Жарнама
Жаңалықтар

«Соколоктың» суы теңізге қарай ағуда

Бұдан бірер күн бұрын әлеуметтік желіде «Соколок» каналының суы әу баста жобаланғанындай, теңізге қарай кетпей, діттеген жеріне жетпей, орта жолда кедергіге ұшырауда. Ал, жағдайдың неліктен олай болғанының себебі әзірге белгісіз. Ол жағын зерттеп, зерделеп жатқан да ешкім жоқ» деген мазмұнда бейнехабар тарады.

Шынымен мұның өзі онсыз да екпіндеп келген өр суынан төнген қауіптен зәрезап болған халықтың үрейін ұшырып, дегбірін қашырған жағымсыз жаңалық еді. Өйткені, бүгінгі әңгіменің басты тақырыбына айналып отырған «Соколок»  каналы Жайық өзенінің Атырау қаласына қарайғы мол ағысын азайтып, арынын бәсеңдетуге бағытталған негізгі және аса маңызды арналарының бірінен саналады. Алайда, әлеужеліде желдей ескен мына хабарды естігенде екі айдан бері есін енді ғана жия бастаған елдің қатты алаңдағаны да жасырын емес. Осыған орай, мәселенің мәнісіне үңіліп, жай-жапсырын білу үшін аталған учаскеге жауапты азаматтармен хабарласқан едік.

Белгіленген жоспарға сәйкес, сәуір айында бұл аумақта арнаны тазарту, түбін тереңдету және қосымша канал қазу жұмыстары жүргізілді. Бөгет соғуға шетелдік және отандық компаниялар үлестерін қосты. Жұмыстың кестеге сай жүруіне кейбір қиындықтар мен кедергілер келтірген жайлар да кездескен. Әйтсе де, күш біріксе, алынбайтын қамал жоғын алға ұстаған жігіттер оның бәрін де жеңіп шықты. Нәтижесінде, берілген тапсырма толықтай, тиянақты орындалып, мәресіне жеткізілді. Төтенше жағдай режимі әлі де күшінде болғандықтан, жұмыс көлемінің еңсерілгеніне қарамастан, учаскеде тәулік бойғы кезекшілік сақталуда, — деген №108 учаске  бойынша жауапты үйлестіруші Олжас Сұлтанов көпшіліктің мәселеге алаңдауға негізі жоқ екенін де атап айтты.

Анда-санда қылаң беріп қалатын алып-қашпа әңгімелерге бой алдырмай, атқарылған жұмыстың іс жүзіндегі орындалысына  сенімді болу үшін осыдан бірер апта бұрын теңіз жағына қарай барып, жағдайды көзбен көріп қайттық. Бәрі де дұрыс, жобаланғанындай, канал арқылы аққан су өз бағытымен Каспийге қарай тоқталыссыз жүріп жатыр. Жоғары жақтан келетін судың қоры әлі мол болғандықтан, оның теңізге құйылатын  көлемінің де аз болмайтыны белгілі. Негізгі жұмыстар атқарылғанымен жағдай тұрақты бақылауда. Қайткенде де бастаған ісімізді соңына дейін жеткізіп, өңірдің қалыпты өмірге оралуына қолайлы жағдай туғызуға барымызды салуға әзірміз. Ал, мына әлеуметтік желіде тараған хабарды өз басым елдің тынышын алу үшін жасалып отырған қарекет, қауесет деп есептеймін. Сондықтан алаңдауға ешқандай негіз жоқ, — деді О.Сұлтанов.

 Ал, оның әріптесі, №112 учаске бойынша бекітілген  жауапты үйлестіруші Әлібек Семғалиевтің сөзінше, «Соколокқа» қосымша салынған канал да бүгінде өзіне тиесілі функциясын ойдағыдай атқарып жатқан көрінеді. Бұл канал негізгі каналдың суы арнасынан асып, қауіп жағдай туындаған сәтте оны өзіне қабылдайтын резервтік гидротехникалық нысан  қызметін атқаруда.

– Бастапқыда жобаланғанындай, бұл күнде «Соколок» арнасының  толып ағып жатқанына да айға жуықтап қалды. Мұндағы басты мақсат – қалай да қала жақ бетті және оның аумағындағы іргелес орналасқан елді мекендерді топан судан аман алып қалу. Самар беттегі «Сарыөзек» каналы мен оған қосымша тартылған арнаның да мақсатты жұмысын атқарып жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Әңгімеміздің арқауына айналып отырған «Соколоктың» жағдайы да қалыпты, әріптесім айтқандай, алаңдайтындай дәнеңе жоқ, — деп түйіндеді сөзін түйіндеді Ә.Семғалиев.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button