Жарнама
Жаңалықтар

СОТ ШЕШІМІН ОРЫНДАУДЫҢ АҚЫЛЫ ҚЫЗМЕТІ

 

Облыстық әділет департаментінің аумақтық бөлімдерінде биылғы бірінші жартыжылдықта 114,4 миллиард теңгені құрайтын 39 491 атқару құжаты орындауда болды. Оның 13 мыңға жуығы аяқталып, 8839 атқару құжаты нақты орындалды. Өткен жылмен салыстырғанда, көрсеткіш артқан. Негізінен атқару құжаттарында азаматтардан алимент өндіру көш бастайды. Бүгінге дейін орындауда болған 7991 атқару құжатының 410-ы аяқталған.

Айта кету керек, оның 66-сы баланың жасы кәмелетке толуына орай қысқартылды. 78 борышкерге қатысты іздеу жарияланды.

Алимент төлемеген 1895 азаматқа «Беркут» жүйесі бойынша республиканың тыс жерлеріне шығуға уақытша шектеу қойылды. Бүгінде көрсетілген атқару құжаттарын орындауда облыста небәрі 40 мемлекеттік сот орындаушысы бар. Бұл ретте облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Қалдыбек Сапаров: сот шешімін орындауда жеке сот орындаушыларына маңыз берудің қажеттігіне тоқталды.

— Елбасының Ұлт жоспары   еліміздің одан әрі нығаюына жол ашар бағдар. Онда экономикалық-әлеуметтік дамудың шарттарымен қатар, заңның үстемдігіне маңыз берілуі құптарлық. Соның ішінде 27 қадамында мемлекеттік сот орындаушыларын біртіндеп қысқартып, жекеменшік сот орындаушылары институтын дамыту – бүгінгі күннің қажеттілігі. Өңірде 2011 жылдан бастап жеке сот орындаушылар алқа болып құрылып, қазір өңірлік палата болып өзгертілді. Бүгінде сот орындаушыларының жүктемесін азайтуда департамент пен палатаның арасында тығыз қарым-қатынас орнады. Палата әкімшілік айыппұлдар өндіру туралы қаулыларды орындау мақсатында бірқатар атқару құжатын жүзеге асырды. Жеке сот орындаушылары жұмысын бастағаннан бері сот шешімдерінің орындалуында серпін бар,- деді ол..

Жеке сот орындаушыларының Атырау облысы бойынша өңірлік палатасы басшысының орынбасары Салтанат Рахимованың айтуынша, аймақта 55 азамат жеке сот орындаушылық қызметпен айналысуға мемлекеттік лицензия алса, 30 жеке сот орындаушысы нақты қызмет етуде. Олар биыл алты айда жалақы, алимент, айыппұл өндіру бойынша бір миллиардтан аса теңгені құрайтын атқару құжаттарын орындады.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button