Әскердегі бір күн
«Жауынгерлердің жағдайы жайлы. Курортта демалып жатқандай екен» деді қасымдағы әріптесім әскерилердің тірлігімен жақынырақ танысып жүріп. Шынымен, олардың бүгінгі өмірі бұрынғыға ұқсамайды. Казармалардың іші кең де жарық, тап-таза. Салқындатқыш, теледидар қосулы. Бейнекамералар айналаны алақанға салғандай көрсетіп тұр. Демалыс бөлмесінде тотықұсқа дейін бар. Ал, сарбаздар Атыраудағы айтулы моншаға кезек-кезегімен барып, шомылады.
Бұл «Батыс» өңірлік қолбасшылығы ұйымдастырған баспасөз туры барысында 41433 әскери бөлімінен көргеніміз.
Журналистердің әскердегі бір күні «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Дәулет Оспановтың қабылдауынан басталды. Рязань жоғары әскери қолбасшылық байланыс училищесінің, Қазақстан Қарулы Күштері Әскери академиясы түлегінің қазіргі лауазымды қызметке кіріскеніне екі жыл толады. Осы аралықта әскери қуатты күшейту, кешенді оқу-жаттығулар ұйымдастыру, жауынгерлер дайындығын көтеруде ауқымды шаралар жүзеге асыпты.
– Президент кезінде аймақтың әскери-саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайы өзгеруі салдарынан туындайтын қауіп-қатерге қарсы жедел әрекет етуге мүмкіндік беретін мықты топ құру туралы тапсырма берген еді. Осының негізінде Батыс әскери округі Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарының аумағында жұмысын бастап, содан бері мемлекеттің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету мақсатында қызмет етіп келеді. Өңірлік қолбасшылық басқармасы 2005 жылы Ақтөбеден Атырауға көшірілді. Сол жылы маусым айында Атырау қаласындағы «Батыс» өңірлік қолбасшылығын Бас қолбасшы, Елбасының өзі келіп ашты. Біздің қолбасшылықтың екпінді күші және басты ерекшелігі – Ақтау қаласындағы теңіз жаяу әскері. Өңірлік қолбасшылықтың құрамына Әуе қорғанысы күштерінің орталық бағыныстағы бөлімдері мен әскерлерін қоспағанда, аумақтық бөлініс шегіндегі әскери бөлімдер кіреді. Мемлекеттің қолдауымен әскери дайындыққа, қойылған міндеттерді мүлтіксіз орындауға барлық жағдай жасалғанын атап өткім келеді, — деді «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскерлерінің қолбасшысы Дәулет Рысқұлбекұлы.
Баспасөз туры бірнеше бағытта ұйымдастырылды. Алғашқысында әскерилердің әлеуметтік жағдайына маңыз берілсе, келесісінде қару-жарақ, арнайы техникалар таныстырылды. Дегенмен, журналистер үшін Қарабатандағы оқу-жаттығу полигонына сапар ерекше қызықты көрінді. Бұл жолы оларға қаламын әскери қару АК-74 автоматына уақытша алмастыруға мүмкіндік берілді. Бастарына каска, кеуделеріне оқ өткізбейтін сауыт киген журналистер тобы алыстағы нысананы көздеп атудан сайысқа түсті. Оның бәрі әскери қатаң тәртіп, қалыптасқан дағды бойынша жүзеге асты. Тілшілердің арасында қыздар да берілген тапсырманы мүлтіксіз орындап шықты.
– Әлемнің кейбір елдерінде қанқұйлы соғыс, әскери қақтығыстар болып жатыр. Өздеріне қауіп төнсе де оған журналистер барып, шынайы жағдайды, нақты ақпаратты жұртшылыққа жеткізуде. Дегенмен, көлденең жағдайлардан қаза тапқандары да бар. Ендеше, тілшілердің әскери дайындығын шыңдап отыруды маңызды іс деп білеміз. Атыраулық журналистер бүгінгі сыннан сүрінбей өтті. Олардың бірқатары сұрмерген жауынгерлермен бірдей ұпай жинады, — деді «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының әскери дайындық жөніндегі орынбасары, полковник Амангелді Жанесов.
Азамат БАЗАРБАЕВ.
Суреттерді түсірген: Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ.