ШҰҒЫЛ: Атырауда 17 сайт бұғатталды
«Бұл туралы Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен өткен нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған қызметті үйлестіру жөніндегі өңірлік ведомствоаралық штаб отырысында полиция департаменті бастығының орынбасары Нұрхат Оразбаев мәлімдеді» деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Отырыста аймақ басшысы есірткі мәселесі бүгінгі таңда алаңдатып отырған өзекті проблема екенін баса айтты.
«Аналитикалық мәліметтерге сәйкес, облысымызда есірткімен байланысты қылмыстардың өсімі орын алып отыр. Есірткі құралдары мен психотпроптық заттардың түрлері күннен күнге көбеюде. Қазіргі таңда олардың саны 350-ден астам. Тұтынушылардың басым бөлігі жастар контингенті. Біз үшін бұл үлкен проблемалық мәселе. Өйткені, жастар – біздің болашағымыз. Бүгінгі күні есірткі саудасы және алаяқтық қылмыстарының басым бөлігі ғаламтор арқылы жасалуда»,-деді ол.
Ал, бұл бағыттағы қазіргі ахуалды баяндаған полиция департаменті бастығының орынбасары Н.Оразбаев, жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды.
«2021 жылы облыс бойынша 127 қылмыс тіркеліп, заңсыз айналымнан 20 кг жуық есірткі тәркіленді. Қазіргі таңда облыстық Наркологиялық диспансерде 509 тұлға есепте тұр, оның ішінде 22 әйел адам, 1 кәмелетке толмаған бала бар.
Жедел-профилактикалық іс-шара барысында, Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлерімен облыс орталығында синтетикалық есірткіні сатумен айналысқан 27 тұлға анықталды»,-деді Полиция департаменті басшысының орынбасары.
Оған қоса Н.Оразбаев ғаламтор жүйесі арқылы жасалып жатқан қылмыстар басты мәселе екенін айтып өтті.
«ІІМ-нің нұсқауына сәйкес, жаңа психобелсенді заттарды және синтетикалық жолмен алынған басқа есірткілерді, оның ішінде ғаламтор желісін пайдалана отырып іздестіру іс-шаралары жүргізілуде. Бүгінгі күні ғаламтор жүйесі арқылы есірткі жарнамалайтын 17 сайт анықталып, бұғатталды»,-деді ол.
Сондай-ақ, оның айтуынша, осы уақыт ішінде өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді егіп өсірудің 7 алқабы анықталып, жойылған.
Ал, қызметтік іздестіру иттері арқылы ашылған қылмыстардың көрсеткіші де аз емес. Есепті кезеңде қызметтік-іздестіру иттерінің көмегімен 366 қылмыс ашылған. Оның ішінде 156 ұрлық, 11 тонау, 3 қарақшылық, 28 есірткіге қатысты қылмыстар бар.
Облыс әкімі нашақорлықпен күресу үшін мектептен бастап жастар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырып, жауапты тұлғаларға бірқатар нақты міндет жүктеді.
«Мемлекеттік органдарға, әсіресе облыстық басқармаларға нашақорлық профилактикасына қажетті қаржыны алдын ала жоспарлауды тапсырамын. 2 күндік мерзім ішінде, есірткінің синтетикалық және өзге жаңа түрлерін анықтайтын экспресс зерттеу құралдарымен қамтамасыз ету мәселесі Денсаулық сақтау министрлігімен келісе отырып пысықталсын. Психикалық денсаулық орталығымен жүргізілетін нашақорлық есептің үнемі жаңартылуын қамтамасыз етіп мониторинг жүргізілсін. Нашақорлық есепте тұрған адамдарды бақылау, емдеу мен сауықтыруға ерекше назар аударылсын»,-деген облыс әкімі екі апталық мерзім ішінде, Білім беру, дене шынықтыру және спорт басқармалары, облыстық полиция департаментімен бірлесіп, нашақорлық профилактикасының бөлек іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекітуді тапсырды. Сондай-ақ, тез арада, түнгі клубтар, өзге демалыс орындарының қауіпсіздік қызметтері және күзет ұйымдарымен, объектілерде есірткі заттарының таралуын болдырмау бағытында бірлескен жұмысты ұйымдастыруға пәрмен берді.
Айта кетейік, өткен жылы есірткіге ерте жастан тәуелді болудың алдын алу және жасөспірімдер арасында есірткі қылмыстарын болдырмау мақсатында облыс көлемінде 580 іс-шара өткізілген.