Сириядан қайтарылғандар лаңкестікке қатысы болса, жазаланады… (+ВИДЕО)
Аtr.kz/13 мамыр, 2019 жыл. Сириядан 231 Қазақстан азаматы елге жеткізілді. Бұл жайында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесінде айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Менің тапсырмам бойынша 7 және 9 мамыр күндері Сириядан 231 Қазақстан азаматы елге жеткізілді, оның 156-сы — балалар, дені мектеп жасына дейінгілер, соның ішінде 18-і — жетім балалар. Бұл ауқымды гуманитарлық акция — Тұңғыш Президент — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен биыл қаңтар айында жүргізілген «Жусан» операциясының жалғасы», — делінген ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Фейсбуктегі парақшасында жария еткен Мемлекет басшысының мәлімдемесінде.
Қ.Тоқаевтың атап өтуінше, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар елге қайтарылған азаматтармен оңалту шараларын жүргізді. Оларға медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетілді.
«Қазірдің өзінде аталған жұмыстың оң нәтиже беріп отырғанын айтуға болады. Биыл қаңтар айында елге оралған әйелдер бұрынғы радикалдық өмірінен бас тартты, жұмысқа орналасты, туыстарымен қайта байланыс орнатты. Балалары мектепке, балабақшаға барды. Қақтығыс аймақтарына шыққан Қазақстан азаматтары мұндай ойсыз қадамға террористердің теріс, шын мәнінде, жалған үгіт-насихатының ықпалымен барды. Бүгінде олар жаңа өмір бастау үшін өз еркімен Қазақстанға оралып жатыр. Олардың жасаған қателігі үшін балалары өзге елде қиналып, зардап шекпеуі тиіс»,- деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент Қазақстан терроризммен күрес жүргізу, сондай-ақ қиын жағдайда қалған азаматтарына қол ұшын созу міндеттемелерінен бас тартпайтынын, гуманитарлық акция жалғаса беретінін атап өткен.
«Біз өз азаматтарымыздың тағдырына ешқашан бей-жай қарамаймыз. Аталған гуманитарлық операцияға қатысқан Сыртқы істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және басқа да мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне және шетелдік серіктестерге алғысымды білдіремін», — деді Қ.Тоқаев.
***
Сириядан қайтарылған адамдардың лаңкестік қылмыстарға қатысы барлары жазаға тартылады. Бұл туралы «Жусан-2» операциясына қатысты өткен баспасөз мәслихатында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев мәлім етті.
«7-9 мамырда әскери қақтығыс болған аймақтардан 231 қазақстандық елге қайтарылды. Олардың ішінде 16 ер адам, 59 әйел және 156 бала бар. Бұл гуманитарлық операция біріншіден қарулы шиеленіс аумақтарында болған біздің азаматтарымызды құтқаруға, сондай-ақ олардың балаларына Қазақстан Республикасының толыққанды азаматтары ретінде бейбіт өмір сүруге мүмкіндік беруді көздеді», — деп тоқталды Е. Ашықбаев.
Оның сөзіне қарағанда, аталған адамдардың арасында лаңкестік қылмыстарға қатысы барлар жазаға тартылады.
«Лаңкестік іс-қимылдарға және заңсыз жауынгерлік әрекеттерге қатысқандарға тоқталсақ, қылмыстарға қатыстылығы дәлелденген жағдайда, олар ҚР заңнамасына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл гуманитарлық операция АҚШ-тың қолдауымен жүзеге асырылды, сондай-ақ бұл жобада Сирия демократиялық күштерінің маңызды рөлін атап өткен жөн», — деді министрдің орынбасары.
«Менің тапсырмам бойынша 7 және 9 мамыр күндері Сириядан 231 Қазақстан азаматы елге жеткізілді, оның 156-сы — балалар, дені мектеп жасына дейінгілер, соның ішінде 18-і — жетім балалар. Бұл ауқымды гуманитарлық акция — Тұңғыш Президент — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен биыл қаңтар айында жүргізілген «Жусан» операциясының жалғасы», — делінген Мемлекет басшысының мәлімдемесінде.
Еске салсақ, биыл қаңтарда Елбасы Сириядан Қазақстан азаматтарын эвакуациялау бойынша гуманитарлық операцияға байланысты мәлімдеме жасады.
***
Сириядан қайтарылған адамдардың біразы төлқұжаттарын жоғалтып алған. Бұл туралы «Жусан-2» операциясына қатысты өткен баспасөз мәслихатында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев мәлім етті.
«Қазақстандықтардың бірқатары өздерінің төлқұжаттарын жоғалтқан. Балалардың басым бөлігі бұдан бұрын ИЛИМ/ДАИШ бақылауындағы аймақтарды туған болатын. Сыртқы істер министрлігі және шет елдердегі мекемелер операция барысында консулдық -құқықтық әрі логистикалық қолдау көрсетті», — деді Е. Ашықбаев.
Оның сөзіне қарағанда, ҚР СІМ және Ұлттық қауіпсіздік комитеті бүкіл жұмысты мүдделі орталық және жергілікті меморгандар, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдармен тығыз үйлестіру арқылы өткізді.
«Енді дерадикализациялау және сауықтыру мәселелеріне ерекше көңіл бөле отырып, қайтып келген әйелдер мен балаларды бейімдеу әрі қайта әлеуметтендіру кезеңі басталып отыр», — деді министрдің орынбасары.