Тұрмыстық қалдықтан – тұрғын үй
Атыраулық кәсіпкер Әзілхан Байбатыров тұрмыстық қалдықтардан тұрғын үйлер тұрғызуды ұсынады. Онсыз да экологиялық ахуалы ақсап тұрған аймаққа мұндай жобалар керек-ақ. Мамандар өңірді көгалдандыру арқылы ғана өзекті мәселенің түйінін тарқатуға болатынын айтады. Ал, қоқыстан кәдеге асыратын зат жасау әлемдік тәжірибеде әуелден-ақ жолға қойылған. Ендеше, тиімді істі жандандыра түсу үшін бізде не жеткіліксіз? Қайтсек, шет елдің озық технологиясын қолдана отырып, жаңа тауар шығарамыз? Полигонда тау болып үйіліп жатқан қалдықты қалай азайтамыз?
Жүйелі жұмыс жемісі
Облысымызда қоқыс өңдеу зауытын салу қажеттілігі жайында сөз қозғалғалы қашан?! Оны өңдемек түгілі, күнделікті шығып жатқан қалдықты төгудің өзі оңай болмай тұр. Аузы-мұрнына дейін толған қатты тұрмыстық қалдықтар қоймасы қала маңындағы полигонға жіберіледі, кейін өртеледі. Жыл сайын халық саны өсіп келе жатқан облыс орталығына мұның өзі аздық ететіні айтпаса да түсінікті. Статистикалық мәліметке сүйенсек, атыраулықтар ай сайын – 220 тонна, жылына үш мың тонна пластик шығарады.
Ал, ашық жатқан қоқыс тек тынысты тарылтып қана қоймай, бүкіл қоршаған ортаны ластайды. Күн тәртібіндегі маңызды мәселені тұрақты бақылауға алған Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев бұл бағытта нақты тапсырмалар жүктеген еді. Жүйелі жұмыс нәтижесіне жұртшылық куә.
Маңызды мәселеге – сергек көзқараспен
Жас кәсіпкер Әзілхан Байбатыров облыстық әкімдікте өткен жиындардың бірінде кәдімгі пластикті өңдеу арқылы құрылысқа қажетті төбенің жабынды материалы жобасын таныстырған еді. Күні бүгінде бизнес иесі өз қаражатына көрші Ресейден кейбір құралдарын сатып алған. Заңгер мен экономист мамандығын қатар меңгерген Әзілхан Нұрбергенұлы идеясын іске асыру үшін осы саланы біраз зерттеген.
— «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» ұйымдастырған «Болашақ старт-ап» конкурсына қатысуға ниет білдіріп, ғаламтор беттерінен түрлі бизнес-идеяларды іздедім. Оның тек мол табыс көзі ғана емес, еліміз үшін қажетті болғанын қаладым. Барлық керекті құжаттарды тапсырғаныммен, байқаудан орын алған жоқпын. Бірақ, ісімді бастамақ ниетпен осы салада 15 жылдық тәжірибесі бар ресейлік Роман Себекин деген кәсіпкермен жолықтым. Өндіріске бардым, күн сайын шығып жатқан тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеп, одан қажетті зат шығарып жатқанын өз көзіммен көрдім. Пластик, шыны, қағаздан тас, жол жиегі мен белгілері, жалпы саны өнімнің 30-ға тарта түрін өндіреді. Көлік дөңгелегінен өзге де резеңке өнім әзірленеді,- деген ол енді бұл кәсіпке ерекше ден қойғанын, себебі Атырауды қоқыстан арылту маңызды мәселе екенін жасырмады.
Тың идея табысқа жетелейді
Бастапқы капиталын шағын қондырғы сатып алуға және өндірістік база жалдауға жұмсаған кәсіп иесі ақпан айында ресейлік серіктесінен тағы бір құрал күтіп отыр. Ал, цех толық қуатында жұмыс жасау үшін ең алдымен, тұрмыстық қатты қалдықты жинау керек. Оған міндетті түрде контейнерлер қажет. Оларды қондыруға әкімдіктен рұқсат алған әңгімелесушіміз қалдықтарды полимерлерге арналған машинада нығыздайтынын айтты. Сонан соң агломераторда өңделеді, келесі кезеңде басқа қондырғы жаңа өнім жасап шығарады. Қызығы сол, бұл идеяны жан-жақты қолдағанмен, оның нәтижелі болатынына көпшілік сене бермейді екен.
— Волонтерлік ұйымдармен тығыз қарым-қатынастамыз. Бірте-бірте жұртшылықты пластикті өзге қалдықтардан бөлек жинауға дағдыландырамыз. Рас, қазір проблеманың түп-тамырына ешкім үңіле бермеуі мүмкін. Бірақ, бұл біздің болашағымыз үшін аса қажет. Жоғарыда айтқанымдай, бірінші кезекте құрылыс жұмыстарына қажет төбенің жабынды материалын жасап шығара бастаймыз. Өйткені, бізге қаланы абаттандыру керек. Қарапайым қоқыс-қалдықтан жол жиектасын да өндіруге әбден болады. Тіпті, Волгоград қаласында осы тұрмыстық қалдықтан жылыжай құрылысына керекті материалдар дайындайды,-деді ол.
Пластиктен – плитка?!
Тағы бір өнім – полимерлі плитканың сапасы жоғары әрі төзімділігі мықты болатын көрінеді. Мысалы, қазір жол жиектастары 5-10 жылға дейін кәдеге асса, бұл плиталар 40-50 жылға дейін жарамды. Себебі, пластиктен жасалған жаңа өнім ылғалды бойына сіңірмейді екен. Оның тағы бір ерекшелігі – екі жүз жыл бойы шірімейтіндігінде. Ал, цементпен қосылған жағдайда құрылымы өзгереді. «Қыс мезгілінде тіптен қолайлы. Суды сіңірмегендіктен оған мұз қатпайды. Ресейде осындай плиталар төселген өндірістік базаға барып көрдік. Әлгі тастардың үстімен бірнеше жыл бойы КамАЗ автокөліктері өтсе де, міні құрымаған» дейді Ә.Байбатыров. Бұдан басқа құрылысқа керекті полистиролбетонды блоктар өндірілетінін алға тартты. Салмағы жеңіл болғанмен, бойында жылуды жақсы ұстайтын қасиеті бар көрінеді. Демек, бұдан жылу да үнемделеді.
Нарыққа – жоғары сапамен
Төзімділігі мен үнемділігі жағынан ХХІ ғасырдың материалы саналатын полимерлі жабынды қоқыс-қалдықтан жасалса да, сапасы жағынан өзгелерден кем түспейді. «Ұзақ мерзімге қолдана аламыз. Түрлі ортада тұрақтылығын сақтайды. Дизайны мен түсі де сан алуандығымен ерекшеленеді. Бір жақсысы, полимерлі өнімге түрлі ауру тудыратын тозаң жиналмайды» дейді кейіпкеріміз.
Сонымен, жоба толық күшінде жұмыс жасау үшін 200 млн. теңгеге жуық инвестиция қажет. Зауыт 40 пайыз іске қосылғанның өзінде жұмсалған қаражат үш жылдың ішінде қайтарылады деп күтілуде. Сондай-ақ, қоқыс полигонының қасына тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптайтын конвейер орнату жоспарда бар. Әңгімелесушіміздің пікірінше, бұл қоқыс көлемін азайтып, шикізат түрлерін тиісті орындарға жіберуге оң септігін тигізбек. Жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Шағын цехта 6-7 маман қызмет етсе, зауыт жұмыс аясын кеңейткен кезде олардың қатары елуге жетпек.
Керек дерек
Massaget.kz порталы немістің ірі өндірістік концерні «Adidas» компаниясының мұхиттағы қоқыстардан спорттық аяқ киім тігуді қолға алғанын жазған. Компанияның жаңа спорттық аяқ киімі теңізшілердің мұхитқа лақтырылған балық аулауға арналған торларынан жасалады екен.
Р.S: Біле білсеңіз, өңделген пластик нарықта жоғары сұранысқа ие өнімдердің бірі болып тұр. Пластик гранулдарды Қытай мен Ресей Федерациясы импорттаса, оның әр тоннасы 250 мың теңгеден сатылуда. Ал, Жапонияда пластикті қайта өңдеу арқылы аралдар жасалуда. Астана мен Алматы, Қарағанды қалаларында бұл мәселе оңды жолға қойылған. Жоқтан бар жасауға әлдеқашан кірісіп кеткен көршілерден бізге де үлгі алатын уақыт жетті. Мұнайлы өлкеде де қоқыс өңдеу зауыты салынса, табиғаттың тынысы ашылып қана қоймай, жұмыссыз жүрген қаншама жан еңбекпен қамтылар еді.