Түйе сүтінен – ірімшік
Соңғы жылдары облыста төрт түлік мал басын асылдандыруға баса мән беріліп келеді. Соның бірі – асыл тұқымды түйе шаруашылығын дамыту. Аймақта отыз мыңдай Ойсылқара тұқымы бар. Облыстағы іргелі шаруашылықтар мен қожалықтарда мал төлдету аяқталып, түйе жүнін күзеуге кірісті.
Махамбет ауданындағы «Бірінші мамыр» серіктестігінде 800 бастан астам қазақтың қос өркешті, асыл тұқымды түйесі өсіріледі.
– Биылғы ауа райынан малшылар көп қиындық көрген жоқ. Қазір 150-дей түйе төлдеді. Боталары ерекше күтімге алынған, — дейді түйе фермасының меңгерушісі Орынбасар Нұрғалиев.
Шаруашылықта отызға жуық адам еңбек етіп жатыр. Биыл мамандар қырқымға түсетін 700 түйені он күн ішінде күзеп бітіруді көздепті.
Зоотехник Базар Қабошевтің айтуынша, қазір түйе жүніне сұраныс пайда болды. Себебі, «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы аясында іске қосылған «Caspiy Lana Atyrau» жүн өңдеу фабрикасы түйе жүнін қабылдап, өнімдерін шығара бастады. Бұл жылына 150 тонна түйе жүнін өңдеуге қуаты жететін фабрика үшін де, шаруашылық үшін де тиімді болып тұр.
– Біз де жылма-жыл түйе жүнін сұрыптап, сапалы шикізат тапсыруға жұмыстанып жатырмыз. Әр түйеден 4,5-5 келіге дейін жүн аламыз. Ойсылқара тұқымының пайдасы көл-көсір. Сондықтан, түйенің саулығы мен өнім сапасын мамандар жіті бақылауда ұстап отыр, — дейді зоотехник.
Егер күтім жақсы болса, асыл тұқымды әр түйе 400 келі ет, бір інгеннің өзі жылына 1,5 мың литрге жуық сүт береді. Ауыл шаруашылығы саласының ардагері, білікті басшы, шебер ұйымдастырушы Аманжол Есқараев аймақта түйе шаруашылығын дамытудың мол мүмкіндіктері барын және ойсылқара өсірудің тиімді екендігін айтады.
– Мінсеңіз көлік, жүні көрпе немесе киімге шикізат болады. Елбасы айтқандай, ауыл шаруашылығы ел экономикасының жетекші саласына айналуы керек. Өйткені, біз – аграрлы елміз, — дейді Аманжол Есқараев.
«Бірінші мамырлықтар» жылына 80 тонна шұбат, 90 тонна ет өндіреді. Оған қоса 4,5 тоннадай сапалы жүнді қырқып, оны жергілікті жүн өңдеу кәсіпорнына өткізеді. Ал, азықтық құнары мен емдік қасиеті жоғары шұбат бірден аурухана, балабақша мен мектеп асханаларына жеткізіледі.
Шаруашылық басшылары биыл шұбатты арнайы құтыға құю цехын ашу және француздық ғалымдармен бірігіп, түйе сүтінен ірімшік жасап шығаруды жоспарлап отыр. Егер жаңа жобалар іске асса, бәсекеге қабілетті, халықаралық талаптарға сай өнім өндіріп, экспортқа шығармақ ниетте.
Бақытжан Жұмат