Мультфильмге телмірген сәби одан қандай өнеге алып жүр?

сараптама Жаңалықтар

Мультфильм туралы әңгіме қозғалса көпшілігіміз оған аса мән бере қоймаймыз. Оны тек баланың қызығып қарайтын дүниесі ретінде ғана қабылдаймыз. Мақала жазылмас бұрын ата-аналардан баласының қандай мультфильм көріп жүргенін білмек мақсатта сауалнама жүргізген едік. Нәтижесінде, ондағы кейіпкерлер былай тұрсын, не туралы екендігіне аса қызығушылық танытпайтынына көз жеткіздік. Бірақ, баланы білімді қылатын да, бүлдіретін де – осы мультфильм екенін ойладыңыз ба? Оларды не қызықтыратыны да сізге маңызды болуы керек. Бір уақыт тұрмыстық қажеттіліктерді ұмытып, бүлдіршіндердің ертеңі, болашағы туралы  ойланып көрейікші.

%d1%81%d0%b0%d1%80%d0%b0%d0%bf%d1%82%d0%b0%d0%bc%d0%b0

«Маша мен аюдың»  құпиясы қандай?

Жиырма жылдан бері бала психикасын зерттеп жүрген неміс психологы Райнер Пацлаф теледидардың баланың дамуына әсер ететінін жазыпты. Психолог «баланың дұрыс дамуы оның көрген мультфильміне байланысты» деген қорытындыға келген. Кейіпкерлердің көзі үлкен болған сайын, бала жалтақ, қорқақ, өз пікірі жоқ, өзіне сенімсіз болып өседі екен. Соның салдарынан оның сабаққа деген құлшынысы да төмендейді. Мультфильмдегі әйелдердің толық әрі сиықсыз болып суреттелуі кішкентай қыздардың болашақта ана атануына кедергі келтіретін көрінеді. Сол секілді бала теледидардан алып денелі құбыжықтарды көрген сайын ата-анасына қарсы келгіш болады. Тіпті, мультфильм бояуының қанықтығы мен дауысының жоғары болуы, сюжетіне дейін баланың болашағына әсер етеді екен. Яғни, баланы шынайы өмірден алыстатады.

Қазір көбіміздің балаларымыз «Маша мен аюды» он айналдырып қойып берсең де, қозғалмай отырып көреді. Баланы өзіне магнитше тартатындай бұл мультфильмнің қандай құпиясы бар? Графикасы мен сапасына қояр мін жоқ. Кейіпкерлері де сондай шынайы шыққан. Бір ғана мін – Машаның өзі бірбеткей, бұзақы, бетпақ. Айналасын бүлдіріп жүреді. Демек, бұл мультфильм «өмір сүрудің бүкіл ережесін бұзып, өзің қалағандай өмір сүр, сені бәрі кешіреді» деген ой тастайды. Шынында, Машаны көрген бала оның әрекеттерін айнытпай қайталайды.

Сондай-ақ, тоқсаныншы жылдардан күні бүгінге дейін жеткен «Ну, погоди!», «Том мен Джерриді» алайықшы, бір қарағанда жеңіл, оны қабылдау оңай.  Бірақ, қай сериясын алып қарасаң да, ақымақ мысық сорлы тышқанды, қасқыр қоянды қуалайды да жүреді. Қатыгездік, зорлық-зомбылықты көресің. Бір қызығы, мысық та, тышқан да өздерінің бұл әрекеттеріне ұялмайды, жа-уапкершілік алмайды. Керісінше, қасқырдан қашып жүріп, қоян қулығын асырады. Оған көрсетпейтін қитұрқы әрекеттері жоқ. Қасқырдың жүрегі, ішек-құрылысы шығып қалатын тұстары да бар, дене мүшесін қайта салып қуа жөнеледі. Осылай жалғасып кете беретін сюжеттер.

