
«Sweet Book» – заманауи кафе-кітапхана
Atr.kz/18 наурыз, 2019 жыл. Атырау қаласында әлеуметтік кәсіпкерлік бағытында хакатон (ағылшынның «hack» – «бұзу» және marathon – марафон сөздерінен құралған) жарысы өтті.
Оны «British Сouncil» ұйымы «I-SEED» жобасы аясында ұйымдастырып отыр. Байқауға қатысушылар макулатура өнімдерін жинау мен қайта өңдеу, мектептердің айналасын көгалдандыру және мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтуды көздейтін тігін шеберханасы жобаларын ұсынды.


Нәтижесінде, «Sweet Book» жобасымен Кіші өнер академиясының атынан құрылған топ жеңімпаз деп танылды. Бұл кітап оқуға, сатып алуға және алмастыруға мүмкіндік беретін ерекше дәмхана-кітапхана. Сондай-ақ, мұнда аудио-кітап оқуға да болады. Сол сияқты, еріктілермен бірге көзі нашар көретін балаларға арналған арнайы кітаптар жасап шығаруға болады. Шара мақсаты да – сондай балалардың еш қиындықсыз кітап оқуына жағдай жасау.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

