Сіз үйдегі жүгермегіңізді жұмсайсыз ба?
Atr.kz/23 қыркүйек, 2019 жыл. – Боямайсың! Болды!
– Ну, бабуль…
− Жазда бояған сары шашынан әзер құтылып едік, енді міне, шашының түсін тағы да өзгертемін деп әлек салуда. Әжей есік алдындағы орындықта отырған көршілердің шетіне жайғасып жатты. Соңғы кезде сәнге айналған q-pop стилімен киінген жасөспірім иығын қиқаң еткізді де, өзі құралыптас балаларға қарай бет алды. «Шашын бояғаны несі?» «Мектеп қалай рұқсат беріп отыр?» «Бір күні сырға тағамын дер» «Масқара!» Тақырып қызу талқыланып жатыр еді, таксиден жаңа көршілер түсті де, әңгіме ауаны басқа жаққа бұрылып сала берді.
Дүкенге бет алдым.
…Бізге тең келетіндер жоқ қой,
Тағыма отыр,
Қолыңнан келсе, құлат та,
тағыма отыр…
Көршім көзіме оттай басылды. Жоғары сыныпта оқитын жасөспірімдер телефонға дауыс зорайтқыш қосып алып, «әсем әуенге» қосыла шырқауда. Еліте тыңдағандары – анау, киіну стильдері де соған сай. «Бұл күнде кім кімге ақыл айтқандай? Өз таңдаулары. Ата-аналары да рұқсат беріп отыр». Ішкі ойым осылай десе де, «кластың еденін оқушыларға жуғызу арқылы еңбекке баулу қажет» деген бастаманы бұл балалардың да, олардың ата-аналарының да қолдамасын анық сезіп отырмын. «Біз де еден жудық, ештеңеміз кеткен жоқ».
Аталмыш жаңалық жария болысымен-ақ осындай ұстанымда едім. Енді… Ойланып отырмын… Қазіргі жастардың қызмет қылуға қыры жоқ, әлжуаз, нәзік болып бара жатқанына ата-аналар кінәлі емеспіз бе? Оның үстіне қосымша сабақтарға, үйірме-курстарға сүйрейміз. Сабақ оқысын деп, мазасын алмауға тырысамыз. Сөйтеміз де, үйге қонақ келгенде қолға су құятын бала таба алмай қаламыз. Әйтеуір, баланы тым өбектеп бара жатқандаймыз. Ал, сіз үйдегі жүгермегіңізді жұмсайсыз ба?
Гүлжан ӘМІРОВА