Жарнама
ЖаңалықтарСаясат

Депутаттық сауал: Жоспарлы жұмыс неге кешеуілдеп тұр?

2021 ЖЫЛЫ ҚАБЫЛДАНҒАН АТЫРАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫНЫҢ 2021-2025 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН КЕШЕНДІ ЖОСПАРЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ МАҚСАТЫНДА ӨҢІРДІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ ҚАРҚЫНЫ КЕЛЕШЕК ЖОБАЛАРДЫҢ ОҢ ШЕШІМІН ТАБУЫНА СЕПТІГІН ТИГІЗБЕК. ОЛ ҮШІН ЖАН-ЖАҚТЫ ОЙЛАСТЫРЫЛҒАН ЖОБАЛАРДЫҢ ДЕР КЕЗІНДЕ ЖҮЗЕГЕ АСУЫ ШАРТ. СОЛ МАҚСАТТА ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ ӘЛІБЕК НӘУТИЕВ РЕСПУБЛИКА ПРЕМЬЕР- МИНИСТРІ ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВҚА ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ ЖОЛДАҒАН БОЛАТЫН. 

Қарашаның 24-інде жолданған хатта сенатор Ә.Нәутиев Кешенді даму жоспарына сәйкес тиісті жұмыстар жоспарланғанымен, қаржыландыру мәселесінің кешеуілдеп отырғанын атап көрсетті. Мысалы, облыс орталығында құрылыс қарқыны мен табиғи газды тұтыну көлемінің артуына байланысты Жайық өзенінің оң жағалауындағы тұтынушыларға табиғи газдың тапшылығы сезіліп отыр. Соның кесірінен өткен жылу беру маусымдарында газды көп мөлшерде тұтыну кезінде газ қысымының параметрлерін күрт төмендету фактілері тіркелген. 

Енді оның түйіні – облыс аумағындағы «Финская-120 АГТС» және «Редут-Финская-120 АГТС» магистралды газ құбыры тармағын салу. Құны 20 миллиард теңгеге жуық жобаның жалпы ұзындығы – 46,8 шақырым, құрылыс мерзімі – 16 ай. Егер осы жоба жүзеге асса, оң жағалаудағы «Нұрсая», «Нұрсая-2», «Нұрсая-3» және «Самал» шағынаудандары мен қала маңындағы елді мекендердің 150 мыңнан астам халқы тұрақты және үздіксіз табиғи газбен қамтамасыз етілмек. Кешенді жоспардың 136-137 тармақтарының негізінде 2024-2025 жылдарға арналған бұл жобаны жүзеге асыру үшін Атырау облысының әкімдігі республика Энергетика министрлігіне бюджеттік өтінімді биыл 8 тамызда жолдаған. 

Сенатордың хатына жауап бер- ген Үкімет басшысы Ә.Смайылов бұл мәселені қаржыландыру келесі жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде қаралатынын қаперге берді. 

Әлібек Ибатоллаұлының тағы бір көтерген мәселесі – Жайық өзені жағалауының табиғи ағыспен құлауы салдарынан Махамбет ауданының Алға ауылына зор қатердің төнуі. Шынында, қазір Алға ауылының жағадағы үйлеріне дейін өзен арнасы небәрі 60-70 метр қалған. Жыл сайын көктемгі су тасқыны кезінде 15-20 метрге дейін арақашықтық қысқарып барады. 

Ол үшін өзен жағасын бекіту қажет. 3,2 километрге созылатын бұл аумақта құрылыс жұмыстарын жүргізу мәселесі Үкімет тарапынан қолдау тауып, 2021 жылы жұмыс басталғанымен, қаржыландырудың кешеуілдеуінен келесі жылы жұмыс тағы тоқтап қалғалы тұр. 2024 жылы жаға бекіту жұмыстарын толық аяқтау үшін 3 мил- лиард теңгеден астам қаржы келесі жылдың бюджетінде қаралмаған. Олай болса, бұған дейінгі жасалған жұмыс зая кетпек. Табиғи өр суы толық аяқталған арнаның қазба жұмысы, электр желісін ауыстыру, енді ғана басталған қада қағу жұмыстарын шайып кетері сөзсіз. Бастысы, жағадағы тұрғын үйлерге аса қауіп. 

Ал, бұған Премьер-Министр 2021- 2023 жылдары бюджеттен бөлінген 4,1 миллиард теңгеге жоспарлы жұмыстар жасалғанын көрсеткен. Неге екені белгісіз, Сенат депутаты көтеріп отырған негізгі проблемаға мән берместен, өз хатында су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспарланғанын ғана атап өтіпті. 

Депутат Ә.Нәутиев көтерген үшінші мәселе – көлік жолын асфальттау. Бес жылға арналған Кешенді даму жоспарының негізінде Атырау қаласында көлік инфрақұрылымын дамыту үшін республикалық бюджет есебінен жыл сайын 12 миллиард теңге бөлу көзделген еді. Яғни, 2021- 2023 жылдары 36 миллиард теңгеге көшелерді асфальттау жоспарланды. 

Соған қарамастан, бірақ сұралған қаржының 30 пайызын ғана 2024 жылы бөлу жоспарланып отыр. Бұған дейінгі сұраныстан 2022 жылы 1,5 миллиард, 2023 жылы 6,2 миллиард теңге бөлінген жоқ. 

Егер басталған іске осындай немқұрайлылық болса, нәтижеге қол жеткізуді айтпағанда дайындалған жобалау-сметалық құжаттарының мерзімдері өтіп, жобалардың құны қымбаттап кететіні белгілі. 

Республика Үкіметінің басшысы Әлихан Смайылов өз хатында 2022- 2023 жылдары Атырау облысында көлік жолын салу және реконструкциялауға республикалық бюджеттен барлығы 29,2 млрд. теңге бөлінгенін, оның 16,3 млрд. теңгесі қала ішіндегі 14 жобаны жүзеге асыруға қаралғанын тілге тиек еткен. Тек келесі жылы осы мақсатқа 9 жобаны іске асыру үшін 4,8 миллиард теңге республикалық бюджеттен бөлініп отырғанын, ал қосымша қаржы 2024 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде қаралатынын айтыпты. 

Үкімет басшысының көңіл жұбатарлық жауабы шынында Атырау жұртшылығын да қуанта қоймасы анық. Өйткені, Атырау облысы соңғы үш жылда республикалық бюджетке 644,9 миллиард теңге, Ұлттық қорға 6,9 трилли- он теңге көлемінде табыс құйып отыр. Осындай донор өңірді дамыту үшін сұралған қаржының тең жартысының да берілмеуі орынды өкпе-ренішке негіз болары анық. Онсыз да табиғи ахуалы төмен аймақтың тұрмыс жағдайын жақсартудың орнына шөміштен қысу ел Үкіметінің көзқарасын да көрсетсе керек. 

Қуат ҚОСЫМБАЕВ 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button