ШЫНАЙЫ ТАРИХ ЖАСАНДЫЛЫҚТЫ КӨТЕРМЕЙДІ
— Біз мәселеге байланысты нақты тапсырмалар алған болатынбыз. Оның ішінде жоғары оқу орындарында тарих кафедраларын қалпына келтіру, сонымен қатар классикалық жоғары оқу орындарында тарих факультеттерін ашу, бұған қоса министрлікке берілген тапсырма аясында тарих мамандығына білім гранттарының санын көбейту мәселелері шешімін табуда. Университетте тарих саласының білікті мамандары мен ғалымдары баршылық. Осы орайда биыл ойланып, университетте тарих факультетін ашуды көздеп, бұл тұрғыда тиісті шешімді әзірлеп отырмыз, — деді ректор.
Тарихшылардың Кенесары ханға қатысты айтқан өзгеше ойлары журналистердің ерекше қызығушылығын туғызды. «Еуразия» гуманитарлық ғылыми зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы Зиябек Қабұлдиновтің айтуынша, Кенесары ханның басын қайтару бүгінде күрмеуі қиын мәселеге айналған. Өйткені, сегіз жылға жуық уақыт бұрын қазақстандық ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінен құралған топ тындырымды жұмыс жасап, Ресейдің мұражайлары, мұрағаттарымен қатар, қоймаларының 78 пайызын қарап шықса да, ол нәтиже бермеген.
— Кенесары ханның басы қазақ жеріне, яғни Отанына қайтарылуы тиіс. Оны Омбыдан бастап Санкт-Петербор, Мәскеу, Ташкент қалаларынан іздеу керек. Бұл орайда достас ресейлік ғалымдардың көмегі қажет болып тұр, — деді ғалым.
Кенесары ханның мылтығын Қазақстанға әкелу де оңайға соқпайтынға ұқсайды. Ол Омбы мұражайында сақтаулы тұрғанын естіп білдік. Тарихшылар «қандай мемлекет болмасын, жәдігерлердің негізгі нұсқасын бере қоймайды. Біз сондықтан, нағыз болмаса көшірмесіне қол жеткізуіміз керек» дегенді әңгіменің арасында айтып отырды.
Тарихшылардың кешегі кезеңнің қазаққа төндірген қатері турасындағы айтқан пікірлеріне айрықша тоқталуға болады. Яғни, 1932 жылдан бастау алған ашаршылық, одан соңғы қуғын-сүргін талай ұлтты тұқымымен тұздай құрта жаздады. Сондықтан, ес біліп, ес жиған мемлекеттер шежіресін кеңестік ғалымдардың көзімен емес, өздері өзгеше зерттей бастаған. Қорытындысында, жасандылықты көтермейтін шынайы тарих дүниеге келді. Брифингке қатынасушылар «украин зерттеушілері кешегі зобалаңдағы өздерінің шығынын 14 миллионға жеткізіп, тіптен оның 7 миллионының нақты аты-жөндерін де тауып, жариялапты» деген пікір айтып қалды.
ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында Астана тарихы туралы кітап шығатыны тарихшылардың журналистермен жүздесуінде жария болды.
— Біз барлық туристер мен меймандарды қарсы алуымыз керек. Ол үшін Астана тарихы туралы керемет әрі жақсы суреттелген сапалы кітап қажет. Тағы бір естігеніміз, жаңа туындының бірнеше тілдегі 10-нан астам нұсқасы басылады.
Азамат БАЗАРБАЕВ.