ТҰРҒЫНДАР ТІЛЕГІНЕ – СЕРГЕКТІКПЕН
Қабылдауға келген облыстық қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйінің тұрғыны Мәди Омаров қарттар үйінің ауласына спорт ойын алаңы мен киім жуатын бөлме салу жөнінде ұсыныс айтты.
Қазыналы қарттарға қашанда қолдау көрсету керектігін айтқан Н.Ожаев:
— «Нұр Отан» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық!» жобасы аясында бұл жұмыс іске асады. Қаражат көзін қарастырып, нысандарды Қарттар күніне орай сый ретінде ұсынатын боламыз, — деді.
Белинский көшесіндегі ауыз су мәселесін алға тартқан тұрғындар бұл мәселенің шешімін табуын сұрады. «45 жылдан бері осы көшенің байырғы тұрғынымыз. Біраз жылдан бері ауыз судың дұрыс жүрмеуі қиындық тудырып келеді» деген Қарлыға Кемәлиева бастаған көше тұрғындарының мәселесі екі аптаның ішінде шешілетін болды. Н.Ожаев «Атырау Су Арнасы» басшылығына бұл мәселені нақтылап, оны жүзеге асыруда, қажет болса, бірнеше бригаданы жұмысқа жұмылдыруды тапсырды.
Ал, үйі апатты жағдайда тұрған Жұмазия Кереева — ІІ топ мүгедегі. Жағдайы ескеріліп, «пәтер алуға қолдау болса» дейді. Оның бүгінгі кезек саны – 111. Биыл баспана берілмесі анық. Егер қазіргі тұрып жатқан апатты үйін мемлекетке тапсырса, комиссия мүшелерімен баспана беру шарттары мүмкіндігінше тезірек қарастырылатыны айтылды.
Қабылдауға келгендердің басым бөлігі «жер телімін алуға қолдау болса» дейді. Соның бірі Сембай Хисов Огородная көшесі, 5-ші үйдің қасындағы бос жер учаскесін жеке кәсіп ашуға сұрады.
«Бұрын осы жерде аялдама болды. Аялдама жанынан дүкен ашуға тыйым салынған соң жер телімін беру қарастырылмады. Ал, қазір маршрут бағыты өзгерді. Бұл жер бос тұр» деген С.Хисовтың сауалына мәселе нақты анықталған соң жауап берілетіні айтылды.
Сондай-ақ, Атырау қалалық мемлекеттік мұрағат мекемесінің басшысы Жаңылсын Әлпиярова мұрағат ғимараты тарлығы салдарынан мекеме құжаттарды қабылдай алмай отырғанын айтып, жаңа ғимарат салу үшін «жер телімін бөлуге ықпал болса» деген тілегін жеткізді.
— Мемлекеттік мекемеде мұндай мәселе болмауы қажет. Сондықтан, бұған баса мән берген жөн, — деген Н.Ожаев екі апта ішінде Атырау қалалық бөлім басшыларына жер мәселесін шешуге тапсырма берді.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.