Мұны көрген бала қандай тәрбие алады? Атауынан ат үркитін «Монстр хай», «Монстрлар мектебі» «Винкс клубы – сиқыршылар мектебі», «Спанч боб», «Бэтмен», «Экстремальды футбол», тағы басқалары балаға әсер еткені соншалық, ойнағанда солардың қылықтарын салады. Олай дейтінім, дүкен сөрелерінде қаптап тұрған  «Спанч бобтың», «Монстрлардағы» ауыздарынан, көздерінен қан ағып тұрған  сұрықсыз кейіпкерлердің бейнесі бар ойыншықтар мен сөмкелерді көрген бала бір соқпай кетпейді. Ата-анасына қалай да алғызады.

 

«Спанч бобқа» тыйым салыңыз!

Сонда «Спанч боб» дегеніміз кім? «Спанч Боб – төртбұрышты шалбар» деген америкалықтардың туындысы бар. Бұлардың кейіпкерлері барып тұрған есерсоқтар. Бір көзді Планк – өте кішкентай болса да, басынан қулығы артылмайтын, қызғаншақ кейіпкер. Крабс деген шаянның мейрамханасын тартып алып, өз мақсатына өзгелерді алдаумен қол жеткізгісі келеді. Боб пен теңіз жұлдызы Патрик бір-бірін «нақұрыс», «есалаң» деп тілдейді де жүреді. Бір-бірінің басынан бал-ғамен ұрады. Жеуге келмейтін нәрсені жейді (мәселен, майшамды). Осылайша, балаларға жеңіл юмор сыйлағысы келген. Бұл ешқандай юмор емес – баланың психикасын бұзу. «Спанч Боб» дегенде, бүгінде үлкен дауға айналып жүрген – жынысын ауыс-тырғысы келетіндердің  жарнамасы ма деп қаласың?! Екеуі де еркек кейіпкер бола тұра, Боб пен Патриктің қол ұстасып жүруі, бір төсекке жатуы, бір-біріне қылмыңдап-қылымсуы, тіпті бір қоңызды екеуінің бірігіп асырап алуы, сөйтіп, Бобтың әйелдің киімін киіп «мама», Патриктің «папа» болуы, сол секілді сегізаяқ Скивардтың (бұл да еркек) қыздың бас киімін киіп, душқа түсуі, косметикаға жақын болуы, қысқасы, қызға қажетті бұйымдардан бас алмауы секілділердің бәрі де әдейі жасалған сюжеттер ме дерсің?! Осындай түсініксіз тұстарын балаға көрсетуге тыйым салған дұрыс.

Сондай-ақ, қазіргі мульткейіпкерлердің түрлері де тартымсыз. Үйлесім көрмейсің. Кейіпкер күліп жатыр ма, жылап жатыр ма, түсініксіз. Мұрындары мен ауыздары мүлдем сәйкеспейді. Көздері де солай.  Тұтастай шынайылықтан ада.

Бүлдіршіннің бақытты балалық шағы қызылды-жасылды түстерден құралған шынайы тұтастықта, әсерлі болуы керек. Бұл жерде мультфильмнің алар орны зор. Сол себепті де, балаға ата-ана, тәрбиешісі, ұстазы  жол сілтегені  дұрыс. Өйткені, бүл-діршіндерді мультфильмнен шектеуге тағы болмайды. Арасында ақылға қо-нымды  қиялдың да қажет-тілігі бар.

 

Ақылы көп Әли мен Айя

Адами қасиеттерге үндейтін отандық, шетелдік  мультөнімдердің қатарында «Әли мен Айя», «Алдар көсе», «Хайди», «Зооқала», «Ерке Майя», «Балдыр-ған», «Ғажайып әлем», «Микки Маус», «Питер Пэн», «Фиксики», «Геркулес», «Ханша мен Бақа», тағы басқаларын атауға болады.

Биыл «Уолт Дисней» студиясында түсірілген 56-шы мультфильм «Моананың» қазақша трейлері шықты. Ағымдағы жылдың 1 желтоқсанына тұсаукесері жоспарланыпты. Фильмнің сюжеті бойынша, қиял әлемінде өмір сүретін 14 жастағы Моана өзінің ойындағы ертегі кейіпкері Мауиді іздеу үшін мұхитқа саяхаттайды екен. Бұл оқиға шамамен 2000 жыл бұрын Тынық мұхитындағы аралдарда болады. Фильмді дубляждауға танымал әншілер мен актерлер қатысыпты. Олардың арасында Мақпал Исабекова, Бүркіт, Лидия Кәден және басқа да әншілер мен актерлер бар. Балаларға арналған дүниенің қатары тағы бір рухани туындымен толықса игі іс болар еді.

