Солтүстік Каспий жобасының Қазақстан экономикасын дамытуға қосқан елеулі үлесі
2023 жылы Каспий теңізінің қазақстандық секторында барлау жұмыстарын жүргізу мақсатында Консорциум құру жөніндегі келісімге қол қойылғанына 30 жыл толды. Аталған мерейтойға орай NCOC компаниясының басқарушы директоры Оливье Лазар мырзамен сұхбаттасып, Солтүстік Каспий жобасы аясында қол жеткізген жетістіктер жөнінде сөз қозғаймыз.
– Лазар мырза, Солтүстік Каспий жобасын жүзеге асырудың негізгі кезеңдерін атап өтсеңіз.
– Биыл жобамызға 30 жыл толып отыр. Қашаған кен орнында жұмыс істейтін барлық қызметкерлер мен жоба ардагерлеріне өз алғысымды білдіргім келеді. Олар осы жобаға дем берді. Әрбір қызметкеріміздің ерен еңбегінің арқасында өндірістік қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, нақты өнім өндіру деңгейін тәулігіне 425 мың баррельден асырдық, ал жалпы пайдалану сенімділігі жоғары деңгейде қалып, біз күткеннен де жоғары нәтиже көрсетуде. Бұл әлемдегі ең ірі мұнай-газ кен орындарын кешенді игеру жобаларының бірі ғана емес, сондай-ақ, инженерлік-техникалық тұрғыдан алғанда ең күрделі жобалардың бірі.
Жобаның бастапқы кезеңдерінде Қазақстандағы алғашқы теңіз кен орнын барлаумен және игерумен айналысатын мамандар көптеген қиындықтарға тап болды. Дегенмен, жылдар бойы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қазір жобаның қарқынды дамуына куә болып отырмыз.
Жұмыстардың шарықтау шегінде, тек теңіз кешенінің құрылысына ғана 8 200-ден астам адам жұмылдырылды. Олардың талмас еңбегінің арқасында ел тарихында тұңғыш рет теңіз кешенінде барлығы 40 игеру ұңғымалары бар А және D аралдары, содан соң EPC-2, 3, 4 аралдары пайда болды. D аралы теңіздегі Қашаған кен орнында шикі мұнай өндіру және газды кері айдауға арналған алғашқы технологиялық өндіріс кешеніне айналды.
2006-2010 жылдар аралығында теңіз бен құрлық кешендері құрылысының қызған шағында Қашаған жобасында 40 мыңнан астам адам қызмет атқарды, олардың басым көпшілігі Қазақстан азаматтары болатын.
«Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысын (Атырау облысында) салу барысында әлемнің түкпір-түкпірінен арнайы техника жеткізілді. Қазіргі уақытта осы қондырғыда үш технологиялық мұнай желісі мен екі технологиялық газ желісінде күкіртті мұнай мен күкіртті газ өңделеді.
Құрлық кешеніндегі тағы бір маңызды нысан – Маңғыстау облысында орналасқан Баутин базасы. Бұл – Қашаған кен орнында теңіз операцияларын жүргізуге, теңіз флотының жұмысын үйлестіруге, сонымен қатар материалдар, жабдықтар мен отын жеткізу және сақтау жұмыстарына қолдау көрсететін негізгі логистикалық демеу базасы. Оған қоса Баутин базасының негізгі мақсаттарының бірі – Солтүстік Каспий бойынша өнім бөлісу туралы келісім шеңберінде бүкіл теңіз кешені аумағында орындалатын операциялар барысында мұнай төгілімдеріне жедел ден қою.
Сонымен қатар, өндірістік нысандар айналасында маңызды сервистік инфрақұрылым нысандары салынды, олардың ішінде NCOC қызметкерлері мен серіктес компаниялардың қызметкерлеріне арналған тұрғын қалашықтары бар. Вахталық әдіспен жұмыс істейтін қызметкерлердің жұмыс істеуіне және демалуына қолайлы жағдай жасалған.
Жоғарыда аталған нысандарды толыққанды игеруге және салуға он жылдан астам уақыт жұмсалды және қиындығы көп болды. Операциялық үлгіні өзгерту, өнім өндіруді бастау және одан кейін құбырларды алмастыру, өнім өндіруді қайта бастау, COVID-19 пандемиясы мен тағы басқа көптеген жетістіктер мен қиындықтарды бастан өткердік.
– Қашаған жобасының Қазақстан экономикасына қосқан үлесін қалай бағалайсыз?
– Қашаған жобасы Қазақстан экономикасына теңдессіз үлес қосуда. Өнім өндіру кезеңінде Қазақстанның экономикасына салықтар мен өнімнің Қазақстанға тиесілі үлесі түрінде қаржылай пайда түседі. Іс жүзінде Жоба шеңберінде бірнеше млрд. АҚШ доллары көлемінде қаржы жұмсалды. Елдегі тікелей шетелдік инвестициялар есебінен жүзеге асырылып отырған ең ірі жобалардың бірі ретінде Солтүстік Каспий жобасы экономиканың дамуына елеулі әсер етеді, қазақстандық мамандар үшін жұмыс орындарын ашып, жергілікті компанияларға қолайлы мүмкіндіктер ұсынады.
2004 жылдан бері Солтүстік Каспий жобасы жергілікті жұмыстар, тауарлар мен қызметтерге 17 млрд. АҚШ долларынан астам қаражат жұмсады. NCOC компаниясы жергілікті компаниялардың басқару жүйелерін халықаралық стандарттарға сай сертификаттау, тауарлары мен қызметтерін сертификаттау бойынша қолдау көрсетеді, сол арқылы олардың бәсекеге қабілеттілігін айтарлықтай арттырады. Осылайша, NCOC компаниясы 220-дан астам жергілікті компанияның халықаралық стандарттарға сай (Американдық механикалық инженерлер қауымдастығы (ASME), Америка мұнай институты, ISO) сертификат алуына себепкер болды. Оған қоса, соңғы 20 жыл ішінде компания Солтүстік Каспий жобасы шеңберінде тендерге ұсынылған тауарлар мен қызметтерге қойылатын қатаң техникалық талаптар мен халықаралық нормалар мен стандарттарға сәйкестігін анықтау мақсатында жергілікті кәсіпорындарда 500-ге жуық техникалық біліктілік аудиттерін жүргізді және өндірістік алаңдарды тексерді.
Сонымен қатар, Солтүстік Каспий жобасы аясында жыл сайын компанияның қызметі жүргізілетін Маңғыстау және Атырау облыстарында әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін бюджет бөлінеді. 1998 жылдан бастап Қашаған жобасы аясында жергілікті жұртшылықтың игілігіне бағытталған 900 миллион АҚШ долларына жуық қаражат бөлінді. Оған спорт алаңдары, балабақшалар, мектептер, ауруханалар, тұрғын үйлер, газ желілері сияқты жалпы сомасы 870 миллион АҚШ долларынан асатын 228 әлеуметтік және инфрақұрылымдық жоба кіреді. Осы жобалардың көбісі Атырау және Маңғыстау облыстарының шағын ауылдарында жүзеге асырылып, ауыл халқына сапалы білім, медициналық қызметтер, салауатты өмір салтын ұстану мүмкіндігін және өзге де игіліктерді ұсынып отыр. Сонымен бірге, демеушілік және қайырымдылық бағдарламасы аясында біз жалпы сомасы 27 миллион АҚШ доллардан асатын 1 500-ге жуық жобаны жүзеге асырдық және бұл жобалар негізінен жергілікті халықтың осал топтарын қолдауға бағытталған.
Мысалы, 1998 жылдан бері 18 денсаулық сақтау нысаны салынды, олардың он бірі Атырау облысында орналасқан. Жоғары сұранысқа ие медициналық мекемелер қатарында жақында ғана пайдалануға берілген Береке шағынауданындағы күніне 50 адам қабылдауға арналған отбасылық дәрігерлік амбулатория бар. Қазан айында NCOC компаниясынан Атырау әкімдігіне тапсырылған бұл емхана көптен бері қала орталығындағы №3 мемлекеттік емханаға барып, ем қабылдауға мәжбүр болған жергілікті тұрғындардың өмірін жеңілдетті.
Егер Ақтауға барсаңыз, Жартас жолын тамашалап, Каспий теңізі жағалауында серуендеуге кеңес береміз. Атырау қаласында да орталық алаңды және өзен жағалауын абаттандыру жұмыстарын жүргіздік. Ақтау мен Атырау қалаларындағы осы нысандар қала тұрғындары мен туристердің сүйікті орындарына айналды. Мен NCOC компаниясының осылайша екі қаланың ынтымағын жарастыруға үлес қосқанын мақтан тұтамын.
Сонымен қатар шалғай елді мекендерді газдандыру мақсатында жалпы ұзындығы 1 130 км газ құбыры тартылып, 30-дан астам жоба жүзеге асырылды. Соның арқасында ауыл тұрғындарына табиғи газ жеткізілді.
Сондай-ақ, 24 300-ден астам қазақстандық азаматтар түрлі салалар бойынша білімдерін жетілдіріп, кәсіби біліктілігін арттырды. Алған білімдері арқылы олар қазір Қазақстан экономикасының дамуына зор үлес қосып келеді. Отыз жылдан астам уақыт ішінде Оператор жергілікті жұмыс күшін тарту және дамыту үшін кәсіби біліктілікті арттыру шараларына жалпы алғанда 295 миллион АҚШ доллары шамасында қаражат жұмсады.
Қазіргі таңда компаниямызда 2 860-қа жуық адам жұмыс істейді, олардың 2 750-ге жуығы қазақстандықтар. Ал NCOC компаниясындағы басшылық лауазымдардағы жергілікті қызметкерлер саны 92%-ды құрайды. 2022 жылы NCOC компаниясындағы шетелдік мамандарды қазақстандық кадрлармен алмастыру көрсеткіші 95%-ға жетті, ал 2023 жылы одан да жоғары көрсеткішке, яғни 96%-ға қол жеткіздік.
– Компания жақын арада қандай жобаларды жүзеге асыруды жоспарлауда?
– NCOC компаниясының келешек кеңейту жобалары елде энергетикалық қауіпсіздік пен көміртексіздендіру шараларын жүзеге асырудың негізгі жетекші күші болып табылатын тауарлық газ тапшылығын азайтуға үлес қосады деп сенеміз.
Бұл ретте жылына 1 млрд. текше метр газ тапсыру жобасы туралы айта кеткен жөн. Бұл жоба NCOC компаниясына қазіргі уақытта газ көлемімен шектелген мұнай өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жоба «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысынан үшінші тараптың газ өңдеу зауытына жылына 1 млрд. текше метр шикі газ жіберуді көздейді. Біз құрылыс жұмыстарын бастап кеттік, қазіргі уақытта шикі газ құбырын орнату жұмыстары жүргізілуде, олар алдағы апталарда аяқталады.
Сонымен бірге, біз 2А және 2В кезеңдері жобаларын жетілдірудеміз. 2А кезеңі бойынша біршама алға ілгеріледік. Бұл жоба D аралынан жағаға дейін шамамен 100 км шикі газ құбырын тарту, жылына 2,5 млрд. текше метрге дейін күкіртті газ өңдеу зауытын орнату және D аралы мен «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысында технологиялық кедергілерді жою жобаларын жүзеге асыру жұмыстарын қамтиды.
Газ өңдеу зауытына қатысты NCOC компаниясы мұнай-газ өндірісінде кеңінен қолданылатын негіздік жобалаудан жобалау, сатып алу және салу жұмыстарына көшу стратегиясын ұстануға ниеттеніп отыр. Негіздік жобалау бойынша жеңімпаз атанған мердігер өзінің ұсынысын жүзеге асыратын болады.
2B кезеңіне келер болсақ, біз бастапқы негіздік жобалау бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қазіргі уақытта NCOC компаниясы экономикалық тұрғыдан тиімді тұжырымдама жасау мақсатында инженерлік-техникалық зерттеулерді жалғастыруда.
Аталған келешек кеңейту жобалары мақұлданған жағдайда, қазақстандық азаматтар мен жергілікті компанияларға аса қажетті жұмыс орындары ашылатыны айтпаса да түсінікті.
Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі жөнінде бірер сөз. Қолда бар деректерге сүйенсек, Каспий теңізінің деңгейі бастапқыда болжанғаннан да жылдамырақ қарқынмен төмендеп бара жатыр. Басын ашып алайық: Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі NCOC компаниясының өндірістік операцияларына байланысты емес. Керісінше, бұл, негізінен, Каспий теңізіне өзендерден, атап айтқанда, Еділ өзенінен келіп құйылатын су көлемі мен судың булану деңгейі арасындағы қарым-қатынасқа байланысты әлдеқайда күрделі мәселе. Кен орнын қауіпсіз пайдалану тұрғысынан бұл бізге айтарлықтай қауіп төндіретінімен қоса, бұл жалпы экожүйеге, сондай-ақ, теңізді пайдаланатын басқа да салаларға (балық шаруашылығы, теңіз логистикасы, туризм және т.б.) әсер ететіні сөзсіз. Қызметімізді жүзеге асыру барысында теңіз деңгейінің төмендеуіне байланысты кеме қатынасы жиі кедергілерге ұшырайды, мәселе шешілмеген жағдайда бұл біздің теңіз кешеніндегі өндірістік операцияларымыздың қауіпсіздігі мен келешек кеңейту мүмкіндіктеріне әсер етуі мүмкін. Бұл мәселені шұғыл түрде түбегейлі шешу үшін көптеген мүдделі тараптар бірлесіп жұмыс атқаруы қажет.
Біз Қазақстан Республикасының Үкіметімен бірлесіп жұмыс істеуді жалғастырып, ел экономикасына, жұмыспен қамту деңгейіне және тұрақтылықты қамтамасыз етуге, сондай-ақ, көміртексіздендіру процесіне елеулі үлес қосуды жалғастыру үшін осы салаға қажетті қаржы бөлінуін қамтамасыз етуіміз керек. Қатаң қаржы нарығындағы басқа да жобаларды, баламалы энергия көздеріне көшуді, баға қысымын және жұртшылықтың жіті назарын ескере отырып, біздің жобаларымыз бәсекелестікке қабілетті болуы тиіс екенін естен шығармауымыз қажет. Осындай күрделі жұмыс ортасында өндірістік қызметімізді жүзеге асыру үшін біз үнемі бірлесе жұмыс атқаруымыз керек.
– Сұхбат бергеніңіз үшін алғыс білдіреміз!
Дәулетқали АРУЕВ