Ақын қазынасын зерделеу

Murat Suret Қоғам

Қазақтың ұлттық салтын, шешендік өнерін дамытып, алға апарушы- халық ауыз әдебиетінің көрнекті өкілі, суырыпсалма ақын  – Мұрат Мөңкеұлы. Мен алғаш рет оның есімін атам Мәтібайдан естідім.

Мурат Сурет

Ол кісі еске алып отырып: «Біздің бала кезіміз еді. Жазғы жайлауда Қарабау, Қаракөл өңірінде (Қазіргі Қызылқоға ауданының жері) әр ауыл қырға шығатын. Бір күні үлкен той болды, «оған Мұрат та келеді» деген хабарды естідік. Сол өңірде Қаратоқай, Есентемір және басқа ауылдардан бірнеше үй әр жерде малдың жайылымының ыңғайына қарай қоныстанып отырғанбыз. Киіз үй тіккен көп ауылдардың арасы алты шақырымдай. «Түнгі дауыс алысқа кетеді» деген рас шығар, сол тойға келген Мұраттың салған әні, жырлаған жыры  келесі ауылдағыларға да естіліп жатты. Ол кісі орта бойлы, зор денелі, түсі суықтау, үлкен, қыр мұрынды адам екендігі менің есімде қалды»- дейді. Өзімнің осы үлкен әкемнен мен Бөкен бидің, Асау Тұрланның айтқан сөздерін көп естідім.

Тағы бір айтатын жағдай, соғыстан кейінгі елдегі қиын  жылдар. Біздің үйде Мұрат Мөңкеұлы туралы 1942 жылы шыққан бір кітап болды. Сәбит Мұқановтың «Қазақтың XVIII-XIX ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер» кітабында Мұрат туралы жазылған мазмұнды материалды үлкен әкем маған қайта-қайта бірнеше рет оқытты.  «Сарыарқа», «Үш қазан», «Қарасай Қазы», міне, 65 жыл өтсе де әлі күнге дейін ұмытылмайды. Қазір де жатқа айтып бере аламын. Оның ұмытылмау себебі, менің пікірімше, үлкен әкемнің «бұл – біздің аталарымыз, ол осындай адам болған»  деген сөзінен болса керек.  Соғыстан кейінгі жылдары біздің үйге бірнеше рет Құмар Жүсіпов келіп, бірнеше күн қона жатып Мұрат туралы талай мазмұнды жырларды айтқанының куәсі болдым.

Берқайыр Аманшин «Мұраттың ғұламалық ісі, яғни, оның Махамбет өлеңдерін жаттап алып, бізге жеткізген»,- деген пікір айтады (Аманшин Б. Махамбеттің тағдыры, Алматы «Жазушы», 1991. 350-бет).  Мұрат пен Үзім айтысы көптеген әдебиеттерде кездеспейді. Тек соңғы жылдары ғана жазылды. «Бұндай қысқаша сөз қағысу айтысқа жатпайды» деген де пікір бар. Халел Досмұхамедов Мұрат Мөңкеұлы туралы  1923 жылғы мақаласында былай дейді: «Мұраттың сөздерінде жер аттары көп ұшырасады. Бұлардың көбі ескі аттар. Осы аттардың бірқатары осы күнде Еділ, Жайық алаптарында кездеседі. Бұл жерлерде қазақ қай мезгілде жүрген? Боқсақты, Теңгелік, Өгізтау, Бесешкі, Бадашы, Қараша тағы қай жер? Құбанда қазақ қай уақытта жүрген?

Асан қайғы, Қазтуған, Айсаның ұлы Әнет, Қараның ұлы Сидақ, Жаңбыршының ұлы Телағыс, басқа да айтылған бөтен батырлар кім? Бұлар қай уақытта болған?» Халел бұл мәселені бұдан 95 жыл бұрын жазса да, толық жауапты берген ешкім жоқ.

Мұраттың «Бегалыға», «Айжарыққа», «Есенғапиға», «Қожа болысқа», «Базарұлы Тілекке», «Адай келіншекке» айтқандары немесе «Әбіш байды мақтауы», «Батырларды жоқтауы», «қыздардың тойын бастауы» және басқа өлеңдерінде осылардың арғы-бергі тегінде кім болған адамдар, халыққа қандай пайдалы іс істеді, немесе дүниеқоңыз, тек байысам деген адамдардың  жақсы, жаман қасиеттерін келістіріп, жырға қосып баяндайды. Ал, «Әттең,  бір қапы дүние-ай», «Жалғаншы фәни жалғанда» және басқа термелерінде осы проблеманы әрі қарай жалғастырып, елін, жерін сүю, адамдардың тату болуын насихаттайды. «Балуан, байлық, батырлық үшеуі қолдан келмей жүр» десе, кейбір толғаулар мен термелерде «Мен белгілі жүйрікпін» деп өзінің шешендік өнердің нағыз хас шебері екендігін жазады.

Мұрат өткен тарихты білетін шежірелі ақын және осы тарихты елдің мұң-зарымен байланыстырып, патша үкіметінің қазақ халқына істеп отырған озбырлығын, соның кесірінен кең қоныстан, әдет-ғұрып, салт-дәстүрден айырыла бастағанын баяндайды.

1923 жылы жазған Халел Досмұхамедовтың Мұрат туралы мынадай бір ұлағатты сөзі бар: «Осы күнгі жігіттеріміздің бір қатары күні бүгінге дейін рудың әсерінен құтыла алмай жүргенде, өткен ғасырда өмір сүрген Мұратқа рушыл болдың деп кінә қоюға, әрине, болмайды». Қандай айтылған тамаша сөз. Міне, 95 жыл өтсе де,  әлі күнге дейін, «оңтүстік, батыс, шығыс» деп немесе «Арғын, адай» деп айту  тыйылды ма?!  Халел Досмұхамедовтің 1923 жылы Мұрат туралы мақаласында «Ол көп өлеңдер шығарған. «Қарасай, Қази туралы Мұрат екі күндей айтатын еді» деп ақсақалдардан естігенім бар. Ақын сөздерінің көбі осы күні жойылған. Біздің басып отырған «Қарасай – Қазиымыз» ұзақ сөзден қалған бір жұрнақ» («Х.Досмұхамедұлы таңдамалы», Алматы, «Ана тілі», 1998, 93-бет).

Ол кезде Мұраттың жырларын жазып алатын адам болмағандықтан, көпшілігі баспа бетіне жарияланбаған. Бірақ, әлі де Мұрат мұрасын халық игілігіне айналдыру үшін қарттардан Мұрат жырлаған өлеңдерін жазып алу қажет. Бай мұраны бүгінгі күнге толық жеткізе алмасақ та,  ұлттық руханиятқа сүбелі үлес қосқан болар едік.

 

Аманқос ҚАРЖАУБАЕВ,

 Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, педагогика

ғылымдарының кандидаты.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз