«Қобыз үні» атты ІІІ аймақтық қобызшылар сайысы өтті

ФОТО ҚОБЫЗ Жаңалықтар

Нұрғиса Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясында ҚР Білім беру ісінің үздігі, Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері, аталған шығармашылық мектепте қобыз сыныбының негізін қалаушы Сұлухан Қожантаеваның 75 жасқа толуына орай «Қобыз үні» атты ІІІ аймақтық қобызшылар сайысы өтті.

ФОТО - ҚОБЫЗ

Байқауға Атырау, БҚО, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары бойынша барлығы 57 оқушы қатысты. Сайыстың қорытындысымен бас жүлде Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының оқушысы, кіші топ шәкірті Шәкира Сабырхановаға бұйырды. Жеңімпазға Сұлухан апайдың ұрпақтары – ҚР Білім беру саласының құрметті қызметкері Ерболат Әнесұлы мен ҚР мәдениет қайраткері Талғат Әнесұлы синтезатор табыстады.

Ал, бірінші орынды қобыз-прима аспабы бойынша Орал қаласы, Құрманғазы атындағы музыка колледжінің оқушысы Аружан Утеғалиева және Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы Атырау музыка колледжінің оқушысы Нұрайсұлу Талғатова жеңіп алды. Бас қобыздан Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы Атырау музыка колледжінің оқушысы Қолғанат Бақсиық та бірінші орынға ие болды.

Жоғары топ үміткері, Ақтөбе облысы, Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледждің оқушысы Аружан Арықбаева да жүлделі орынды қанжығаға байлады. Сондай-ақ, орта топта дәріс алушы, Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының оқушысы Ділназ Бақтыгереева, Батыс Қазақстан облысы, №3 балалар музыка мектебінің оқушысы Дина Жасталапова, Атырау қаласы, Құрманғазы атындағы балалар музыка мектебінің оқушысы Тілекші Орынбасарова, кіші топтан Атырау қаласы, Құрманғазы атындағы балалар музыка мектебінің оқушысы Айымгүл Дүйсешова және Арайлым Тамбай, Батыс Қазақстан облысы, №3 балалар музыка мектебінің оқушысы Ділбара Орынғали бірінші орынға лайық деп танылды.

Сонымен қатар, байқау кезінде Қазақ ұлттық өнер университетінің «Қобыз және орыс халық аспаптар» кафедрасының аға оқытушысы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Кенжегүл Әбіласымқызы шеберлік сағатын өткізіп, барлық қатысушылар арнайы сертификатқа ие болды.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Фото baq.kz сайтынан алынған

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз