Саратовтағы Наурыз тойы

алыстағы ағайын Жаңалықтар

Көктемгі жаңару мерекесі – Наурызды көршілес Ресейдің Саратов облысындағы 80 мыңнан астам қандастарымыз да кең көлемде атап өтті. Олар үшін Ұлыс мейрамның маңызы зор.

алыстағы ағайын

Жыл сайынғы дәстүрге айналған шараға көршілес батысқазақстандық делегацияны шақыратын саратовтықтардың Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамына  биыл Атырау облысынан да арнайы өкілдер аттанды. Оны облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев бастап барды.

Шекара да, мүдде де – ортақ ресейлік көршілерімізбен тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Екі ел арасындағы саяси-экономикалық, мәдени байланыстар бекіп, алыс-берісіміз бен барыс-келісіміз нығайды. Саратов өлкесінде өтіп жатқан ұлы Наурыз тойы да бұған дәлел болғандай.

алыстағы ағайын2

Сол өңірдегі Ершов ауданының тұрғындары да Наурыз мейрамын асыға күтеді. Мұнда орталық алаңға киіз үй тігіліп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Қазақстандық меймандарды Саратов облысының вице-губернаторы Олег Пивоваров қарсы алды.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев бастап барған делегация өкілдері  мен басқа да  қонақтар алдымен Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтарға арналған мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.

алыстағы ағайын3

Ал, мейрамды тамашалауға келгендердің көңіл-күйі көтеріңкі. Ресейлік және қазақстандық өнерпаздар әсем әндерін шалқытып, билерімен мерекенің шырайын келтірді. Ұлыстың Ұлы күні жергілікті қазақтар қолөнер шеберлерінің туындыларын тамашалап, ұлттық тағамнан, Наурыз көжеден дәм татуға мүмкіндік алды.

Бұл күні Саратовтың әр ауданы өзіндік ерекшелігімен көзге түсуге тырысты. Бірі көпшілік назарына ұлттық киімдерді, енді бірі ағаштан жасалған бұйымдарды ұсынды. Ұлттық нақыштағы әсем безендірілген киіз үйді Дергачевск ауылының қолөнершілері тіккен. Тұрғындарының 80 пайызын қазақтар құрайды.

алыстағы ағайын4

Наурыздан бөлек, жергілікті қазақтар «көрісу мейрамын» да ерекше атап өтеді. Олар бұл күнді «Көрісер айт» деп атайды екен.

Мерекені тамашалауға мыңға жуық адам келді. Қазақтың ұлттық ойындарына да кезек берілді. Мықтылар қой көтеруден сынға түсті. Қызықты бәсекеде бақ сынағандардың арасында Ершов қаласының тұрғыны Нұржан Қабденовтың мерейі үстем болды.

алыстағы ағайын5

-Наурыз мейрамында бағымды сынап көрейін дегенмін. Мен үшін бұл үйреншікті нәрсе емес. Мына қойдың салмағы – 58 келі. Ал, менің салмағым 62 келі, қойды 60 рет көтеріп, ұтысқа ие болып тұрмын, – дейді жеңімпаз Нұржан қандасымыз.

Мерекеде алаңға Саратов облысының 12 ауданы киіз үй тікті. Олардың арасында ұлттық тағамдар қойылған мол дастарханы бар қазақстандық делегацияның киіз үйі де бар.

Мерекеге қатысушыларды Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов пен Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев құттықтады.

алыстағы ағайын6

Әр киіз үйде меймандарды ерекше қарсы алды, оларға тәттілер мен Наурыз көже ұсынылды. Келушілерге өнер-сүйер қауымға кеңінен танымал «Ялла» тобы өнер көрсетті.

Осындағы «Арман» қазақ этномәдени орталығының өкілі Дмитрий Чулканов мерекелік шаралар ұйымдастырып, қазақ тілінің мәртебесін көтеруге атсалысып жүргендердің бірі. Ол қазақтың домбырасымен Құрманғазының күйін шертті.

Наурыз мейрамында ақшаңқан киіз үйлерде ән мен күй салтанат құрды.   Халқымыздың салт-дәстүрі  дәріптелді.

Мерекелік шара белгілі композитор Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін шырқаумен мәресіне жетті.

 

Зейнеп Мұқанова, Балакова қаласының тұрғыны:

– Өзіміздің салт-дәстүрімізді кейінгі ұрпағымызға дәріптеп, үйретіп отыруды ұмытпаймыз. Наурыз күні туыстармен қауышып-көрісіп, Ұлыс күнгі ақ тілегімізді арнап жатамыз. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!

 

Игорь Пивоваров, Саратов облысының вице-губернаторы:

– Біз көрші елдер татулық пен бірлікте өмір сүруіміз керек. Екі елді біріктіретін де осындай қасиет пен ежелден қалыптасқан жақсы салт-дәстүріміз ғой.

Бақытжан ЖҰМАТ

Суреттерді түсірген: Рахат ХАЛЕЛОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз