
Шомылу маусымы: Бақылау күшейді
Атырау облысында былтыр жазғы шомылу маусымына 46 су айдыны ресми түрде рұқсат алған. Алайда көктемгі су тасқынының салдарынан өзен-көл арналарының құрылымында күрт өзгерістер болып, 41 су айдынының ашылуы уақытша кейінге шегерілді, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында жергілікті атқарушы органдар мен Төтенше жағдайлар департаментінің бастамасымен 266 тыйым салу белгісі және 12 ақпараттық стенд орнатылып, 70 қауіпті су айдыны анықталды.
— Су айдындарын шомылуға дайындау және олардың қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін тексеру жұмыстары жүргізілуде. Күн сайынғы рейдтік іс-шаралар барысында бірқатар құқықбұзушылық анықталды. Атап айтқанда, шомылуға арналмаған әрі жабдықталмаған жерлерде суға түсу фактілері мен балалардың ересектердің қарауынсыз шомылатын кездері жиі тіркеліп отыр, — деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығының міндетін уақытша атқарушы Дарын Әнуарбеков.
Қауіпсіздік ережелерін бұзған 44 адамға тиісті заңдылықтар бойынша жалпы сомасы 600 мың теңгеден астам айыппұл салынды. Қазірг төтенше жағдайлар департаментінің 150-ге жуық қызметкері күн сайын су айдындарын бақылауда. Бұл жұмыстар жергілікті атқарушы органдармен, полиция қызметкерлерімен және ерікті топтармен бірлесіп ұйымдастырылып отыр.