Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайыҚоғам

SMS-хабарлама арқылы тіркелген аналарға куәлік табысталды

Жаңа босанған аналар енді перзентханадан шықпай тұрып сәбилерін автоматты түрде тіркеп, куәлік алады. Ол үшін egov.kz сайтына тіркелген болуы керек. Сонда бала өмірге келісімен оның ата-анасына SMS-хабарлама арқылы құттықтау келіп, аталмыш мемлекеттік қызмет түрі ұсынылады.

ЕАС 168

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» АҚ Атырау облыстық филиалы Халыққа қызмет көрсету орталығы департаментінің директоры Тұрлан Нұржановтың айтуынша, республика бойынша 11 қаңтарға дейін алты мыңға жуық анаға смс-құттықтаулар түскен. Соның ішінде Атырау облысы бойынша Атырау қалалық перзентханада дүниеге келген Бағыт Әли Тілекқабылұлы мен облыстық перинаталды орталықта өмір есігін ашқан Мақсым Омар Нұрбекұлына проактивті әдіспен куәлік алу сәті бұйырып тұр.

Омар Нұрбекұлының анасы Жайдар Ибатоллақызы – облыстық перинаталды орталықтағы ең алғашқы проактивті әдісті пайдаланып көруші. Тұңғыштарының куәлігіне ие болу қуанышты сәтіне сәбидің әкесі Нұрбек те арнайы келіпті.

«Жасым 24-те. Өзім Махамбет ауданының тумасымын. Отбасылы атанғанымызға екі жылдай болды. 10 қаңтарда ұлды болып, жұбайымыздың, туған-туыстарымыздың қуанышында шек жоқ. Оның үстіне жедел, авоматты түрде оп-оңай рәсімделетін куәліктің алғашқы иегері болу ұлымызға бұйырыпты. Қуаныштымыз»,-дейді жас ана.

ЕАС 197

Айта кетейік, бұл пилоттық жоба «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамының проактивті әдісі аясында жүзеге асып отыр. Бүгінде бала туғаннан кейін ата-аналар баланы тіркеу, куәлік алу, жәрдемақы тағайындау және балабақшаға кезекке қою үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарына баруы тиіс болатын.

Енді проактивті қағидаттың іске қосылуына байланысты фронт-офистерге барудың, тіпті электрондық үкімет порталына жүгінудің де қажеті жоқ. Рәсімделген соң оған смс хабарлама келеді.

Ата-ана халыққа қызмет көрсету орталығына баланың куәлігін алып кету үшін ғана барады немесе үйге жеткізу қызметін пайдалануға да мүмкіндігі бар.

Нұргүл НАСЫР

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button