СОҢҒЫ АҚПАР: 42 500 теңге…
Аtr.kz/25 мамыр, 2020 жыл. Еліміздегі төтенше жағдай кезінде кірісті жоғалтуына байланысты азаматтарға 42 500 теңге әлеуметтік төлем тағайындалып, төленді. Қазіргі таңда осынау төлемді республикамыздың 1 млн. 600 мыңнан астам адамы алып үлгерген. Қуанарлығы, төлемді бір рет алған азаматтарға ол екінші рет берілді. Тиімдісі сол, одан салық та, зейнетақы төлемі де ұсталмайды.
Ал, «біздің облыстан осынау төлемді қанша адам алды?» деген сауалға облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Альфия Төлеғариева:
– Мамырдың 20-сындағы мәлімет бойынша, аталған төлемді алу жөнінде облыстағы 12 757 мекеменің 29 429 адамынан өтініш түскен. Соның 5 609-ы қаралу үстінде, ал 6 458 мекеменің 23 731 адамына төленген, — деп жауап берді.
Көпшіліктің арасында бірыңғай жиынтық төлемдерін (БЖТ) төлесе де, 42 500 теңгені ала алмай отырғандар бар. Біраз өтініш қанағаттандырылмаған. Енді олар 42 500 теңге көмек тұрмақ өздері жіберген БЖТ де кері қайтара алмауда. Осы жағдай туралы біз ресми өкіл – Альфия Байғанинқызынан сұрағанымызда, ол бұл ақшаның ерікті түрде жіберілгенін, енді кері қайтарылмайтынын айтты.
Лиза СЕЙТІМОВА