«Соғысқа бара жатқанымызды білмедік»- ардагер
Биыл Ауған жерінен кеңес әскерлерінің шығарылғанына – 35 жыл. Ауған соғысы… Ол қандай соғыс? Көздеген мүддесі не еді? Бұл сұрақтарға жауап табу қиын. Себебі бұл – бір елдің ішкі саясатына басқа елдің араласуынан туындаған соғыс. Біз оған еріксіз куә болдық, қатыстық, боздақтарымыз құрбан болды. Асыл ерлерді құрбан еткен – олардың интернационалдық борышы еді дедік… Ал шындығында, тарих көшінде қалған саяси ойын мен тұрлаусыз мүдделердің құрбандары еді олар.
Бүгінде он жылға созылған соғыстың зардабын тартқан ардагерлердің ең кішісінің жасы – 55-те. Ал сол кезде офицер болғандары қазір жетпістен асқан. Отыз бес жыл артқа шегініс жасап Атырау облысы бойынша Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Әлішер Ізғалиұлы Куловтан осы бір зұлмат жылдар жайында сұраған едік.
-Әлішер Ізғалиұлы, Ауған жеріне соғысқа баратыныңызды білдіңіз бе?
-Осы сауал көптің көкейінде-ау. Бірінші кездескен адам сұрайды. Біз соғысқа бара жатқанымызды білмедік. Кеңес кезі ғой, әкем жұмыс барысымен Жайық бойындағы Чкалов ауылына көшіп келдік. Сөйтіп, Махамбет ауданынан 1985 жылдың күзінде әскер қатарына қабылдандым. Әскерге ол кезде денсаулығы жақсы, күшті жігіттерді іріктеп алатын. «Команда – 20 А» деген топта 60 жігіт болып Ашхабад қаласына кеттік. Біздер Түркімен жеріне кіргенде Чарджау бекетінеде қарсы келе жатқан пойыздан түскен әскерлерді көрдік. Жолдан кездескен әскерлерден сұрап, таныстық. Олар – Ашхабадтан келе жатыр екен. Ал, біз керісінше сол қалаға барамыз.
Кейін білдік қой, олар денсаулығына байланысты соғысқа жіберілмей қалған солдаттар екен. Біз алты ай бойы әскери оқуға дайындалып, кейін майдан шебіне аттандық. Командирлерден «соғысқа барасыңдар» дегенді естігенде алғашында үрпейісіп қалғанбыз. Кейін бәріне көнеді екенсің. Үйге төрт ай дегенде командирлердің айтуымен соғысқа баратынымызды ескертіп хат жазған едік. Шегінерге жол жоқ. Не болса да, бағымыздан көреміз деп тек алға ұмтылдық.
—Ауған жерінде, майдан даласында қанша уақыт болдыңыз?
— Ең алдымен Ашхабад қаласында алты ай әскери оқудан өттік. 13-ші қалашық деген оқу орнында саперлік бөлімшеде оқыдым. Әскерге дейін үш ай дәнекерлеуші мамандығын оқығанмын. Сол тоқтың айналасын жақсы білгенен кейін мені саперлік бөлімшеге жіберді. Саперлік дегеніміз бұл — ұрыс даласында мотоатқыштар, танк және артиллерия ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге арналған инженерлік әскери бөлімшелер. Алты ай оқып, сәуірде емтихан тапсырдық. Ауғанның офицерлері келіп бізге миналардың құрылысын, техникалық характеристикасын, салмағын, ішіндегі тротилі қандай? қалай қолдану керек? бәрін үйретті. Саперлік полктің қатарында екі аптадай тағы дайындалып, мамыр айының бас жағында Парван провинциясы, Баграм қаласында 108 дивизияның саперлік-инженерлік бөлімшесінде сержант болып, кейін звод командирінің орынбасары болдым. Түүрлі әскери, дивизиялық операцияларға қатыстым. Сондай шабуылдар кезінде біздер, саперлер дивизияның алдында жүреміз. Келе жатқан колонналардың алдында миналарды қарап, қорғап келеміз. Біздің алдымызда үлкен катогы бар трал машиналар жүреді. Бір-екі күндік әскери шығуларды есептемегенде, майдан даласында жүріп 13 рет әскери операцияға шыққан екенбіз. Әскери операция дегеніміз, ай жарым уақытқа созылады.
Әңгімелеп отырып, сол кездің қиыншылықтары көз алдымда көрген түстей өтіп шықты ғой…
— Өз балдарыңызға қарап сол кездің жастарымен қазіргі жастарды салыстырып отырасыз ба? Қандай қасиеттер жетіспей жатады?
— Өте орынды сұрақ. Осы ой мені жиі мазалайды.Ол кезде біздер әскер қатарына баруға кәдімгідей құлшынып тұрдық. Он сегізге толған бойда әскерге алса екен дейтінбіз. Егер әскер қатарына алмай қойса, ұят болатын. Құрдастарымыздың, қыздардың күлкісіне қалатын едік. Әскерге жарамсыз деп аяушылық сезіммен қарайтын болды. Ол кезде әскер екі жыл болды. Әскерге кеткен жастарға ел, ағайын-туыс сеніммен, құрметпен қарайтын еді. Дені сау жігіттердің бірінші борышы – Отан алдындағы борышын өтеу еді. Бір сөзбен айтқанда, «әскерге бару – авторитет». Қазіргі жастар керісінше, әскерге барғысы келмейді. Әрине, бәріне топырақ шашпаймын. Кейбір спортпен шұғылданатын жігіттердің арасында құлшыныс бар. Байқағаным, әсіресе, ауылдың жастары соңғы кезде әскер қатарынан қалмауға тырысады. Осы көңілге қуаныш ұялатады. Өз басым әр ер азаматтың бірінші міндеті – Отанға адал қызмет ету, елін, жерін сүю деп білемін. Қазіргі жастар – достықтың, бауырластықтың қадірін де өз деңгейінде ұқпайды деп ойлаймын. Мысалы, біздің жалындаған жас бозбалалық шағымыз соғыс алаңында өткендіктен бе, бауырмал, дос болып жүретінбіз. Қатқан қара нан мен суды қанағат тұттық.
— Соңғы кездері Ауған соғысы ардагерлерінің мәртебесіне қатысты сауалдар жиі қойылып жүр. Бұл тұрғыда ойыңыз қандай? Ауған соғысы ардагерлері өз деңгейінде ұлықталып жүр ме?
— Әскер қатарында жүріп соғыс даласына аттандық. Интернационалдық борышымызды өтеп келдік. Соғыс деген сөздің өзі ауыр ғой. Жат жерде соғыстың өртін көрудің өзі адамды батыр қылып шығарады. «Ерлік — жан дүниенің ұлы қасиеті» ғой, өмірінің өлшеулі бір бөлігін, жалындаған жастық шағының жартысын оқ пен от арасында өткізіп, елге аман-сау оралудың өзі, туған жермен аман-сау қауышудың өзі бар бақыт. Бір – ғанибет.
Жыл сайын 15 ақпан – кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғаны аталып өтеді. Биыл 35 жыл толуына орай жоспарлы шаралар тізімі жасақталды. Жыл сайын ауған ардагерлері мектептерде, кітапханаларда жастармен кездесіп өздерінің өмір жолдарын айтып, Отан алдындағы борышын өтеудің маңызы жайында әсерлі әңгімелерімен бөліседі. Спорттық шаралар өтеді. Ауған жерінде қайтыс болған ардагерлердің атына турнирлер ұйымдастырылып жүр. Қазір ардагерлердің жастары үлкейген сайын ауырмайтын жері жоқ. Сол үшін ҰОС ардагерлерімен теңдей дәрежеде теңестірсе екен дейміз. Олар қазір тек Астана, Алматы қалаларында арнайы әскери госпитальдерге барып емделеді. Атыраудың экологиялық жағдайын ескеріп ардагерлерімізге жылына бір рет курорттық шипажайларға жолдамалар берілсе жақсы болар еді.
-Уақытыңызды бөліп әңгімелескеніңізге рахмет. Өздеріңіздей майдангер ағаларымызбен сұхбаттасудың өзі — бір мәртебе.
Әңгімелескен Нұргүл Ысмағұлова
- Ауған соғысы – он жылға созылды. КСРО елдерімен қатар Қазақстаннан 22 мың адам қатысып, олардың 761-і қаза тапқан, 21-і хабарсыз кеткен.