Қазақстанда болашақта сұранысқа ие мамандықтар тізімі жасалмақ

20190131120904 Білім

– Алдағы уақытта Қазақстандағы жаңа мамандықтар атласы әзірленбек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Қазақстандағы жаңа мамандықтар атласын» әзірлеудегі әріптестік туралы меморандумға «Жаңа кәсіптер атласы» (Халықаралық жоба, Ресей), BTS Digital компаниясы (Қазақстанда жобаны жүзеге асырушы) мен Еуразиялық Топ (ERG) тараптары қол қойды.

20190131120904

Жаңа мамандықтар атласы – еңбек нарығында болашақта туындайтын құбылыстарды терең талдап, алдағы ондаған жылдар ішінде пайда болатын немесе тұрақты сұранысқа ие болып қала беретін мамандықтарды айқындауға ықпал ететін кәсіби бағдарлаудың озық құралы. Атлас әдістемесі 2014 жылы Халықаралық Еңбек ұйымы, Стретагиялық бастамалар институты мен Сколково Мәскеу басқару мектебі бірлесіп әзірлеген қабілет пен құзіреттердің технологиялық форсайтына (Skills Technology Foresight) негізделген. Әдістеменің мәні елдің ерекшелігі мен мемлекет үшін маңызды бағыттарды ескере отырып, ортақ диалогқа жұмылдыру жолымен болашақтың тұғырнамасын түзетін түрлі сала сарапшыларының өзара ықпалдастығы мен интеграциясы болып отыр. «Өткен екі аптада бір топ сарапшылар келіп, BTS Digital компаниямыздың өкілдері, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен ERG корпорациясы қызметкерлерінен құралған бір топ сарапшыларға үлкен форсайт-мектебі өткізілді. Бұл шараның мақсаты – Қазақстанда болашақтағы мамандықтар атласын жасау. Яғни, қазіргі таңда еліміздегі ең үлкен мәселе – мамандықтарды айқындау және болашақта қай мамандықтар, машықтар керекті болатынын анықтау екені баршамызға мәлім. Кейбір мамандықтар еңбек нарығынан мүлде жоғалып кетуі мүмкін. Неге десеңіз, Қазақстанның стратегиялық құжаттарында айтылғанындай, технологиялық модернизация, Индустрия 4.0, индустриялық революция өте үлкен кешенді өзгерістерді алып келді», – дейді Астанада өткен жиында BTS Digital компаниясы оқыту орталығының жетекшісі Саясат Нұрбек. Оның айтуына қарағанда, цифрлық технологиялар көптеген салаларда мамандықтарды еңбек нарығынан ысырып барады. «Осы үлкен жаһандық үрдістер ақырындап біздің еңбек нарығымызға, білім беру моделіне әсер етуде. Сол себепті, мектептегі талапкерлерден жас мамандарға дейін, орта жаста жұмысын жоғалтып алғандар немесе жұмыссыз жүргендерге осындай құрал, атлас қажет. Біздің BTS Digital компаниясы білім беру және әлеуметтік салаларда цифрлық сервистер мен өнімдерді жасауда. Сол себепті, біз білім саласында осы мәселені ең бірінші мәселе ретінде көріп, жаңа мамандықтарды анықтау жұмысын қолға алып отырмыз», – дейді сарапшы. Айта кетсек, Ресейдегі алғашқы «Жаңа кәсіптер атласы» 2014 жылы әзірленген. «Жаңа мамандықтар атласының мазмұнын халықаралық аренада тарату идеясы осыдан бірнеше жыл бұрын туындаған еді. Қазақстан бұл салада алғашқылардың бірі болып бастама көтерді. BTS Digital-дің ықпалдастығының арқасында біз өз тәжірибемізбен бөлісе аламыз. Атлас құрастыру – шығармашылық шабыты шалқыған әрі бұл іске шын бекінген білікті команданы қажет ететін сан қатпарлы ауқымды іс. Бір қуантарлығы, біздің әріптестеріміз бар ынтасын сарқа жұмсап, қысқа мерзімде Rapid Foresight әдістемесін меңгеріп қана қоймай, қос форсайт-сессияда емтиханынан сүрінбей өткен білгір команда топтастыра алған», – дейді «Жаңа мамандықтар атласы» жобасының жетекшісі Дмитрий Судков. Қазақстандағы алғашқы халықаралық форсайт-мектеп «BTS Digital» ЖШС негізінде осы айда құрылып та қойыпты. Тіпті компанияға бүгінгі күні алғашқы тапсырыс беруші де табылған. Нақтырақ айтқанда, Еуразиялық Топ тау-кен металлургия саласына мамандар даярлауға қажетті кәсіби бағдарлау Атласына тапсырыс берген. Саясат Нұрбектің айтуынша, осы орайда жастар өмірлік кәсібін таңдағанда көбіне жақындары мен таныстарының жеке пікірлеріне құлақ асып, немесе нарықтағы қысқамерзімді трендтер негізінде шешім қабылдап жатады. «Біз ірі жұмыс берушілір мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірлесе, тығыз жұмыс істеуін мамандықтар атласы әдістемесімен үйлестірсек, еліміздің барлық тұрғындарын кәсіби бағдарлаудың нық тұғырнамасын түзуге болатынына сенімдіміз. Сайып келгенде біз еңбек нарығында бар мамандарға қандай дағдыларды үйрету керектігін біліп, қолжетімді әрі қолданбалы мәні бар алдын ала маман даярлау құралына ие боламыз», – дейді Саясат Нұрбек. Еске сала кетсек, жастар үшін мамандықтарды айқындау мәселесі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында да көтерілген болатын. Отырыс кезінде Президент Қазақстанда жұмыссыздық мәселесі жоқтығын, мамандар тапшылығы мәселесі барын атап өткен еді. Әр облыста қандай мамандықтардың керектігі белгілі ғой. Бізде жұмыссыздық деген мәселе жоқ. Бізде мамандық деген мәселе бар. Жан-жақтан, облыстардан Астанаға келеді. Барлық жерде құрылыстар жүріп жатыр. Жұмысшылар жетіспейді. Дәнекерлеуші, құрылысшы жоқ. Бұл жерде аспаз, бала тәрбиелеуші, даяшылар тапшы. Мәселе сонда. Жұмыссыздықта емес», – деген еді Елбасы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз