Әскери бөлімдерде өткен сержанттар кеңесінде не айтылды?
Жақында «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдерінде сержанттар кеңесінің отырысы өтті. Онда сержанттар құрамының міндеттері талқыланып, оларды даярлау жүйесін дамыту жөнінде нақты тапсырмалар қойылды.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен капитан Рүстем Игісіновтың мәлімдеуінше, оқу жылы басталысымен әскери бөлімдерде жаппай жауынгерлік даярлық сабақтары қарқынды жүргізілуде. Осы үрдістің басты жетекшілерінің бірі болып сержанттар құрамы жұмыс жасауда. Оларды толғандыратын мәселелер Сержанттар кеңесінде талқыланып, шешімін тауып келеді.
Сонымен қоса, сержанттардың абыройы мен намысына, әскери серіктестік, әскери бөлімге жаңадан келген әскери қызметшілерге қалыптасуда көмек көрсетуге қатысты көптеген өзекті мәселелер талқыланды. Бұдан басқа, сержанттардың отбасыларында моральдық-адамгершілік жағдайды нығайту, балалары оқитын мектептерге көмек көрсету, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту мәселелері қаралды.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығының 3-сыныпты сержанты Тимур Иманалов «Сержанттардың жұмысындағы сәттілік көбінесе олардың міндеті мен бағыныштыларының іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарайтынына байланысты», — деген пікірін жеткізді.
Жалпы, Қарулы Күштерде сержанттардың әскери мәдениетін арттыру, олардың жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру жұмысына белсене араласқаны құптарлық.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА