Сіз қай аялдамадан түсесіз? «Исатай-Махамбет» пе, «Агентство» ма?
Осыдан үш-төрт жыл бұрын шамасында қаланың орталық көшелерінде қатынайтын маршруттарда аялдамалардың аты арнайы жазылған дыбыс құрылғысы арқылы хабарланып жүрді. Аялдамадан кейде шатасып, тіпті айтуды ұмытып кетіп жататын жолсеріктердің (кондуктор) жұмысы біраз жеңілдеп, жолаушыларға да қолайлы болған еді. Алайда, бұл өркениетті қадам көпке бармады. Қоғамдық көліктердің уақытын көрсетіп тұратын арнайы табло да ұзақ жұмыс жасамады. Қыруар қаражат бөлініп, халыққа «қызығын» көрсететін заманауи құрылғылардың «ғұмыры» не себепті қысқа болды?
«Әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа болмағандықтан, қоғамдық көліктерден бөлек, жолсеріктердің жұмысы да жөнсіз кетіп барады. Көпшілікпен қарым-қатынас, мәдениет мәселесі бір бөлек, аялдамаларды өздерінің «тілінде» атап жүрген олардың жұмысына жауапты кімдер?
Ардагер неге алаңдаулы?
«Кезінде Атырау қалалық мәслихаты мен әкімдігінің шешімімен «Исатай-Махамбет алаңы» деп аталуға тиіс аялдама әлі күнге дейін «Агентство» деп айтылып келеді. Аялдаманы бұрынғы атауымен атаған №12 маршруттың егде тартқан жолсерігі оның «Исатай — Махамбет алаңы» деп аталатынын айтқан маған күмән келтіріп, денсаулығыма сенімсіздік танытқандай мүсіркеу көзбен қарады…»
Бұл – екі парақ қағазға бар өкпе-ренішін түсіріп, мәселеге бейжай қарай алмай, жасы сексеннен асса да редакцияға арнайы келген аймақтың абыройлы азаматтарының бірі, білім саласының ардагері Парух Мардановтың сөзі. «Ел қамы үшін жаралған батырлар атымен аталатын аялдаманы жолсеріктер неге айқайлап тұрып айтпайды? Біз ұлты үшін құрбан болған ерлерімізді насихаттаудың орнына неге немқұрайлылық танытып жүрміз?» деп жанайқайын жанұшыра жеткізген ардагер аялдаманы заңды атымен атауға талап қойылуы керектігін айтты.
Махамбеттің 200 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылған бұл алаң төріндегі Исатай мен Махамбеттің ат үстіндегі бейнесі әрбір атыраулықты мақтаныш сезімге бөлейтін ерекше құбылыс. «Елі, халқы, «қара қазан, сары бала қамы жолында» қаза тапқан қос батырларды өз ішімізде, шеттен келетін туристерге де үнемі насихаттап отыру – біздің азаматтық парызымыз. Бұл аялдаманың аты кезінде «Некрасов көшесі» еді. Оң жақ іргесінен бес қабатты тұрғын үй салынып, бірінші қабатында қалалық АХАЖ болғандықтан «ЗАГС» атанды. Ал, ол көшкен соң аялдама «Старый ЗАГС» атанды. Аэропорт агенттігі сол жердің қарсы бетіндегі көпқабатты үйдің бірнеше бөлмесін жалға алып орналасып, кейін сол аялдаманы «Агентство» деді. Мұның бәрін шығарып жүрген автобус жолсеріктері. Жөнсіздіктер шешімді орындаудың тетіктері ойластырылмағандықтан орын алып отыр. Қалай болғанда да осы мәселеге талап қойылуы керек. Бұл ешқандай қаржыны талап етпейтін жағдай» деді ол.
Иә, ойланып көрсең, аялдаманы атау жолсеріктердің таным-түсінігіне тікелей байланысты. Алайда, көбіне олар елге қате ақпарат беріп жүргендерін де ойламайды. Әр аялдама сайын қайталанатын сөздері елдің құлағына сіңе береді де, жұртшылық солай дұрыс деп қабылдайды. Парух ағамыз секілді аялдаманың соңғы атауын санаулы адамдар ғана білгенімен, жаңалық көпшіліктің құлағына жетпей жүр. Бұл атауға атүсті қарап келген жауапты қызметкерлердің кемшілігі. Ең өкініштісі, бір емес, қаладағы 67 аялдаманың аты өзгергелі бері он бір жыл уақыт өткенін біреу білсе, біреу білмейді. Дегенмен, мәселенің мән-жайын анықтау мақсатында біз бірқатар жауапты мамандарды тыңдап көрген болатынбыз.
Атырау қалалық әкімдігіне жолдаған ресми хат арқылы «Смарт Атырау» коммуналдық мемлекеттік мекемесінен жауап келді. Мекеме директорының міндетін атқарушы Лунара Рыспай мәселе бойынша барлық тасымалдаушыларға арнайы хат жолданғанын хабарлаған. Жауапты мекеме алдағы уақытта жолсеріктермен аялдамалардың соңғы атауларын насихаттау бағытында жұмыстар жүргізіліп, талап қойылатынын мәлімдеп отыр.
Құп делік. Десек те, маршруттарда көз алдында аялдамалардың жаңа аттары жазылған сызбаны жолсеріктер осы уақытқа дейін неге елемей келген?
«Жүре берсең, көре бересің…»
Мәселенің анық-қанығына көз жеткізу мақсатымен қоғамдық көлікке отырып, «жолсеріктер аялдамаларды қалай атайды?» деген көкейдегі сауалға жауап алуды көздедім. Бір сағаттың үстінде жүрген уақытым текке кетпепті. Аялдама атауларынан басқа бірнеше мәселенің де басы ашылды.
Түскі сағат 14.00-де №14 маршрутқа отыру үшін Теміржол вокзалына жеттім. Аялдамада тұрған екі автобус та бұзылған. Мемлекеттік нөмірі 536 АА сериялы жүйткіп жеткен автобус сол бойда қайтадан жолға шықты. Басқалары бұзылып, жолаушыларды бір өзі ғана тасып жүргендей. Себебі, жылдамдықты бір азайтпады. Бұл бір мәселе делік. Екінші мәселе, билетке қатысты. Жолақы алуға жаныма келген жолсеріктен билет сұрадым. Билет сұраған адамды бірінші рет көріп тұр ма, маған күмәнмен қарады. Қалтасына тыққан билетті шығара бергенде, «Мұны маған емес, барлығына неге таратпайсыз?» дедім «Уақыт жетпейді, үлгермейміз» деп қысқа жауап қайырды. Әрі қарай ақша жинап кетті. Бір қызығы, бір айналып келіп басқаларға да билетті тарата бастады. Аты-жөндері белгісіз, кеуделерінде көк-сары «жолсерік-кондуктор» деген жазу ғана бар кеудеше киген олар аялдаманы да әлі күнге бұрынғы атаулармен атады. Оларға дұрыс-бұрысын айтып жатқан Парух ағамыз секілді жолаушыларды да көрмедім. Тек орталықтағы аялдамаларды ғана дауыстап айтады, ал, қалған жерлерде үн-түнсіз тоқтап, жүре берді. «Светлана» деп айтылып жүрген аялдаманың «Кеден» екенін жұртшылық әлі білмейді. Оны өзім де автобустағы арнайы сызбадан оқып, аң-таң болдым. Отыратын орын таппай қасымда тұрған кейуана да «Айналайын, жүре берсең, көре бересің. Біз мұны бұл уақытқа дейін білмей келіппіз ғой» деп жан-жағына жалтақтай қарады. Жолсерік те бұрынғы әдетпен «Светлана» деп сайрады. Көз алдында жазылып тұрған «Исатай-Махамбет» аялдамасын да «Агентство» деп айқайлап тұрып айтты…
Сол секілді бізге кезіккен мемлекеттік нөмірі 139 АД сериялы №12 маршрут жолсерігі де «Д.Нұрпейісова» аялдамасын «Академия», «Ақ жайықты» әлі де «Юность», «Өнерпазды» «Дом быта» деп хабарлады. Билетті де сұраған соң маған ғана беріп, қайтадан жүргізушінің қасына апарып қойды.
P.S.
Байқағанымыз, қоғамдық көлікке қатысты қордаланып қалған проблема аз емес. Ал, аялдама атауына қатысты мәселе де дәл ертең шешілмейтін сыңайлы. Әйтпегенде, он бір жылда бір өзгеріс болар еді-ау…
Мәлике Мәлік
Біле жүріңіз!
Атаулары өзгерген бірқатар аялдамалар тізімі қаланың оң жақ жағалау бөлігі бойынша:
Пост ГАИ – «Бәйтерек» аялдамасы
Северная – «Әлия»
Автовокзал – «Рауан» сауда үйі
Құспан молла – Құспан хазірет
Парк отдыха – Жеңіс саябағы
Роддом – Перзентхана
Қаланың сол жақ жағалау бөлігі бойынша:
Стройконтора – «Атырау-Ақпарат» аялдамасы
Маслопром – «Дияр» қонақ үйі
Сельстрой – Мектеп
Восток – «Арын»
ЗАГС – Салтанат сарайы
Школа – «Атыраубалық»
Алмагүл ЖАНҚАНОВА, Атырау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы:
– Атырау қалалық мәслихатының 2007 жылғы 14 желтоқсандағы №33 шешімі мен қалалық әкімиятының 6 желтоқсандағы №883 Атырау қаласындағы және селолық округтердегі кейбір көшелерге, жаңадан құрылған көшелерге және аялдамалардың атауларын өзгерту туралы біріккен қаулысы негізінде Атырау қаласы бойынша 67 аялдаманың атаулары өзгертілген болатын. Солардың ішінде «Юность» – «Ақ Жайық», «Авиагентство» – «Исатай-Махамбет алаңы» аялдамасы болып ауысты.