СТУДЕНТТЕРГЕ — СЕРТИФИКАТ
«APEC Petro Technic» жоғары колледжі студенттерінің қоржынында – жаңа сертификат. «Ынтымақ» жобасының аясында ағылшын тілін үйрету клубының жұмысы қорытындыланып, арнайы іс-шараұйымдастырылды.
«Ынтымақ» қоғамдастықты дамыту бағдарламасы «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қолдауымен Атырау және Құлсары қалаларында білім беру, әлеуметтік, экологиялық және қайырымдылық жобаларын іске асыру мақсатында құрылған.
«Ынтымақ» бағдарламасының еріктілері Атырау қаласының жоғары оқу орындарында ағылшын тілі клубтарын ұйымдастырды. Алты айға созылған бұл курсты аяқтап, белсенділік танытқан 30 студентке арнайы сертификат берілді.
««APEC Petro Technic» жоғары колледжі студенттерінеТШО компаниясында жұмыс жасайтын 10 шетелдік волонтер сабақ берді. Дәріс барысында ағылшындармен әр түрлі тақырыптарда еркін сөйлесу арқылы студенттер тіл үйреніп, біліктіліктерін шыңдады. Ауызекі сөйлесумен қатар, әртүрлі өмірлік жағдайларды талдап, тіл білу машықтарын дамытты» дейді жобаның координаторы Арай Қожахметова. Дәрістер аптасына екі рет, 40минуттан өткізілген. Колледжің 200 студенті тет тапсырып, іріктелген соң, клубқа белсенді қатысқандары арнайы сертификат иегерлері атанып отыр.
«Біздің ағылшын тілі клубтарымыздың арқасында студенттер ағылшын тілінде сөйлеу машықтарын арттырып, тіл кедергілерін жеңді. Оған қоса, шетелдік компаниялардан тәжірибеден өтіп, жұмысқа сәтті орналасуына да септігін тигізетін шара қатысушылардың көңілінен шықты» дейді А.Қожахметова бізбен әңгімесінде.
Айта кетейік, жобаны ТШО компаниясының қолдауы арқылы жүзеге асырған — «Ынтымақ Атырау» қоғамдық бірлестігі.
Гүлжан ӘМІРОВА