Сорға айналған «Септик»
Бүгінде Атырау тұрғындары жерасты және кәріз суларынан зардап шегіп отыр. Көшенің бәрі шылқыған су. Жаяу жүргінші тұрмақ, автокөліктердің өзі шалшықты кешіп, әзер жүреді. Әрине, осы жағдайға байланысты түрлі қам-қарекет жасалып жатқаны анық. Алайда, ол жұмыстар түбегейлі нәтижесін көрсете қоймады. Мұнымен жауапты мекемедегілер де, сала мамандары да еріксіз келісуге мәжбүр болуда. Осыдан туындаған тағы бір проблема бар. Ол – үй аулаларындағы кәріз суы жиналатын орын – «септиктің» жайы.
Сұрақ көп, жауап жоқ
Мәселені шешу жолдарының бірі – қалаға орталық кәріз жүйесін жүргізіп, сол арқылы тұрғындарды судың лаңынан құтқару амалы. Облыс орталығындағы орталық көшелер мен бірді-екілі шағынаудандардың көпқабатты тұрғын үйлері аумағында жалпы ұзындығы 300-ге жуық шақырымды құрайтын кәріз желісі жүргізілген. Енді жер көлемі 460 шаршы шақырым аумақты алып жатқан қалаға бұдан бірнеше есе көп кәріз желісінің қажеттілігі айтпаса да түсінікті. Өйткені, қала мен қала аумағына қарасты елді мекендердегі жеке тұрғын үйлерге орталықтандырылған кәріз желісі мүлдем тартылмаған. Осы бағытта қала әкімдігінің өкілдері 20-дан астам елді мекенге кәріз желісі құрылысын жүргізу жұмыстарының жобалау-сметалық құжаттары жасақталып жатқандығын, аталған жобаларды іске асыру жоспары бар екендігін айтып отыр.
Бүгінде кейбір елді мекендердегі жерасты суының көтерілуіне – тұрғын үйлердегі «септиктердің» санитарлық нормаларға сәйкес келмейтіндігі, тұрғындардың техникалық шарттарда көрсетілген талаптарды сақтамайтындығы, олардың әлеуметтік жағдайларына байланысты «септиктерді» уақытылы тазартпауынан нәжіс суының жерастына жайылуы себепші болуда. Қалалық әкімдіктегілер бұл жағдайларға байланысты алдағы уақытта міндетті түрде арнайы жұмыс тобы зерделеу жұмыстарын жүргізетіндігін айтқан еді. Бұл жұмыстар тезірек жүргізілмесе жағдай мұнан әрі ушыға беретінге ұқсайды. Ал, жыл өткен сайын жеке тұрғын үйлерде тұратын тұрғындардан өздерін орталықтандырылған кәріз желісіне қосу жөніндегі өтініштер толастамауда.
Осы жағдайға байланысты әркімнің өз бетінше салған «септик» құрылысының заңдылығын, олардың стандартқа сай салынуын қадағалап отыратын мекеме бар ма? Жалпы, осы мәселе төңірегіндегі сұрақтарымызды облыстық, қалалық әкімдікке қарасты мекемелер басшыларына қойып көргенбіз. Әйткенмен, олар біріне бірі сілтеп, қанағаттанарлық жауап бере қоймады. Содан соң коммуналдық салада еңбек еткен сала ардагерлері мен жекеменшік құрылыс жобалау компанияларының өкілдерінен мәселенің мән-жайын сұрап көрген едік.
Солқылдақ заңның салдары
Жиырма жылға жуық құрылыс жобалау саласында жұмыс істеп келе жатқан «BasTau Innovation» ЖШС директоры Дәрмен Нұрғалиевтің айтуынша, бұл жұмыстарға жергілікті әкімдік жауап беруі тиіс.
– Жеке тұрғын үйдің «септигі» заң бойынша ауланың ішінде болуы керек. Ал, сыртына шығару үшін белгілі бір заңды талаптар қарастырылған. «Септиктің» құрылысы әртүрлі болады. Айталық, пластиктен, темірден, бетоннан, тастан, ағаш секілді тағы басқа заттардан жасала береді. Ең маңызды талап – «септиктегі» су сыртқа, сырттағы су ішке ақпайтындай саңылау қалмай бітеліп, лас су жерге сіңбеуі керек. Сырттағы су «септикке» ақса, тұрғындар босқа шығынданатын болады.
«Септикті» орнату санитарлық, жер және су туралы қағидалар мен заңдар бойынша реттелген. Көбінесе оған пластик және темір пайдаланылып жатады. Бірақ, темірдің бір олқы тұсы – уақыт өте келе оның іші-сырты ащы суға желініп, шіріп, тесіле бастайды. Қазіргі таңда «септикті» пластиктен орнатқан дұрыс деп есептеймін. Бүгінде қаладағы жерасты суының деңгейі көтеріліп жатқандығы белгілі, оның қысымы да жоғары. Мұның барлығы бір күнде болмағаны анық. Уақыт өте жиналған жерасты суының әсері бар.
Кейбір тұрғындар су жерге сіңіп кетуі үшін саналы түрде «септиктен» саңылау қалдырып жатады. Өйткені, оны тексеріп жатқан ешкім жоқ. Шындығында, «септикті» қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласы, экологтар, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласының мамандары жылына бір-екі рет тексеруі қажет емес пе?! Ал, онда саңылау болса, тұрғындарға айыппұл салынғаны жөн. Бұл үшін жауапкершілік қарастырылған.
Бір өкініштісі, бұл заң талаптары орындалмаған күйінде қалып отыр. Байқағанымыз, саланы білетін мамандар да өте аз. Арнайы жұмыс тобы зерделеу жұмыстарын жүргізуі керек, бірақ бұл жауапкершілік ешкімге міндеттелмеген секілді.
«Септик» тақырыбын әлдеқашан көтеру керек еді. Осы қалыппен кете берсек жерасты суымен араласқан өз қалдығымызға өзіміз былғанатын түріміз бар. Қазір Қиғаш, Жайық өзендерінен Қарабатан зауытына «ҚазТрансОйл» компаниясы таза су тасып жатыр. Егер кәріз жүйелері қосылатын болса сол судың орнына кәріз тазарту стансасына жиналған суды техникалық су ретінде пайдалануға болар еді. Бұл жағдай былай жалғаса бермеуі керек, — деді Дәрмен Жексенғалиұлы.
Ал, бірнеше жыл бойы коммуналдық салада қызмет еткен Ерғазы Жоламанов бұл мәселенің өте күрделі екендігін айтып, заңның солқылдақ тұсын ашынып айтты.
– Бұл мәселе бұрыннан да көтеріліп жүр. Жауапты орындар жер беретін кезде алдымен кәріз жүйесін тартуды ескермей жатады. Осы жағдай қалада ғана емес, аудандарға да тән. Тұрғын үй салу үшін жер берілген кезде, «септик» заңды талабы бойынша салынуы, сапасы қадағалануы керек. Үйден қанша қашықта орнатылуы қажеттілігі, вакуум көлігі сорып кетуі үшін ыңғайлы етіп жобасы жасақталуы, көрсетілуі қажет.
Расын айту керек, бұл мәселені ретке келтіру үшін белгілі бір заң қарастырылмаған. Сол үшін жергілікті депутаттар, белсенді азаматтар, сала мамандары мұны ыждағатты қолға алса дейсің. Бір жағынан халықтың да сауатын арттыру маңызды болып отыр. Тиісті шарасын алмаса жер астындағы лас су экологияға кері әсер етіп, адамзат баласының денсаулығына және тіршілігіне орасан зор зиян келтірері сөзсіз. Бұл мәселелерді мұқият зерделеп, қолға алынса, алдағы екі-үш жылда қалыпқа келтіруге болар еді, — деді Е.Жоламанов.
Қазіргі уақытта күн тәртібінен түспей тұрған «септик» мәселесінің күрмеуі шешілмей қиындап тұр. Кәріз жүйесі тартылмаған елді мекеннің тұрғындары «бүгінде жерасты суы мен «септик» суының салдарынан зардап шегіп отырған елді мекеннің күйін кешеміз бе?» деп алаңдаулы. Сондықтан да аулаларындағы «септиктің» стандартқа сай болуына олар да ынта білдіруде. Дегенмен, нақты қадағалайтын, жауапты мекеме болмаған соң мәселе бір ізге түспей тұр.
Алмас ҚАБДОЛОВ