Жарнама
Жаңалықтар

СУДЫҢ ДЕҢГЕЙІНДЕ ӨЗГЕРІС БОЛА МА?

Жыл сайын көктем келісімімен өзен арналары сумен толыға ма, былтырғыға қарағанда биыл жағдай қалай болар ма екен, деген сан сауалдың көкейге ұялап, алаңдатып, толғантатыны шындық. Бұл сұраққа жауап іздемес бұрын осы мәселе төңірегіндегі ресми деректерге назар аударғанды жөн санады.

Жайық-Каспий гидрографикалық бассейні Қазақстанның батыс бөлігінде орналасқан. Ол еліміздің төрт бірдей облысының аумағын қамтиды. Бұл бассейннің жалпы ауданы 640,8 мың шаршы метрді (оның ішінде Атырау облысы 118,6 м.ш/м) құрайды. Нақтылай кетсек, Жайық-Каспий бассейнінің біздің облыстың аумағына тиесілі су қоры 16,64 текше/шақырымды құрайды екен. Осыдан Жайық өзеніндегі үлесі – 9,46, Еділде – 6,7, Ойылда – 0,13, Сағызда – 0,02 және Жемде – 0,33 текше/шақырымға тең.

            Осындай ресми ақпараттарды ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі су ресурстары комитеті «Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы» республикалық мемлекеттік мекемесінің басшысы Ғалидолла Азидуллин алға тартты. Сонымен қатар ол биылғы көктемде өзен суларының деңгейінде қаншалықты өзгеріс болуы мүмкіндігі туралы болжамды мәліметтерімен де бөлісті. Инспекция басшысының айтуынша, жоғарыда келтіріліп кеткендей, Атырау облысына жоғары жақтан келуі ықтимал су көздерінің қатарына Каспий теңізінің Солтүстік-шығыс жағалауы, Жайық, Ойыл, Жем, Сағыз, Еділ-Қиғаш өзендерінің бөлініп қалған қолтығы, Шора мен басқа да шағын өзендер кіреді. Көп жылдар бойғы тәжірибе көрсетіп келе жатқанындай, осы өзен арналарына судың келуі немесе толуы негізінен табиғи факторларға (еріген қысқы қар суы, сеңнің қозғалуы, т.с.с) байланысты болып келеді.

            –Бұл тұста айрықшалап айта кетер жайт, Атырау облысы өңірімен ағатын өзендердің барлығы түгел дерлік транзиттік ағысқа ие болып келеді. Олар бастауын Ресей Федерациясы мен көршілес Ақтөбе облысынан алады.Ал Жайық өзенінің транзиттік ағымы Каспий теңізіне келіп құлайды. Ал Жем, Ойыл, Сағыз өзендерінің арнасы жылдан-жылға тартылуы себепті сор мен құмға барып жоғалады. Егер «Қазгидромет» ауа райын болжау орталығының мәліметтеріне сүйенсек, тек өткен 2021 жылдың өзінде осы аталған Жем, Ойыл, Сағыз өзендері бассейніндегі ылғалдылық қорының көлемі орташа тәуліктік деңгейден 13-тен 34 пайызға дейін төмендеген. Алдын ала жасақталған гидрологиялық болжамға сәйкес, 2022 жылға күтіліп отырған су ағынының көлемі Жем өзенінде – 48-72 млн.текше/метр (норма бойынша 325 млн.текше/метр болуы керек), Ойылда – 32-48 млн.текше/метр (норма 127 млн.текше/метр), ал Сағызға қатысты мұндай мәлімет шығарылмаған, — дейді инспекция басшысы.

            Осы орайда, «Росгидромет» компаниясынан алынған статистикалық деректерге зер салып көрсек, Жайық өзенінің Ресей аумағындағы топырақ қабатының күзгі ылғалдану мөлшері 2021 жылы нормадан 34-68 пайызға төмен, ал қардың құрамындағы ылғалдың қоры 6-41 пайызға жоғары болған. Соның ішінде, Ириклин су қоймасына келетін судың көлемі де нормадағыдан (1,2 млрд.текше/метр) айтарлықтай кеміген.

            Енді биылғы жылға жасалған болжамға сүйенсек, Батыс Қазақстан облысындағы «Жайық-Көшім» гидробекетінде судың көлемі 2,3-3,3 млрд.текше/метрге дейін көтеріледі  деп күтілуде. 2021 жылы бұл көрсеткіш бұдан айтарлықтай төмен болып, 2,16 млрд.текше/метрге тұрақтаған. Сол сияқты, «Жайық-Атырау» гидробекетінде судың көтерілу нормасы 455 сантиметр шамасынла болады деп болжамдалса, нақтысы 320-380 сантиметр аралығында болады, деген есеп бар.

            Осы келтірілген деректерден кезекті көктемде өзен суының деңгейінде қандай, қаншалықты өзгеріс болатындығын аңғару қиын емес.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button