Жарнама
ЖаңалықтарМәдениет

Төлеген Айбергеновтың 80 жылдығына орай поэзия кеші өтті (ФОТО)

«Ақжелкен» шығармашылық орталығы «Жерұйық» мәдени бірлестігінің «Елсана» руханият клубында Атырау қалалық №11 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінің ұйымдастыруымен ақын Төлеген Айбергеновтың туғанына 80 жыл толуына орай «О, адамдар, біргемін мен сендермен!» тақырыбында поэзия кеші өтті.

IMG_2995

Қарақалпақстанда туып, Ташкент қаласындағы Низами атындағы университет түлегі атанған ақын жырлары атакүлдікке деген сағынышқа толы.

О, менің мәңгі басар нық тұрағым,

Қалайша махаббатымды ұқтырамын?!

Мен сенің ақ төсіңе шаңқай түсте,

Көлеңкем түспесін деп тік тұрамын,-деген ақын атажұртына мәңгілік махаббатын арнағаны кәміл. Оған оның жырлары айғақ. Бүкіл он сегіз мың ғаламды, адам баласын шын жүрегімен сүйе білген ақын өзінің «О, адамдар» өлеңінде:

Мен сендердің жалғыз тал қауырсының,

Көп тағдырдың көтерген ауыр сынын,-деп толғанады.

IMG_2749

Төлеген — қазақ өлеңіне тың өзгеріс, айрықша жалын ала келген әдебиеттегі құбылыс. Әдеттегі сегіз, он бір буынды қара өлең техникасын өзгертіп, он сегіз буын өлең жазып, тыңнан түрен салды. Мәселен, «Аруана — бауыр дүние» өлеңінде:

Аруана жаудың қолына түссе, ботасын шайнап өлтіріп,

Қаралы мойнын қайтадан артқа бұрмастай халге келтіріп.

Жеріне тартып отырады екен моншақтап жасы боздаумен,

Омырауын шерге толтырып,- деген жолдар жоғарыдағы айтылған ойдың дәлелі бола алары даусыз.

IMG_2774

Құйрықты жұлдыздай жарқ етіп, қазақтың поэзия аспанынан ағып түскен Төлегенді көптеген ақындар жырға қосты, өздеріне ұстаз санады. Солардың бірі де бірегейі — Есенғали Раушанов «Ташкент. Т. Айбергеновті еске алу» өлеңінде:

Әркімдер өз әлінше аулап көрген,

Қара өлең топ киік қой саулап келген.

Немесе бауыры бұлақ бір кез мая,

Ол соның ботасы еді аулақта өрген,- деп жырлайды.

IMG_2871

Поэзия кешіне «Елсана» руханият клубының төрағасы, экономика ғылымдарының докторы Бақтыбек Таубаев, өлке тарихын зерттеуші, жазушы Өтепберген Әлімгереев, Халықаралық қазақ тілі қоғамы Атырау облыстық филиалының төрағасы Әбілхан Сейтімов қатысып, ақын туралы естеліктер айтты.

Ы. Алтынсарин орта мектебі ұстаздары мен оқушылары Төлеген Айбергенов өмірінен сахналық қойылым дайындап, ақын өлеңдерін нақышына келтіріп жатқа оқыды. Шараның көпшілікке берері мол.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button