«СТУДЕНТТІК КӨКТЕМ»
Жастар байқауы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналды. Жарысқа қатысушылар төрт номинация бойынша өнер сынағынан өтті.
Ән айту-вокал номинациясынан Ахмет Сүндетов атындағы медицина колледжі, би-хореография саласынан Қатира Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжі, көркем сөз оқудан Атырау мұнай және газ институты, сахналық қойылым көрсетуден Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті дипломант атанды.
Ал, Алғыс хатпен Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының колледжі, Атырау агротехникалық колледжі, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, Ахмет Сүндетов атындағы медицина колледжі, АПЭК техникалық колледжі студенттері марапатталды.
«Студенттік көктем» фестивалінде ІІІ орынға Атырау агротехникалық колледжі ие болды. Жүлделі екінші орын Ахмет Сүндетов атындағы медициналық колледжіне бұйырса, бірінші орынды Қатира Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледж иеленді. Бас жүлдені Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті қанжығасына байлады.
Фестивальді облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан қорытындылады: «Студенттік көктем» фестивалінен үлкен әсер алдық. Жүректерге нұр құятын осындай мерекелер жылына бір рет, бір ғана жерде емес, барлық жерде өтуі тиіс. Фестиваль белсене қатысып жүрген студенттерді өмірге бақылаушы емес, белсенді қатысушы көзімен қарауға үйретеді. Өмір деген бәйгеде белсенді қатысушы болған адам ғана жеңіске жетеді. Өмірде бақылаушы емес, белсенді қатысушы болыңыздар!», — деді.
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.