1408104610 3

СЫҒЫМДАЛҒАН ГАЗ: Тапшылық неден туындады?

Жаңалықтар СарапTime Экономика

Atr.kz/23 шілде, 2019 жыл. Атырауда бірнеше күн бойы сығымдалған газға қатысты проблема туындады. Жанармай үнемдеу мақсатында көліктерін отынның осы түріне ауыстырғандар сан соғып, сергелдеңге түсті.

ШЫНЫМЕН ЖЕТПЕЙ МЕ?

Қалыптасқан жағдайды бәзбіреулер аймақта Атырау мұнай өңдеу зауытынан өзге өнімнің осы түрін өндіретін кәсіпорын жоқтығымен, соның салдарынан тапшылық табалдырықтан аттағанымен түсіндіреді. Ол рас, бізде бұл салада жалғыз ғана өндіріс ошағы бар. Міне, сондағы бір буын аяқ астынан жөндеуге тоқтап еді, қалыпты тірлік бұзылды. Енді ай соңына дейін қажет тауарды Ақтөбеден тасуға тура келеді.

Ал, тамыздың басында өз зауытымыз өнім бермек. Әйтсе де, кәсіпорын басшылығы жоспарлы жөндеу жөнінде неге ескертпеген? Мұндайда тұтынушыға ұсынылар тауардың жеткілікті қоры жасақталмаушы ма еді? Әлде тосын жай орын алды ма?

Ал, енді жетіспестік жөнінде. Оған күмәніміз бар. Қайта жарақтандырудан кейін кәсіпорынның қуаты бұрынғыдан да артпаса, кеміген жоқ. Кейбір рекордты көрсеткіштерге қол жеткізілді. Энергетика министрлігі республикада бензин артылып қалғанын хабарласа, осындай зауыттардың өндірістік мүмкіндігінің өскенін алға тартады. Басқа тауарлар шығаруда да ілгерілеушілік байқалады. Ендеше, сығымдалған газ шығаратын тағы бір, тіпті екіүш компанияның нарыққа қосылуы өзін ақтамайды.

Рас, бәсекелестік болуы ықтимал еді. Оның үстіне, сығымдалған газды тұрмыста тұтынатындар саны азайып келеді. Бұрын шаһардың кей жерінде осындай өнім толтырылған қазандықтар болатын, олардың көзі жойылғанына да көп уақыт өтті. Қалалықтар құбырмен келетін газға қол жеткізді. Бұдан біраз жыл бұрын қиырдағы Қызылқоға «көгілдір отынмен» қамтылды.

Жақында алыстағы Азғыр аймағы да газдандырылды. Рас, аз ғана тұрғынымен шағын мекендер қалып отыр.

Соларға сығымдалған газ керек десек, зауыт өнімі бұларға толық жетеді. Әлде автокөліктер көп қолдана ма? Жыл санап газбен жүретін олардың саны артып келе жатқаны да шындық. Мәселен, кейбір деректерге қарағанда, биылғы өткен мерзімде ғана отынның осы түріне ауысуға 1070 жүргізушіге рұқсат беріліпті. Сонда қазір темір тұлпарына «көгілдір отын» пайдаланатын тұрғындар қатары бес мың шамасына жеткелі тұр.

«Адай Автогаз А» компаниясы көліктің түріне қарай газ жабдығының әрқайсысын 100 мың теңгеден жоғары бағаға орнатып береді. Аса қымбат та емес. Есесіне жұрт арзан тауар тұтынады.

Баға демекші, Атырауда аз ғана уақыт тапшылық орнағанда сығымдалған газ бағасы әр литрге бұрынғы 55 теңгеден 90-ға бір-ақ секіріпті.

Атқарушы билік өкілдерінің түсіндіруінше, газ – әлеуметтік тауар емес. Ендеше, оның бағасын реттеуге араласа алмайды. Кәсіп иелері өзара саудаласады. Сондықтан, газ стансаларының басшылары оны өзгелерден сатып алмақ.

Ал, соңғылары жеке нысан иелері болғандықтан, өнім құнын да өздері белгілейді. Бұған, әрине, тұтынушыға ұ с ы н у ш ы л а р а з – к е м үстемесін қосады. Міне, бірі екіншісін сүйрейтін қазіргі нарықтың көрінісі осындай. Оны бүгінгіше бағалап, нарық заңына сәйкестендіреміз.

309cR21BD7actlwSM9lTPFahksVRS8gt5CVNGOdz

Рас, газ әлеуметтік тауар болмай-ақ қойсын. Бірақ, оның бағасы күнделікті тіршілікке әсер етеді емес пе? Сығымдалған газбен жүретін көліктердің ішінде сауда орындарына тағам тасымалдайтындары да бар ғой. Олар шығынын қалай өтемек? «Таз ашуын тырнадан алады» дегендей, енді дастархандағы азықтүліктің бағасы өсе ме? Немесе аудандарға заңды-заңсыз адам апарып жүргендердің бәрі дерлік көліктерін газға ауыстырып алған. Солар жолақысын көтере ме?

Онсыз да себептен салдар іздейтіндердің солай істері күмәнсіз. Міне, бұл әлеуметтік мәселе емес пе? Тырманың басын бассаң, сабы маңдайға тиетіні тәрізді осы тіркестің түйіні қалай тарқатылмақ? Қайткенде де, қарапайым халыққа түсер қиындықты жеңілдетер жай бар ма?

КӨРШІНІҢ ХАЛІ ҚАЛАЙ?

Іргелес Маңғыстау облысының жүргізушілері көліктеріне әлдеқашан «көгілдір отын» қолданады. Соған сәйкес мұнда жолаушы тасымалының құны да арзан. Аз ғана теңге төлеп, таксимен Ақтаудың барлық көшесін шарлап шығуға болады. Әйтсе де, енді «қазыналы жарты аралда» да ахуал асқынғалы тұр.

Айтпақшы, мұнда да жүргізушілер жергілікті газды пайдаланады. Жаңаөзен қаласындағы «Қазақ газ өңдеу зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «көгілдір отынды» өзі өндіреді және даяр тауарға айналдырады. Яғни, шикізатты жетіқат жер асынан жоғары шығарушы да, қолданысқа жарамды етіп өңдеуші де бір кәсіпорын. Әйтсе де, соңғы жылдары бұл мәселе күн тәртібіне жиі шығып жүр.

Анау жылы сығымдалған газды көрші елге заңсыз сатуға апара жатқан бірнеше көлік қолға түсті. Солардың дені айыппұлмен ғана құтылған тәрізді. Бірақ, бұдан көлеңкелі бизнесті серік еткендер айылын жияр ма?

Жалпы, маңғыстаулықтардың пікірінше, республика бойынша ең арзан газ осында. Әр литрі 55 теңгеге тұрақтаған.

Алайда, соңғы уақытта газ құю стансалары арасында жең ұшынан жалғасу фактілері байқалады. Яғни, қорда өнім болғанымен, осындай нысандардың негізсіз жабық тұратыны кездеседі. Қолдан жасалған қиындық нені көздейді? Тапшылық тудыру арқылы кейбір кәсіпкерлер өнім бағасын көтеруге ұмтылады. Ал, оған қандай тосқауыл қоюға болады? Тиімді тетік бар ма?

Әкімдік өз деңгейінде ғана әсер ете алады. Яғни, аймаққа бөлінген сығымдалған газды барлық нүктеге қажетінше таратуға тырысады. Рас, қолданыстағы заңдылықтарда газ стансасы басшыларының «көгілдір отынмен» жабдықтаушы компаниялармен тікелей байланыс орнатуы қаралған. Демек, қос кәсіпкер өзара келісіп, екіжаққа тиімді баға белгілеуі ықтимал.

1408104610 3 1

Бұл ретте атқарушы биліктің бизнестің ішкі ісіне араласуына құқы жоқ. Тауар құны да сұранысқа қарай қалыптасады. Тек нарықтағы ойынның адал болғаны жөн. Жалған жасалған жетіспестік жетегінде тер төкпейтін табыскер тентектерді тезге түсіретін тетік те табылады. Табиғи монополияларды реттейтін, салық саласындағы, алыпсатарлыққа қарсы, жең ұшынан жалғасушылықтың жолын кесетін қолданыстағы заңдылықтармен белгіленген тыйымдар мен шектеулер кез келген кәсіпкердің аптығын басады.

Әйтсе де, «көгілдір отынды» өзі өндіріп әрі даяр та-уар ретінде шығарып отырған «Қазақ газ өңдеу зауыты» мекемесі өнімін қымбатқа сатуға мүдделі. Сауда электронды әдіспен жүргізіледі. Яғни, оған қатысушы әр үміткер жеңіске жетуі үшін өз тарапынан белгіленгеннен жоғары баға ұсынуға ұмтылады.

Мәселен, қазір кәсіпорында сығымдалған газдың әр тоннасы 45000 теңге десек, сатып алушылар арасында 60 және 70, тіпті 80 мың теңге беруге дайын тұрғандар бар екен.

Зауыт, әрине, қалтасы қалың кәсіпкерді қалайды. Ал, соңғысы өз кезегінде тағы үстемесін қосады.

Сөйтіп, сайып келгенде, түптіңтүбінде тұтынушының қалтасына салмақ түседі. Бұл – сығымдалған газбен жұмыс жасау жүйесі әбден дерлік қалыптасқан, аталмыш салада бірнеше стансасы бар, көліктерінің 80 пайыздан астамы отынның осындай түрін тұтынатын Маңғыстау облысында қалыптасқан жағдай. Әрі өнімнің іргеден ғана өндіріліп те, өңделіп те жатқанын айттық.

Атыраудың да «көгілдір отыны» қашық емес. Оны осында тауарлық деңгейге жеткізуге мүмкіндік бар. Бірақ, бізде бензин де жеткілікті. Жүргізушілердің дені демесек те, біразы соны қолайлы көреді.

P.S.

Cонымен, сығымдалған газ бағасына тоқтам бар ма? Оны ешкім кесіп айта алмай отыр. Энергетика министрлігі жыл соңына дейін барлық өндірілген «көгілдір отынның» 40-50 пайызын сатуға шығаруды жоспарлады. Демек, таяудағы бірер айда оның электрондық саудадағы құны да көтерілмек. Ал, тұтынушыға қандай бағамен ұсынылатынын уақыт көрсетеді. Арзандауы күтілмес. Егер бензинмен бірдей болып жатса, онда оған да таң қалмаңыз.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған