік  жасалғалы отыр. Осыған орай, жұмыспен қамту орталығының директоры Гүлнәр Құспанова аталған бағдарлама бойынша халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын  айтты.

Несие – 16 миллион теңге

Екінші бағыт бойынша, кәсіпкерлікпен айналысамын деген азаматтарға 16 миллион теңгеге дейін шағын несие беру жүзеге асырылады. Несие ауыл шаруашылығы саласына жеті жылға дейін 6 пайызбен, кәсіпкерліктің басқа саласымен айналысатындарға 5 пайызбен беріледі.

Тағы бір айта кетерлігі, несиені қалалық жердің тұрғындары да, ауыл азаматтары да алып, ісін бастау мүмкіндігіне ие болып отыр. Бұл қадам жұмыссыздық деңгейін азайтуға, сонымен бірге, кәсіпкерлікті дамытуға, азаматтардың еңбекке деген ынтасын көтеруге ықпал етеді деп күтілуде.

Президент Жолдауында  «Бұдан былай Қазақстан азаматтары өз бизнесін жүргізу үшін ауылда да, қалада да 16 миллион теңгеге дейін шағын несие ала алады. Шағын несие беру аясын кеңейтіп, кәсіпкерлерге кепілдік жасау және қызмет көрсету тетіктерін белсенді пайдалану керек» деп атап көрсетілген. Яғни, егер кәсіпкердің несие алу үшін кепілге қоятын мүлкі болмаса, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту орталығы кепіл бола алады.  Бұл шараларды бизнес жүргізу және қаржылық сауаттылыққа үйрету ісін ұйымдастырумен қатар атқару керек. Жаппай кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру де маңызды. Қазақстанның әр өңірі жаппай кәсіпкерлікті, соның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту бағытында кешенді шаралар ұсынуға тиіс.

Жастарға қолдау күшейеді

Үшінші бағыт бойынша, жаңадан ашылған жұмыс орындарының саны бұрынғыша Үкімет пен әкімдер қызметінің тиімділігін бағалаудың негізгі шарттарының бірі бола береді.

– Бұл бағыт аясында, яғни, әлеуметтік жұмыс орындары мен жастар тәжірибесі бойынша мамандығы және тұрақты жұмысы жоқ жастарға барынша қолдау көрсетіледі, – деді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейірім Жоламанұлы.

Айта кету керек, жастар тәжірибесіне берілетін еңбекақы мөлшері де ұлғаяды. Бұрын жұмыспен қамтылған жастар 18 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жалақы алса, бұдан былай оларға 25 АЕК, яғни, 56 мың теңге көлемінде беріледі. Аталған бағдарламаның барлық бағыттарының орындалысын қадағалап бақылау үшін қалалық  әкімдікте  жұмыс комиссиясы құрылатыны  да белгілі болды.

 – Бірінші бағыт бойынша кәсіптік білім алуға және қысқа мерзімді курстарға жергілікті бюджеттен 15 миллион теңге және республикалық трансферттен  44  миллион теңге;

503 адамды қамту жоспарланып отырған жастар тәжірибесіне 142  миллион  теңге;

–  қоғамдық жұмыстарға (1 100 адам) 230  миллион теңге бөлінеді.

 – Жұмыспен қамту туралы жаңа заң бойынша 9-11 сынып оқушылары жазғы уақытта жұмысқа орналасу құқығын алды.

16 жасқа дейінгі жасөспірімнің қоғамдық жұмысқа орналасуы үшін  ата-анасының келісімі керек.

 Абай АБЫЛАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз