Келіні жақсының керегесі алтын

КЕЛ Н ЖА СЫНЫ КЕРЕГЕС АЛТЫН Жаңалықтар

Белгілі ғалым, жастарға жоғары кәсіби білім беру саласында жемісті еңбек етіп келе жатқан ұстаз, Киікбай Мыңбайұлы Жаулин екеуміз студенттік жылдарды бірге өткіздік. Одан бері де отбасымызбен араласып, ата-аналарымыз да дәмдес болды. Сол кезде үлкендеріміз де, өзіміз де Киікбайдың жұбайы Анар Нұрғожақызының ата-енесі, ағайын, іні-бауырларына деген құрметі, жора-жолдастарына деген қарым-қатынасы, қонақ қабылдау үрдісіне әрдайым риза болатынбыз.

КЕЛ-Н- ЖА__СЫНЫ__ КЕРЕГЕС- АЛТЫН

Анар досымыз үлкен ғалымдардың отбасында дүниеге келді. Әкесі –  Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ұстазы, биология ғылымдарының докторы, профессор Нұрғожа Қобыланұлы Алдабергенов, анасы – Мәкім Жүнісбекқызы Алдабергенова да биология ғылымдарының кандидаты, доцент.

«Ұяда не көрсең – ұшқанда соны ілерсің» дегендей, биологтар тәрбиесін алған Анар да ата-анасының жолын қуып, биология пәнінің мұғалімі болуды қалап, Гурьев педагогикалық институтының химия-биология факультетіне түсті. Ол студенттік жылдарында факультеттегі студенттер қәсіподақ ұйымының төрайымы болып, қоғамдық жұмыстарды белсене атқарды. Оқу орнын бітіргеннен кейінгі еңбек жолы Гурьев педагогика училищесінде мұғалімдіктен басталды.

2003 жылы Атырау мұнай және газ институтының қоршаған ортаны қорғау кафедрасына аға оқытушы ретінде жұмысқа қабылданып, күні бүгінге дейін осы оқу орнында жемісті еңбек етіп келеді.

Жиырмадан астам оқу-әдістемелік жұмыстары жарық көрді. 2007 жылы педагогикалық және ғылыми ізденістері ескеріліп, оған Атырау мұнай және газ институты «Қоршаған ортаны қорғау кафедрасының академиялық доценті» ғылыми атағы берілді.

2008 жылы аталмыш оқу орнының магистратурасына түсіп, жаратылыстану ғылымдарының магистрі ғылыми атағын алды. Өткен жылдың қараша айында Мәскеудің Губкин атындағы техникалық университетінде экология мамандығы бойынша білімін жетілдірді. Анар Нұрғожақызының жоғары білімді мамандар дайындаудағы тыңғылықты еңбегі бағаланып, облыстық білім департаментінің Құрмет грамотасына (1999 ж.), Атырау мұнай және газ институты ректорының Алғыс хатына (2011 ж.) ие болды.

Анардың біз сыйлайтын тамаша қасиеті сыпайылығы мен ата-енеге деген құрметі еді. Бүгінде жолдасы Киікбай екеуі төрт бала тәрбиелеп отыр. Қазір өздері де ата мен әже атанып, немерелерінің қызығына бөленуде.

«Аяғына қарап асын іш, анасына қарап қызын ал» дегендей, марқұм анасы Мәкім Жүнісбекқызы өте байсалды, ақылды, парасатты адам болатын. Одан өнеге алған Анар қалада өсіп, орысша оқыса да, қазақы салт-дәстүрге сай, тәрбиелі келін атанып, шаңырақтағы кенже ұлдың келіншегі ретінде ата-енесінің алдынан өтіп көрген жоқ. Күнде ертемен тұрып, оларға сәлем беруін бір ұмытқан емес. Ауылға барса, үлкендердің ақ жағаларын кірлетпей асты-үстіне түсіп, сиырын сауып,  оны қайнылары мен қайынсіңлілеріне үйрете білді. Алдында бес қайнағасы, бес абысын-ажыны бар. Қазақи салт-дәстүрді білгені сондай, қайнаға, абысындарына құрметтеп ат қойды.

Есейген шақтарында ата-енесін қолдарына алды. Атасы Мыңбай кезінде туған ауылында ат үстінде жүрген, еліне сыйлы, жақсыны танып, асылды бағалай білген абыройлы азамат болды. Біз де ол кісінің жақсы әңгімелерін тыңдап, Гүлжәмила анамыздың қолынан дәм татқанбыз. Бүгінде Гүлжәмила анамыз тоқсанға келді. Киікбай мен Анардың қолында тұрып жатыр. Ал, Мыңбай ағамыз он шақты жыл бұрын дүние салды. Тірі кезінде ол Анарға дән риза болып, оның ата көрген, ана сыйлаған, ағайын-туыстың тілін тапқан ардақты келін екендігін айтып, риза болушы еді. Қазақтың белді зиялы қауым өкілдері, академиктер Манаш Қозыбаев, Салық Зиманов, Зейнолла Қабдолов, КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімов, Халық қаһарманы, әрі жазушы Қасым Қайсенов бұл әулеттің төрінде болып, ақ дастарханынан дәм татқан.

Қазақта «Сен досыңның кім екенін айт, мен сенің кім екеніңді айтып берейін» деген сөз бар. Ендеше, біздің Анар – атасынан бата алған, ағайындарын құрметтеп, достарды мәртебе тұтқан сүйікті келін. Біз де өзіміздің осындай атадан бата алған досымызды мақтан етеміз және өскелең ұрпаққа үлгі, өнеге болатынына сенеміз.

Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ,

Парламент Сенатының депутаты

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз