«SINOPEC» СЕРІКТЕСТІККЕ ҮМІТТІ

Қазақстанда төртінші мұнай өңдеу зауыты салынған жағдайда, қытайлық «Sinopec» компаниясы әріптестік қолдау көрсетуге дайын. «Соның ішінде біз мұнай-химия, газ-химия, терең өңдеу саласындағы байланысты арттыруға әзірміз» деп мәлімдеді облыс әкімінің қабылдауына келген қытайлық «Sinopec»  мұнай-химия корпорациясының президенті Ван Юйпу.

Әлемдік мұнай нарығында табысты жұмыс атқарып отырған «Sinopec» компаниясы үшін Атырау мұнай өңдеу зауытындағы қайта жаңғырту жұмыстары облыста атқарып отырған алғашқы жоба болып табылады. «Жобаның бүгінде бірінші кезеңі сәтті аяқталды. Екінші кезең толық іске қосылған кезде Атыраудағы жанармай тапшылығы толық жойылатын болады. Және біз сапалы өнім алатын боламыз. Жобаның тиімділігін Қазақстан Үкіметі де жоғары бағалап отыр» деген корпорация президенті Ван Юйпу компания тарапынан күні бүгінге дейін төленген жалпы салық көлемінің 300 миллион АҚШ долларын құрағанын айтты. Қытай тарапының пікірінше, Атырау мұнай өңдеу зауытында сәтті жүзеге асырылып жатқан жоба жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Қазақстан тарапының Қытай елінің зор әлеуетін жоғары бағалайтынын атап айтты. «Күні бүгінде Қазақстанда қытайлық он екі компания сәтті жұмыс атқаруда. «Sinopec» компаниясының инженерлік көмегімен Атырау зауытында алынған хош иісті көмірсутек зор табыс болды. Екінші кезеңнің де сәтті аяқталарына үміттіміз» деген облыс басшысы ортақ мүдде жолындағы табысты әріптестіктің жалғасарына сенім білдірді.

Екі жақты кездесу барысында Қытай тарапы жұмысшы орындар үшін квотаның жетіспей жатқандығын мәселе етіп көтерді. Қытай тарапының пікірінше, маман тапшылығы Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жобаның екінші кезеңінің уақытылы тапсырылуына кері әсер етеді. Сол себепті меймандар облыс басшылығынан қолдау көрсетуді сұрады.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Суретті түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз