«Бүгін кәсіп ашып, ертең бай бола алмайсың»

«Бүгін кәсіп ашып ертең бай бола алмайсың» 1 Жаңалықтар

Жуырда «Өнерпаз» тұрмыстық үйі» акционерлік қоғамының бас директоры, Атырау облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағының төрайымы, облыстық мәслихат депутаты Әлия Бекқожиевамен кездесіп, кәсіпкерлік, оны бастау жолдары және қоғамды алаңдатып отырған масылдық, енжарлық тақырыптары аясында әңгіме өрбіттік.

%d0%b1%d2%af%d0%b3%d1%96%d0%bd-%d0%ba%d3%99%d1%81%d1%96%d0%bf-%d0%b0%d1%88%d1%8b%d0%bf-%d0%b5%d1%80%d1%82%d0%b5%d2%a3-%d0%b1%d0%b0%d0%b9-%d0%b1%d0%be%d0%bb%d0%b0-%d0%b0%d0%bb%d0%bc%d0%b0%d0%b9

 

Сүйікті іспен айналысу да бір бақыт

Әлия Байжанқызы, адал еңбектің арқасында бүгінгідей жетістікке жетіп отырсыз. Еңбек адамға бақыт алып келеді дегенге қалай қарайсыз?

– Егер адам өзіне ұнайтын кәсібін тапса, сол арқылы ырыс-несібесін арттырса, бұдан артық байлықтың, одан асқан бақыттың қажеті де болмай қалады. Ал, кейбір адам өзіне ұнамайтын жұмыс істеп жүреді. Ақшаны көп таба ма, аз таба ма, әңгіме онда емес. Мәселе – сол адамның істеп жүрген жұмысының көңіліне ұнамауында. «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» демекші, өзінің сүйікті кәсібімен шұғылданбаған адам кез келген сәтте теріс жолға бет бұрып кетуі әбден мүмкін.

– Бүгінде «Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» жүруді құп көретіндер көбейді. Бірде сіздің қабылдауыңызда болған тұрғын анасының мерейтойын өткізуге көмек сұраған екен. Осы жағдайды қалай қабылдадыңыз?

–  Кестеге сай, әр ай сайын «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалдарында депутаттардың қабылдауына көп адам келеді. Әркімнің өзінің әртүрлі себеп-уәжі, өтініші бар. Қал-қадіріміз жеткенше көмектесіп, қолұшын беруге тырысамыз. Оның бәрі түсінікті. Бірде қабылдауыма әйел адам келді, анасының 90 жылдығын жасауға көмек сұрады. Таңғалдым. Соны байқаса керек, маған қатты сөздер айта бастады. «Жасамасаң, жасамаймын деп айт. Қызы ретінде құрмет көрсетейін деп едім», дейді. Сонда таңның атысы, күннің батысы жүріп маңдай термен тапқан қаражатыма біреуге той жасап беруім керек пе? Ота жасатуға, емделуге мүмкіндігі болмай жатса немесе тағдырдың тәлкегімен жетім қалған балаларға ғана қолдан келгенді аямаймын. Ал, қиын заманда  ақылының  осыған ғана  жеткеніне қатты ренжідім.

%d0%b1%d2%af%d0%b3%d1%96%d0%bd-%d0%ba%d3%99%d1%81%d1%96%d0%bf-%d0%b0%d1%88%d1%8b%d0%bf-%d0%b5%d1%80%d1%82%d0%b5%d2%a3-%d0%b1%d0%b0%d0%b9-%d0%b1%d0%be%d0%bb%d0%b0-%d0%b0%d0%bb%d0%bc%d0%b0%d0%b9

Баласының орнына анасы жүреді

– Сізді не алаңдатады?

– Ең бір көңілге өкініш ұялататыны, кейбір аналардың 24-25 жастағы ұлына жұмыс сұрап келетіні. Тепсе темір үзетін жігіттердің үйде жатып алып анасын, әйелін жұмсайтыны не сұмдық? Намыс қайда? «Қарға баласын аппағым, кірпі жұмсағым» дейді ғой. Көп ана «Менің баламның дипломы бар, еш жерге жұмысқа қабылдамайды. Үкімет жұмыс тауып беруге шарасыз. Кредит алып оқыттым» деп жатады. Неге ол бала өз білімімен оқуға түспейді? Әлі келмей ме, білімі мен білігі жететін колледжге құжаттарын тапсырып, ақысыз бөлімде оқысын. Бізде «Ананың баласы институтта оқып жатыр. Менің баламның одан қай жері кем?» деген  түсінік бар. Баласының мүмкіндігі басқаның қабілетінен төмен шығар… Оны ешкім мойындағысы келмейді.

Шауып барып жоғары оқу орнына түсіреді, шет елдерде мақтан үшін оқытады да, сұраныс жоқ мамандықты алып беретіндер де бар. Қазір заңгер, экономистер көп. Сол толып жүрген қаржыгердің ішінен білікті бухгалтер таба алмайсың. Бұрын сыныпта 30 бала оқыса, оның бесеуінің институтқа түсетінін, 10-ының техникумға баратынын, ал, қалған 15-інің оқымайтынын білетінбіз. Ер балалар әскерге аттанады, қыздар жағы дүкенде немесе шаштараз болып жұмыс жасайды. Осы жерде тағы бір мәселені көтерейін, жастардың көбі қазір шаштараз, аспазшы, тігінші мамандықтарын менсінбейді. Ал, нағыз пайданың көзі сонда. Бір адамның шашын әрлегені үшін кем дегенде 1500 теңге алады («Өнерпаз» тұрмыстық үйінде бұл қызмет түрі арзан). Басқа жерлерге барса, кейбір кісіден 4000-5000 теңге алады. Ал, оған күніне қаншама адам шашын қидырады, боятады. Білікті, өзінің жеке тұтынушылары бар шаш әрлеуші айына 300-500 мың теңге табады. Мен сізге шаштараз цехы бар адам ретінде айтып отырмын. Міне, есептей беріңіз… Атырау облысында «жұмыс жоқ» деген өтірік сөз. Екі қолға бір жұмыс қайдан  да табылады.

Біз қашан да ананы құрметтеген халықпыз. Қабылдауда көп балалы әйелдер де болады. Жағдайының төмендігін айтып, көмек сұрап жатады. Ал, отағасы дәлізде сәбиін жұбатып, жұбайын күтіп отырады. Сол балалардың әкесі неге отбасын асырамайды? Балаларын бірінен кейін бірін дүниеге әкелгенде ата-анасы «Қалай асыраймын?», «Қалай жеткіземін?» деп ойланбай ма? Дені сау ұрпақ әкеліп, оны қажетті жағдайда тәрбиелеп, өсіріп-бағу үшін алдын ала жоспарлау қажет емес пе?

Өз басым көп балалы отбасынан шықтым. Ата-анадан ерте жетім қалдық. Менің әкеме де, маған да ешкім үй берген жоқ. Бүгінгі күніме ақ адал еңбегіммен жеттім.  Бізде енжарлық бар. «Үкімет береді» деп отыра береді.  Қабылдауға келіп жұмыс сұрағандарға тоқымашылықты ұсынамын. Еңбекақысы 40 000 теңге. Келіспейді. Вахталық жұмыс сұрайды. Жаңа ғана жоғары оқу орнын бітірген балаларын «вахтамен жұмысқа жіберем» дейді, оны бірден инженер етіп алмайды. Неге отандық мекемелерде қызмет етпеске?! Сонда біздің адамдар бір мамандықты игергеннен гөрі  шетелдік компанияға барып еден жуғанды артығырақ көреді.

 

Масылдықпен 

күресе  береміз

– Қоғамның масылдық психологиядан, әлеуметтік инфантилизм секілді дерттен әлі күнге дейін арыла алмай келе жатқандығының себебі неде?

– Қазір мектеп, балабақшаға әр баланы бір-бір көлікпен алып келеді. Олар –бір үйдің серкесі, еркесі.

Менің айтпағым, масылдық көктен түскен нәрсе емес. Ол адам баласының бойында жүре пайда болатын жағымсыз қасиет. Сондықтан, масылдықпен күрес өмір бойы жалғасады. Адам өз бойындағы жалқаулықты қалай жеңуге тырысса, масылдықты да солай жеңуге тырысуы керек. Бұл орайда ғалымдардың ойы «бәрі де адамның өзіне байланысты» дегенге саяды. Өмірде өз жолын дұрыс таңдап, сүйікті кәсібін таба білген адам ғана бұл қылығынан арылады.

– Бұрын, кеңес уақыты кезінде бос жүрген адамдарға шара қолданатын болған екен…

– Кеңес кезінде ондай заңдардың болғаны рас. Ол кезде де жұмыс істегісі келмейтін адамдар болды ғой. Үкімет бәрін жаппай еңбекке тартуға күш салды. Мәселен, әскерден келген адамның екі-ақ ай демалуға қақысы болды. Одан кейін жұмысқа шықпаса, жауапқа тартылатын. Қазіргі азаматтар жұмыспен қамту орталығы ұсынған қызметке бармайды. Аталған мекеме арқылы менің қарауыма келіп, еңбек еткендер болды. Көпшілігі жұмыс істегісі келмейді. Дені сау, қол-аяғы балғадай адамдар әлеуметтік жәрдемақыға қарап  күн көргенді хош көреді. Немесе «менің балам жұмыссыз» деп соқталдай жігітті ертіп алып ата-аналары жүреді.  Бойында қаны, намысы бар қазақ деген ұлттың ұлына бұл ұят қылық.

