Спорттық федерациялар жұмысы – басты назарда
Atr.kz/26 тамыз, 2019 жыл. Тамыз айында Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы азаматтық сектор өкілдерін қабылдап, саладағы өзекті мәселелерді талқылады. Жиынға спорт түрлері бойынша 20-дан астам федерация өкілдері қатысты.
Негізгі көтерілген мәселе спорттық ғимараттардың жетіспеуі болды. Осы орайда Атырау облысы жауынгерлік өнер ассоциациясы олимпиадалық емес спорт түрлеріне арналған бөлек жекпе-жек спорт сарайын салу туралы ұсынысты қарастыратынын мәлемдеді. Басқарма тарапынан кейбір федерациялар үшін спорт мектептерінен орын беру және тұрғын үйлердің астыңғы қабатын жалға алу бойынша да мәселелер қозғалды.
Екі жылда бір рет өтетін спорттық саралау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Спорт түрлерін саралау – халықаралық спорттық жарыстардағы спорт жетістіктеріне, кадр әлеуетінің, материалдық-техникалық базаның болуына, бұқаралығына қарай спорт түрлерінің даму деңгейін айқындау болып табылады. Саралау қорытындысы бойынша спорт түрлеріне бөлінетін қаражаттың көлемі анықталатын болады.
Одан бөлек дәстүрлі емес діни ағымдардан аулақ болу мақсатында спорт мектептері мен федерацияларда түсіндірме жұмыстар ұйымдастырылып, барлық спортшылар мен жаттықтырушыларға дәстүрлі діни ағымдар туралы мағұлматтар берілуі туралы тапсырма берілді. Бұл бағытта алдағы уақытта Дін істері басқармасымен бірге жұмыстар жүргізілетін болады.