СУҒА ДЕГЕН СҰРАНЫС ӨСЕ ТҮСТІ
Келісіп пішкен тон келте болмайды
ҚР Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрлігі су ресурстары жөніндегі комитеті «Жайық-Каспий» бассейндік су инспекциясының басшысы, бассейндік кеңестің төрағасы Бисен Қуановтың мәлімдеуінше, қабылданған құжаттар мен соның аясында қабылданған бағдарламалардың шеңберінде тілге тиек етерліктей жұмыстар да атқарылған. Дегенмен, қағаз жүзінде қатып тұрғанымен, күткендегідей орындалысын таппай, мерзімінен кешіктіріліп отырған шаруалардың да жетіп артылатынын білдік.
Мәселен, Жайық өзенінің арналары мен сағаларындағы қалыптасқан жағдайды бақылап, бағдарлап отыру үшін қажетті мониторинг жүйелі жүргізілмейді. Бұған бірден-бір септігін тигізетін заманауи әдіс-тәсілдердің бірі – ғарыштық түсірілімдерді қолдану жағы баяулау. Өзен мен оның сағаларының түбін тереңдету мен аршып тазарту жұмыстары да бірлесіп, жоспарлы түрде жүзеге асыруды қажетсінеді. Сол сияқты, осыған дейін қолданыста болып, басшылыққа алынып келген РФ аумағы арқылы өтетін, Жайық өзенінің жоғарғы ағысындағы Ириклин су қоймасындағы су ресурстарын пайдалану ережелерін қайта қарау қажеттілігі туындауда.
Мамандардың пікірінше, мұндай қадам Жайықтың төменгі ағысындағы деградациялану үдерісін тоқтатып, жоғарыдан төмен қарай құлайтын судың көлемін ұлғайтып, дария арнасын толықтыруға, оған қоса оның бойындағы флора мен фаунаны қалпына келтіріп, табиғи тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді.
Қиғаш суын жеткізуде қиындық бар
Хабардар болғанымыздай, Атырау мен Маңғыстау облыстарының ондаған елді мекеніне Еділдің бір саласы Қиғаш өзенінің суын тасымалдап жеткізетін стратегиялық маңызды нысан «Астрахан-Маңғыстау» су құбырының да қазіргі уақыттағы жағдайы сын көтермейді. Күрделі жөндеуден өткізіп, ақаулы тұстарды қалпына келтіру бағытында бірнеше мәрте жоба жасалынып, жоспарланғанмен іске аспаған.
Осы жөнінде баяндаған «ҚазТрансОйл» АҚ Батыс филиалы директорының орынбасары Өтеу Исмурзиннің айтуынша, жалпы ұзындығы бір мың шақырымнан асатын магистральды су құбырының пайдалануға берілгеніне (1987 жылы) де 30 жылға жуықтаған.
Күні бүгінге магистральды су құбырының жоғары техникалық мүмкіндігі немесе өнімділігі Қиғаш учаскеcінде тәулігіне 94 мың текше метрді құраса, Маңғыстау бөлігінде 73 мың текше метрге тұрақтаған. Соңғы бес жылдағы (2009-2014) суды тұтыну көлемі 18,9 млн. текше метрден 24,0 млн. текше метрге немесе 1,3 есеге өскен.
Хабардар болғанымыздай, «ҚазТрансОйл» АҚ 160 заңды тұлғаға (оның ішінде 23-і мұнай-газ өндіру, 25-і өнеркәсіп кәсіпорындары, 19-ы коммуналдық және бюджеттік мекемелер және 93-і ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері) қызмет көрсетеді. Бұлардың арасында «Теңізшевройл» ЖШС, «Аджип ҚКО», «Қаражанбасмұнай» және «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-дары тәрізді ірі мұнай-газ өндіруші компанияларды атауға болар еді. Оның үстіне, «Астрахан-Маңғыстау» су құбыры арқылы 8000 тұрғыны бар Аққыстау селосы, 45 000 адам мекендейтін Бейнеу поселкесі, біреуінде 70 000, екіншісінде 120 000 халық тұратын Құлсары мен Жаңаөзен қалалары су алады. Жыл санап халық санының, соған сай тұтынушылар қатарының өсуіне байланысты сұраныс та арта түскен. Нақтылай кетсек, 2010 жылы 23,3 млн.текше метр суға тапсырыс берілсе, 2014 жыл бұл көрсеткіш 30,2 млн. текше метрге дейін көбейген. Келер жылға да 32,5 млн.текше метрге сұраныс берілген болып шықты.
Алайда, ондаған жылдар бойына бірде-бір реконструкциялау немесе қайта жаңғырту жұмыстарының жүргізілмеуі, 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген қызмет көрсету тарифтерінің өзгертілмеуі, кәсіпорынның қолданыстағы қуаттарының тұтынушылардың сұраныстарын қанағаттандыруға жеткіліксіздігі салдарынан соңғы кездері айтарлықтай қиындықтар да туындады. Қолдағы бар техникалық мүмкіндіктер шегіне жеткен, жүктеме шамадан тыс көбейіп кеткен. Сол себепті бұрынғыларының суға сұранысын қанағаттандырудың өзі қиынға соғып, жаңадан қосылған немесе алдағы уақытта қосылатын тұтынушылардың талабын орындау тіптен де күрделі мәселеге айналуда. Солардың бірінен есептелінетін, болашақта Атырауда бой көтеруі жоспарланған «Интеграцияланған газ-химия кешені» жобасы іске қосылғанда жаңа өндіріс нысанының тәуліктік суды тұтыну қажеттілігі 48,5 мың текше метрді құрайды екен. Осыны ескерсек, жағдайдың қаншалықты ауырлай түсетінін де аңғару қиын емес.
Қиындықтан құтылудың бірден-бір жолы – құбырды реконструкциядан өткізіп, жаңғырту жұмыстарын жүргізу екен. Осылайша, 2010 жылдың аяғында, Жаңаөзен қаласының (Маңғыстау облысы) тұрғындары үшін тәуліктік тұтыну көлемін 50,0 (соның ішінде ауыз суға сұраныс көлемін 30 мың текше метрге жеткізу жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі жасалынған.
Жолын тапқан тығырықтан шығады
Тығырықтан шығу жолында жасалған тағы бір қадам ретінде «Астрахан-Маңғыстау» су құбырының тәуліктік жобалық қуатын 260 мың текше метрге дейін арттыру жобасы болатын. Онда Маңғыстау облысы әкімдігінің тапсырысы бойынша Түпқараған ауданы Шетпе селосы; Өзен-Түркіменстан шекарасында салынып жатқан темір жол бойындағы Болашақ стансасы және басқа бірнеше елді мекен тұрғындарының сұранысын қанағаттандыру көзделген. Өкінішке орай, бұл жобалардың қай-қайсысы да алғашында облыстық әкімдік пен ҚР Ауыл шаруашылығы, сонан соң Қоршаған ортаны қорғау, бертінде Өңірлік даму министрліктері тарапынан мақұлданып, мемлекеттік сараптамадан өткенмен, кейіннен түрлі себептерден тоқтатылған. Нәтижесінде, қыруар қаражат жұмсалынған жобалар іске асырылмастан, «жабулы қазан жабулы» күйінде қалды. Ал суға деген халықтың сұранысы мен тұтыну көлемі күн санап өсіп келеді. Қайткен күнде де оны қанағаттандыру, талапқа сай қызмет көрсету – міндет.
Ойындағысын осылай жайып салған «ҚазТрансОйл» АҚ Батыс филиалы басшысының орынбасары Өтеу Базарғалиұлы осы тұста және бір мәліметтерді жеткізді. Дәлірек айтқанда, жылдар бойы жырға айналған құбыр бойымен келетін судың тапшылығы мен оның реконструкциядан өткізу жайын қазіргі Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов биылғы маусым айында қайта қозғаған. Мәселеге орайғы Премьер-министрдің іссапар қорытындысымен, аймақ басшылығына «Астрахан-Маңғыстау» су құбырының өндірістік қуатын өзгерту үшін нысанды реконструкциялау жобасына ішінара түзетулер енгізіп, Үкіметке өз ұсынысын жолдау тапсырылған.
Осылайша, Атырау облысының аумағында орналасқан интеграцияланған газ-химия кешенінің қажетін өтеуге босатылатын тәуліктік судың көлемін осыған дейін белгіленген 94,0-ден 135,0 мың текше метрге дейін көбейтіп, құбырдың су өткізгіштік қабілеттілігін осы деңгейге дейін арттыру керектігі қаперленген.
Үнемдей білген ұтады
Бұдан бөлек, бассейндік кеңесте өңіріміздегі суды тұтынушы кәсіпорындардың бірі болып табылатын «Атырау жылу-электр орталығы» акционерлік қоғамы бойынша қайталама айналымдағы суды тиімді пайдалану жөнінде алынған шаралар жайы да сөз болды. Осы тақырыпта кәсіпорын басшысы Мұқамбетқали Қалиевтің хабарламасы тыңдалды.
Мұнда 2011 жылдан бері өндірістік мақсатқа пайдаланылатын судың тұтыну көлемін азайту үшін айналмалы судың үлес салмағын көбейту және суды суыту алаңын ұлғайтуға мүмкіндік беретін айналма арналарды іске қосу жұмыстары қолға алынған. Нәтижесінде, ішкі қажеттіліктерге жұмсалынатын судың шығыны 32 пайызға қысқартылған.
Дәулетқали АРУЕВ.