ҚҰЖАТТАРДЫҢ БӘРІ ДЕ – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ

Әр халықтың басты байлығы, баға жетпес қазынасы – ана тілі. Мемлекеттік тілге салғырт қарау – өз халқыңның өткеніне, бүгініне, болашағына немқұрайлы қарау деген сөз. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын барған сайын кеңейтіп, оны шын мәнінде қоғамдық қарым-қатынас тілі ету бүгінгі күннің талабы екендігі бәрімізге белгілі.

Елбасымыз атап айтқандай, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы екендігін есте сақтауымыз керек. Елбасымыздың «Қазақ тілінің мемлекеттік қызметте де, өндірісте де, ғылымда да, білім беруде де дәл орыс тілінше қолданылуы үшін бәрін істеу қажет» деп қадап айтқан пікірі баршамыздың ұстанатын берік қағидамыз болуы қажет. Сонымен бірге, тілімізді құқықтық тұрғыдан бекіткен «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заң және «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2013 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бар. Осы заң актілері әрбір Қазақстан үшін бұлжытпай орындалуға тиісті құжат болып табылады.
Тіл тағдыры – біздің де тағдырымыз. Сол себепті, біз еңбек ететін Атырау облысы бойынша Қазынашылық департаментінде де мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, оның мәртебесі мен маңызын арттыруға үнемі көңіл бөлінеді. Мекемеде еңбек ететін мемлекеттік қызметшілердің 99 пайызы – қазақ.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2011-2013 жылдарға арналған жоспарына сәйкес, департаментте тілдерді дамыту мен қолдану бойынша комиссия құрылған, тілдерді дамыту мен қолдану туралы іс-шаралар жоспары бекітілген. Шығыс құжаттары мемлекеттік тілде дайындалады. Ішкі құжаттарымыз: бұйрықтар, ережелер, лауазымдық нұсқаулықтар, анықтамалар, т.б. мемлекеттік тілде дайындалады.
Елбасымыз «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды, үш тілдің біріншісі, бастысы, маңыздысы бола береді» деп нық сендірді. Ендеше, Президентіміздің салиқалы саясатымен еліміздің болашағы да, тіліміздің болашағы да өркендей береді деп сенеміз.

Салтанат КАМАШЕВА,
Атырау облысы бойынша Қазынашылық
департаментінің персоналмен жұмыс істеу
бөлімінің басшысы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз