ТҮРКІМЕНСТАН КОНСУЛЫ – АТЫРАУДА
Өз кезегінде Түркіменстанның Қазақстандағы Елшілігінің өкілі Мақсат Довданов Ақтау қаласында орналасқан консулдықтың 2013 жылдың қараша айынан бастап іске кіріскенін, ал, ресми түрде ашылу рәсімінің 2014 жылғы ақпан айында өткізілгенін айтты. Сол санаулы уақыттың ішінде біраз жұмыстар атқарылғанын тілге тиек етті. Консулдың мәлімдеуінше, қазірде Түркіменстанның Валкан аймағы (виалаят) мен Маңғыстау облысы арасында әр салада тығыз қарым-қатынастар орныққан. Ақтау қаласындағы Ш.Есенов атындағы университетте, басқа да жоғары және арнаулы орта оқу орындарында Түркіменстан елінен 200-ден астам жас білім алып, болашақ мамандықтарын меңгерсе, ғылым мен мәдениет, спорт пен туризм салалары бойынша да мемлекеттік деңгейде жасалған мәмілелер аясында атқарылар жұмыстар аз емес. Соның бірі ретінде биыл атап өтілетін түркіменнің Халық ақыны Мақтымқұлының туғанына 290 жыл толуын айтуға болар еді. Осы датаға орайластырылған шаралар шеңберінде ағымдағы жылдың 6-7 сәуір күндеріне белгіленген ғылыми-тәжірибелік конференцияға Қазақстанның атынан Маңғыстау облысының делегациясы қатысады деп күтілуде. Одан соң Қазақ елін Иран мемлекетімен жалғастыратын теміржол желісінің алғашқы кезегінің пайдалануға берілгеніне жыл толуына орай үстіміздегі жылдың мамыр-маусым айларына үлкен шара белгіленген.
Каспий теңізі жағалауын мекендеген бес елдің бірі, тілі, діні жағынан да туыстас Түркіменстан Елшілігінің өкілі Мақсат Довданов бұған дейін Алматы қаласындағы кіші елшілікте қызмет істеп, дипломатиялық қызметте біраз тәжірибе жинақтаған. Сәлемдескен сәтінде облыс әкімін және қабылдауға қатысқандарды санаулы күндерден кейін тойланғалы отырған Наурыз мерекесімен құттықтаған ол қазақ тілінде де еркін сөйлей алатындығын аңғартты. Келешекте қазыналы өлке – Атырау облысымен де ынтымақтастықта болуға мүдделі екендігін білдірді.
Мәртебелі мейманның әңгі-месін мұқият тыңдаған аймақ басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы өз тарапынан ел игілігі жолындағы қандай бастаманы да қолдап, мүмкіндігінше көмек көрсетуге әзір екендігін атап айтты.
Дәулетқали АРУЕВ.
Суретті түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.