Ұлықбек ТіНәЛИЕВ, «Қазақстанның тәуелсіз ұрпағы» жастардың қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

«Мультфильм көріп, ұйықтай алмай жүрді»

– Қазіргі мен бұрынғы баланың түсінігі, көзқарасы әртүрлі. Оларды салыстыруға келмейді. Сондықтан, олардың талғамдары да өзгеше. «Балапан» арнасына қарағанда олар «Тиджи», «Никелодеон», «Карусельге» қатты еліктейді.  Балаларымның не көретіні мен үшін маңызды. Сол себепті, үнемі қадағалаймын. Әсіресе, үй жануарлары жайлы  айтып қызықтырамын. Меніңше, өмірде жоқ кейіпкерлер жайында бала ойламағаны дұрыс. Оның санасына, ақыл-ойына кері әсер етуі мүмкін. Өзімнің 2, 5, 7 жастағы балаларым мультфильмнен алған әсерін көпке дейін ұмыта алмай жүреді. Өткенде бес жастағы ұлым монстрлар жайында мультфильм көріп,  көпке дейін ұйықтай алмай жатты.  Анасы екеуміз оларға енді ондай фильм қарауға болмайтынын айтып барынша түсіндірдік.

Зәуре ІЗБАЕВА, психолог:

«Теледидардың санаға әсері зор»

– Үш жасқа дейін бала ойыншықтарды қолымен ұстап ойнауы керек. Таңнан кешке дейін теледидарға телміртіп қой-ған дұрыс емес. Өйткені, «көк жәшіктен» бүлдіршін түгілі, мектеп жасындағы оқушыларға да қарауға болмайтын  мультфильмдер көрсетілуде.

Мәселен, «Монстр Хайда» жаргон  сөздер  көп. Ол баланың сөйлеуіне,  сөздік қорына  кері  әсерін  тигізеді. «Губка Бобта» да сол. Боб  үнемі достарына, жақын туыстарына  қарсы шығып, дауласып жүреді. 3-7 жас арал-ығындағы балалар теледидар алдында күніне 30 минут, 7-10 жастағылар 30-50 минут, 11-18 жас аралығындағылар 1-3 сағат  қарауы керек. Теледидарды ерте жастан қараған балалар кейін физиологиялық  зардаптар шегуі мүмкін.

Серікбол ХАСАН, республикалық «Айқын» газетінің  жауапты хатшысы:

«Үлкендер таңдауы қажет»

Балаға «мультфильм көрме» деп тыйым сала алмайсың. Себебі, оған мультфильм ауадай қажет. Сонда қайтпек керек? Бізде бір ғана амал бар: Балаға не көруге болатынын өзіміз таңдап беру. Кітапты таңдап оқыған секілді, мультфильмді де таңдап көрмесе болмайды. Қазір әлемдік анимация өндірісінде адам түсінбейтін жаңалықтар болып жатыр. Әсіресе, «Pixar» студиясы өнімдерінің жүрек қылыңды қалай шертіп жібергенін өзің байқамай қаласың. «Қаһармандар қаласы» деген мультфильм шығарды. Мұнда комедия да, трагедия да бар. Мұны көріп отырған ересек адам жылайды, ал, бала күледі. Сондай бір кереметі бар! Қатыгездік пен мейірімділік, дұшпандық пен достық, кек пен сабыр деген нәрселерді салыстыра отырып суреттеген. Астарында «қай жолды қаласаң, соған қызмет етесің» дегендей әдемі философия бар. Риза болатының, мультфильмде қазіргі заман балаларының құндылықтары толық қамтылған. Селфи де, инновация да бар. Жалпы, бүгінгі қоғамды әбден зерттеп барып ұсыныпты.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз