Судағы қауіпсіздік қатаң бақылауға алынуда
Судағы қауіпсіздікті бақылауға алған құтқарушылармен бірге Атырау қаласындағы құтқару стансасының тұсынан қозғалған «TREX» катерімен жағалауды барлауға біз де шыққанбыз. Катер жүргізушісі – бас құтқарушы Ринат Айбеков осы салада 18 жылдан аса еңбек етеді екен. «Қауіпсіздік ережелерін елемеу, жабдықталмаған жерлерде шомылу және балаларды назардан тыс қалдыру қайғылы жағдайға жеткізуі мүмкін» дейді құтқарушы.
Міне, Жайықтың бойымен Тұрғындар қалашығын бетке алып жүзіп келеміз. Өзен суының өте лай, лас екені әрі ағыстың қатты екендігі байқалады. Жағалауда бірен-саран қармақ ұстаған балықшылардан басқа шомылып жүрген ешкім жоқ. ТЖД қызметкерлері мұндай «тыныштықты» ауа райының салқындығымен байланыстырды.
– Облыста соңғы үш жылда 43 адамның, оның ішінде 15 баланың ажалы судан болды. Әрине, каникул кезі болғандықтан балалар күнге қыздырынып, суға түсіп, салқындағысы келеді. Күн сайын рейд кезінде өзен жағасында жүретін бала-шаға көп. Өзіңізге белгілі, биыл өзен-көлдерге мол су келді. Соған байланысты жайылмаға су көп шығып, тұрғындарға үлкен қауіп тудырып тұр. Себебі, судың түбінде шұңқырлар, ағаштың бұтақтары, өткір заттар мен тұрмыстық қоқыстар бар. Одан қалса, ағыспен келетін малдың өлекселері де судың сапасын қауіпті етеді. Су айдындары әлі тұнған жоқ. Су лайланып тұр. Мұндай жағдайлар шомылғысы келген адамға өте қауіпті екенін ескертеміз. Шомылу маусымының кейінге шегерілуіне де осы себеп болды, — деді азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы.
Оның айтуынша, шомылу маусымына рұқсат беру үшін су айдындарының акваториясы зерттеліп, түбі тазартылуы қажет. Атырау облысы аумағындағы су айдындарына үнемі мониторинг жүргізіліп келеді. Оның барысында өзендерде қауіпті 70 учаске анықталып, бұл учаскелерде шомылуға тыйым салынған. Осындай жерлерге 238 тыйым салу белгісі мен 9 ақпараттық стенд орнатылыпты. Сонымен қатар балаларын қараусыз қалдырған 3 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА