Сырлы әлемнің саңлақ суреткері
Біз кешегі кеңес заманының тәрбиесін көрген, кеудесі асқақ армандарға толы ұрпақтың өкіліміз ғой. Содан шығар, бала жастан әдебиет пен өнерге іңкәр болдық. Ол өзі өнердің тұнығы лайланбаған, қандай туынды болса да дәстүрлі өнерден тамыр тартқан кезең еді. Қазақ музыка өнері қарыштап тұрды. Сол кезде қазақтың маңдайына біткен біртуар композиторлар мен ақындардың сыршыл туындылары тыңдаған жанның жүрек құлпын ашып, тіл жеткісіз ғажайып сезімдерге, тәтті қиялдарға жетелейтін.
Әрине, біз қазақтың қай композиторын да құрмет тұтып, әндеріне құштар көңілмен ынтыға құлақ түрдік. Солардың ішінде композитор Илья Жақановтың таудың тұма бұлағындай тұп-тұнық, бұлбұл әуезіндей бойды балбыратқан әсем әндері қазақ радиосы мен телевизиясынан үзбей беріліп жататын. Қазіргіше айтқанда сол заманның хитіне айналған «Жайлаукөл кештері», «Еділ мен Жайық», «Балқантаудың баурайында», Шыңғыс Айтматов шығармалары әсерінен туған «Әсел», «Даниярдың әні», «Жәмиланың әні», «Асылым», «Бибіжан» секілді әндер жүректің ең нәзік қылын тауып шертуші еді. Осының бәрі менің жүрегімде таныс та бейтаныс ағаға деген құрмет сезімін оятты. Таныс дейтінім – Илья ағаның мен тыңдаған қай әні болсын, оның өз болмысының айнасы еді. Кез-келген суреткер жазған шығармаларында өз болмысын беретіні дау тудырмаса керек. Туындыларын тыңдай отырып, сен оның кісілік келбетін ашасың. Ал бейтаныс дейтінім – ол кезде мен композиторды әлі жүзбе-жүз көрген жоқ едім. Тіпті көрем деп те ойлаған емеспін. Есімі күллі қазаққа мәшһүр, одан қала берді алыс-жақын шет елдерге де танымал тұлға мен үшін қол жетпес асқар шың секілді еді. Алайда арада көп жылдар өткенде осы бір әзиз жан өзімнің рухани ағама айналарын білмеппін.
Атырау университетінен филология мамандығын алып шыққан соң мен біраз жылымды ұстаздық қызметке арнадым. Одан соң мәдениет саласына ауыстым. Ш.Сариев атындағы облыстық көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейіне алдымен басшының орынбасары, содан соң басшы болып тағайындалдым. Менің осы бір қызметім Илья ағамен етене танысуыма себепші болды. Сонымен қатар қалың қазаққа композитор, өнер зерттеушісі, жазушы ретінде танылған тұлғаның суретші де екендігін білдім. Себебі Ілекеңнің немересі Әйгерім біздің музейдің бейнелеу өнер студиясында суретшілікке оқитын. Оған атақты суретші, әйгілі Суриков академиясының түлегі Қамбарбек Аманов сабақ беретін. Бір жолы Илья аға Әйгерімді сабақтан алып кетуге келеді де, ол қапелімде босай қоймаған соң, қолына қағаз бен қалам алып, сурет салып отырады. Мұны кенеттен Қамбарбек көріп қалып: «сіз сурет салады екенсіз ғой» деп таң-тамаша болады. Осыдан кейін ол Илья ағаның үйінде болып, шеберханасында көптен бері елеусіз тұрған картиналарымен танысады. Содан соң: «Ілаға, сізге кәсіби білім алу керек. Сіз бояуға тіл бітіре аласыз. Бірақ сурет салудың өзіндік теориялық тәсілдері болады. Оқытамыз сізді» дейді. Бұл әңгіменің соңы Ілекеңнің Атырау университетінің көркемсурет және дизайн мамандығының студенті болуымен тынады. Ол 78 жасында осы киелі білім ордасынан суретші мамандығын алып шықты.
Міне, осыдан кейін Илья Жақанов кәсіби суретші ретінде көрмелерге картиналарын ұсына бастады. Біздің музейіміз Жақановтың жарқын бояулары тілінде сөйлеген жауһар туындыларымен толықты. Сонымен қатар оның пейзаждық картиналары Алматы, Нұрсұлтан, Орал, Атырау қалаларында өткен көрмелерде көрсетілді. Ал 2017 жылы Ш.Сариев атындағы өнер музейінің ұйымдастыруымен И.Жақановтың «Сұлулықты жырлаған суретші» атты жеке көрмесі өтті. Осы аталған көрмелердің бәрінде зерделі көрерменнің тамсанысын тудырған «Қарашаның желі», «Қаратау қойнауы», «Жайықтың аралы», «Ақ Жайық», «Сұрқасқа», «Бүгіл өзені», «Жайық күзі», «Нарынға күз келді», «Қызылкүйік обасы», «Жоғарғы Талдыбұлақ», «Сарыарқа», «Балқаш кеші» секілді картиналары кейін көп ұзамай, яғни 2019 жылдың күзінде Атырау облысының жеті ауданында түгел өткен И.Жақановтың «Бұл менің ұлы мекенім» атты көшпелі көрмесіне қойылып, осы бір ғажап туындыларымен ауыл жұртының да танысуына мүмкіндік туып еді. Ауылдағы ағайынның көрмелерден алған әсері шексіз болғанын көзбен көрген біз сол жолы ерекше қуанышты сезімге бөлендік.
Осы жайттардың бәрі Илья аға екеуміздің етене араласуымызға, тіпті туған ағалы-інілідей болып кетуімізге дәнекер болды. Әрине бұған Илья ағамыздың осынша атағына қарамастан өте қарапайымдылығы, жан баласын жатырқамайтыны, бекзат болмысы үлкен әсер етті. Ілекең елдің алақанында екенмін деп ешқашан асып-тасыған емес. Сөз жоқ, азаматтың мұндай абырой биігіне көтерілуінде отбасынан алар жылудың жөні бөлек. Ілекең бұл жағынан да бағы жанған адам. Үйге үлкен келсе де, кіші келсе де дереу қара қазанын көтеруге жүгіретін Тиыш апай осы әрекеті арқылы отағасының ел алдындағы мерейін өсіріп отыр. Апамыздың әркез ашық қабағы, дәмді тамағы мен бал татыған қызыл күрең шайы қашан да біздің ризашылығымызды тудырып, жүрегімізге шынайы қазақы пейілдің жылуын беріп тұрады. Бұл қасиетті қара шаңырақта ағамыздың жұмыс жасауына бар жағдай жасалған.
Ендеше, биыл сексен бестің сеңгіріне қол артқалы отырған ағама осы бір мерейлі сәтіңіз баянды болсын, сәулелі, шабытты күндеріңіз көп болсын деймін. Суреткер әлемі сыршыл әлем ғой. Сырлы да сұлу әлемнің саңлақ суреткері болып аман жүріңіз, аға.
Төлеген ОРЫНБАСАРҰЛЫ,
Ш.Сариев атындағы облыстық көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің басшысы