ҰСТАЗДЫҢ ҰЛАҒАТЫ
Менің есімнен 1975 жылдың 19 қарашасында болған оқиға мәңгілік кетер емес. Студенттер күнін атап өткен Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтының тарих мамандығының І курс студенттері түнде болған басқосудан соң таңертең дәріс тыңдауға келмеді. Аудиторияда жалғыз мен болатынмын. Сабақты жүргізетін «СОКП (КПСС) тарихының» аға оқытушысы Дәржан Баяндиев тым қатал еді, әрі сабаққа сәл кешіксең кіргізбей қоятыны тағы бар. Залда жалғыз ғана студент – маған үзіліссіз 90 минут бойы В.И.Ленин партиясының тарихын әңгімеледі. Кейін деканаттан сыбағасын алған өзге студенттердің ешбірі де содан бастап сабақты себепсіз жібермейтін болды.
Студенттер арасында қаталдығымен ерекшеленген Дәржан Жақсығұлұлы кім еді?! Ол Қызылқоға ауданының Миялы селосында 1920 жылы қарапайым кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласып зерек өскен балаң жігіт Гурьев мұнай техникумын бітірісімен Байшонас орталау мектебіне мұғалім болып орналасады. Себебі, ол кезде ауыл мектептері елдегі белең алған сауатсыздықты жоюда көзі ашық, білімі бар мұғалімдерге зәру. Кейін ол Орал педагогикалық институтының сырттай оқу бөліміне түседі, бірақ, қанқұйлы фашистік Германияның Кеңестер Одағына тұтқиылдан шабуыл жасауы оқуды бітіруге мүмкіндік бермейді.
Ел басына күн туған шақта Дәржан Жақсығұлұлы қос ағасымен 1942 жылдың басында Ұлы Отан соғысына аттанады. «Қан майданнан 1944 жылы ауыр жарақат алған Дәржанның құлағы естімей, тілі де күрмеліп, айналадағы адамдармен әрең түсінісетін жағдайға ұшырайды. Оның үстіне аяғынан алған жарақаттан отырып-тұруы да қиын болды. Сондай қиыншылықты дәрігерлердің ем-домымен және жеке өзі шұғылданған дене шынықтыруы ауруынан құлантаза айықтырды. Кейін Гурьев облыстық ішкі істер басқармасына қызметке алынды», — дейді сол кезді есіне алған ұстазымыздың туған қарындасы Бақытжан Баяндиева.
Дәржан Баяндиев Орал қаласындағы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институтын 1950 жылы аяқтаған соң Гурьев педагогикалық институтына аға оқытушы болып орналасады. Сөйтіп, ұстаздық қызметін ғылыммен де ұштастырады. Әрине, оның сол кезеңдегі замана ағымына орай жазылған ғылыми еңбектері, әсіресе, компартия тарихына байланысты жазылған мақалалары көптеп саналды. Студенттер оларды коллеквиум, семинар сабақтарына дайындалу барысында біраз пайдаланды.
Дәржан Жақсығұлұлының дәріс оқығандағы саңқылдаған дауысы бүкіл дәлізге естіліп тұратын, зал іші мүлгіген тыныштық, тек беті аударылып жатқан дәптердің шытырлаған ызыңы ғана құлаққа келетін. Ұлағатты ұстаздың алдынан қаншама студенттер дәріс алып шықты десеңші! Барлық ғұмырын халық ағарту ісіне арнаған ағамыздың ел алдындағы еңбегі лайықты марапаттармен бағаланды. Ұлы Отан соғысының ІІ дәрежелі ордені, «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында фашистік Германияны жеңгені үшін» медалі, «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісі және бірнеше мерекелік медальдары, мақтау қағаздары – соның куәсі.
Халқымызда «Ер есімі – ел есінде» деген ұлағатты сөз бар. Биылғы жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығы тойланып отырғанда Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің тарих-филология факультетінің оқытушы-профессорлары мен студенттері Ұлы Отан соғысына қатысушы Дәржан Жақсығұлұлының туғанына 95 жыл толу мерекесіне арнап «Ұрпаққа – өмірі өнеге» атты кеш өткізді. Кездесуге келген қонақтар ұстаздың еңбегі туралы біршама естеліктер айтты. Иә, ұлағатты ұстаз өнегесі оның көзін көрген бүгінгі шәкірттері жүрегінде мәңгі сақталмақ.
Қылышбай СҮНДЕТҰЛЫ,
тарих ғылымдарының кандидаты.