Біз «маман» деген сөзді ұмыттық. Қазір менің тігін цехымда еңбек ететін қыз-келіншектердің орта жасы 55-56-да, бір-екі жылдан кейін зейнетке шығады. Олардың орнына ісмер табу қиын. Жастар мұндай жұмысқа келмейді, бәрі миллиондап ақша тапқысы келеді. Мүмкін, заман сондай табыс табуға мәжбүрлейтін болар, десек те ол қаражатты армандап бос жүргеннен гөрі, бар жұмысты жасаған да дұрыс емес пе?!

– Сіздің ойыңызша, масылдықтан құтылудың жолдары бар ма?

– Әрине, бұл үшін ең алдымен санаға әсер ету керек. Жақындарына, ағайындарына, қоғамға, үкіметке масыл болып жүрген адамдардың көзқарасын өзгертуіміз қажет. Барлығы да адамның өзіне байланысты екенін, қаласа жақсы еңбек істей алатынын, ізденсе, әйтеуір, өз күнін өзі көріп кете алатынын ұғындыру керек. Бұл жұмыс бұқаралық сипат алуы керек деп есептеймін.

Адамды қиындық шыңдайды

– Еңбектен бақытын тапқан адамның бірісіз, бүгінгідей жетістікке жету жолында қандай қиындықтардан өттіңіз?

– Мен еңбек жолымды ерте бастадым, 25 жасымда аға инженер атанып, 26 жасымда  кәсіпорынның тізгінін қолға алдым. Жас болғандықтан, басшылық қызметке қорықпай келдім. 90-шы жылдары елде тоқырау болып, кәсіпорындар жабылған кезең еді. Бұл жағдай мен басшылық ететін «Рембыттехникаға» да әсер етпей қоймады. Сол бір қиын-қыстау заманда қолда бар заттарымызды ұн, қантқа айырбастап, базарға апарып сатып, қызметкерлердің еңбекақысын төлеген кездер болды. Қиын жағдайларға қарамастан, бірде-бір адамды жұмыстан қысқартпадық. Қарауымда менімен бірге 35 жыл еңбек етіп келе жатқан адамдар да бар. Мені қиындық шыңдады.

– Кәсібін бастағысы келетін жастарға кеңесіңіз?

– Жас кәсіпкерлердің басты қателігі – бүгін кәсібін ашып, ертең мол байлыққа кенелемін деген ой. Бұл – қате. Өйткені, талмай еңбек ету керек. Талай қиындықтар мен кедергілер кездеседі. Бұл сынақтан өтсең, еңбегіңнің жемісін көрерің анық. Бастағалы отырған кәсібің – сүйікті ісің болуы қажет. «Пәленше мейрамхана ашты екен»  деп қаржыңды өзің тетігін білмейтін іске салуға болмайды.

Бизнеске бүгін 100 теңге салып, ертең 200 теңге пайда табам деген адам кәсібін аяғынан тұрғыза алмайды. Бастамай жатып, пайданы ойламау керек. Мәселен, мен «Өнерпаздың» дивидендін 18 жыл алған жоқпын. Қаржы салумен келе жатырмын. Жұрт менде ақша көп деп ойлайды. Олай емес. Мені бай қылған – халық. Егер қандай да бір кәсіп таңдасаңыз, соған өзіңіздің сеніміңіз болу керек. Ыстығына күйіп, суығына тоңып еңбек етіңіз, жемісін көресіз. Басшы, алдымен, өзінің қызметкерлерінің еңбегін бағалауы қажет. Себебі, кәсіпкердің бүгінгі жетістігі – ұжымның толассыз еңбегі.

Жастарға баса көңіл бөлініп, ерекше қолдау алып отырған саланың бірі – кәсіпкерлік. Қарап отырсаңыз, қазіргі ата-аналар балаларына көп көңіл бөледі. Баланы балабақшаға, үйірмелерге, бассейн, спорттық секцияларға мезгілімен жаздырып, уақытты бос өткізбеуге тырысады. Білім-ғылым үйренулеріне баса назар аударады. Сол себепті, балалар орталықтарын ашу – үлкен пайданың көзі. Яғни, табысты сала және оқу-ағарту ісі  игілікті іс болып табылады.

  Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз