Ширек ғасырда шарболаттай шыңдалдық
Осыдан тура ширек ғасыр бұрын Елбасының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылды. Бұл 1992 жылғы мамыр айының 7 – жұлдызы болатын. Содан бері бұл – Отан қорғаушылар күні ретінде атап өтіліп келеді. Мереке қарсаңында «Батыс» өңірлік әскери қолбасшылығының қолбасшысы, генерал – майор Дәулет Рысқұлбекұлы ОСПАНОВ мырзаны әңгімеге тартқанбыз.
Қорғаныстың батыстағы қалқаны
– Дәулет Рысқұлбекұлы, әңгімемізді өзіңіз басшылық жасайтын құраманың құрылу, қалыптасу тарихынан бастасақ…
– «Батыс» өңірлік қолбасшылығы Қазақстан Республикасы Жаяу әскерлеріне қарасты құрылымдардың ішіндегі ең жасы дер едім. Нақтысын айтқанда, Мемлекет басшысының 2000 жылдың 10 ақпанындағы Жарлығына сәйкес ұйымдастырылды. Басты мақсат – еліміздің батыс аймағындағы Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстарының аумағында мемлекеттің қорғаныс қабілеттілігін қамтамасыз ету.
Өңірлік қолбасшылық 2005 жылы көршілес Ақтөбеден Атырау шаһарына көшірілді. Бұл Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 18 мамыр 2005 жылғы ұйғарымымен жүзеге асырылды. Сөйтіп, сол жылдың маусым айында «Батыс» өңірлік қолбасшылығының Атыраудағы басқармасы ғимаратының тұсауы кесілді.
Салтанатты рәсімге еліміздің Тұңғыш Президенті – ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Сонда сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы өңірлік қолбасшылықтың негізгі міндеттеріне тұтастай елімізде, соның ішінде Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде мемлекеттік шекараның бүтіндігін, аумақтық тұтастығын, егемендігі мен экономикалық мүдделерін қорғау кіретіндігін атап айтты.
Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласында орналасқан теңіз жаяу әскері бөлімі өңірлік қолбасшылықтың құрамындағы ең бір екпінді және ерекше күш болып есептеледі.
Жаттығуға – айрықша назар
– Енді өңірлік қолбасшылықтың, оның құрамындағы әскери бөлімдердің жетістіктерімен бөліссеңіз.
– «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарайтын құрамалардың бәрі де басшылықтың тарапынан берілген тапсырмаларды толықтай орындауға жұмылдырылып отыр. Осыншама қысқа мерзімде елдің сенімі мен құрметін иеленіп, абырой мен бедел биігінен көріне білдік.
Қандай әскери жасақты да шынықтырып, ширықтырудың, соғыс жағдайындағы ұрыс қимылдарына дағдыландырудың бірден-бір тәсілі–жоспарлы түрде оқу-жаттығуларын өткізу. Құрылған уақытынан бері батыс әскери округіне қарасты бөлімдер «Әлем теңізі – 2002», «Батыс – 2003», «Жетісу – 2004», «Шеп – 2006», «Өзара іс – қимыл – 2009», т.б. атаулармен ұйымдастырылған шараларда дайындық деңгейінің жоғары екенін байқатты.
Солардың арасынан әсіресе, «Бейбітшілік миссиясы – 2010» және «Орталық – 2011» деп аталған, ҚР Қарулы Күштері Жаяу әскерлері басқармалары мен бөлімдерінің даярлықтарын сынға салған оқу жаттығулары жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бекітілген жоспарға сәйкес, дербес барлау полктерін қалыптастырумен байланысты соңғы төрт жыл қатарынан өткізілген «Қаратау» шаралары да әскери құрамалардың ширығып, шынығуына, кәсіби шеберлігін жетілдіруіне оң әсерін тигізді. Бұлардан бөлек, ТМД елдері аумағында өткізілетін оқу жаттығулары барысында да сарбаздарымыз әскери дайындықтың жоғары деңгейін көрсетіп жүргенін атап өткен жөн.
Мерейді асырған мезеттер
«Батыс» өңірлік қолбасшылығының өзінің қазіргі атауын иеленуі де мен үшін ұмытылмас оқиғалардың бірінен саналады. Өйткені, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген бұл атаудың берілуі бұрынғы Батыс әскери округінің таратылуымен байланысты және бұл 2003 жылдың 7 мамырына, яғни Отан қорғаушы күніне – кәсіби мерекемізге сәйкес, Жеңіс күніне орайлас келген-ді.
Ал, келер жылдың 27 мамырында біздің әскери бөлімдердің қатысуымен алғаш рет «Жас ұлан» атты әскери-патриоттық әндердің аймақтық байқауы ұйымдастырылды. Айтпағым, аталмыш додаға мерзімді қызметке қабылданған қатардағы сарбаздардан бастап жоғары шенді офицерлерге дейін қатысып, өнерлерін ортаға салғаны жадымызда жаттаулы.
Қазақстан Қарулы Күштерінің тарихында тұңғыш рет, 2005 жылғы 9 мамырда ел ордасы Астана қаласының орталық алаңында Ақтаудағы теңіз жаяу әскері баталонының (№25744 әскери бөлімі) жеке құрамы Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 60 жылдық мерейтойы құрметіндегі парадқа қатысып, жетістіктерін дүйім жұртқа паш етті. Арада бес жыл өткенде, тағы да біздің құрлықтағы теңізшілеріміз егемен еліміздің Ата Заңы–ҚР Конституциясының 15 жылдығына арналған әскери шеруде сап түзеп мерейімізді асырып, мәртебемізді биіктетті.
2013 жылы Атырау қаласындағы №51051 әскери бөлімнің аумағында ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының қатысуымен аймақтық әскери-патриоттық форум өткізілді. Сол жылдың 7 мамырында Гвардейский қалашығындағы (Жамбыл облысы) «Матыбұлақ» оқу полигонында, сондай-ақ Ұлы Жеңістің 70 жылдығы құрметіне еліміздің бас шаһарында өткен Қарулы Күштер құрамаларының парадына да теңіз жаяу әскері бригадасының жеке құрамы қатысып, тағы бір мәрте айбынымызды асқақтатты. Анығын айтсам, егемен ел, тәуелсіз мемлекеттің қуатты да сенімді қалқаны саналатын Армиямыз құрылғалы бергі ширек ғасырда шарболаттай ширығып, соғыс жағдайында кез келген қауіпті жауға қарсы тұрып, тойтарыс беретіндей жағдайға жеткені ақиқат.
Әлеуметтік әлеует алға жетелейді
– Армиядағы ахуалдың тұрақтылығы, жүктелген міндеттердің мүлтіксіз орындалуы әскерилердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына, көңіл-күйіне байланысты екендігі даусыз. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?
— Әскерилердің әлеуметтік мәселелерін шешуге, әсіресе, баспанамен қамту жайына баса назар аударылуда. Мысал келтірсем, 2003 жылдың қараша айында Ақтау қаласында 69 пәтерлік көп қабатты үй пайдалануға берілді. Бұл әрине, осындағы №25744 әскери бөлімнің офицерлері мен сержанттарының өміріндегі қуанышты оқиға ретінде есте қалды. 2006 жылдың сәуірінде Атырау гарнизонына қарасты әскери қызметшілерге мұнайлы астанадан үш көп қабатты үйдің пәтер кілттері тапсырылды.
Қолбасшылық – оңай іс емес
– «Генерал болуды армандамаған сарбаз – сарбаз емес» деген қанатты сөз бар. Қолбасшыға қандай қасиеттер тән болуы тиіс?
– Ең әуелі көп оқу, тынымсыз ізденіс керек. Жалпы бұл кім-кімге де қажетті нәрсе деп есептеймін. Және алған білім- білігіңді үнемі толықтырып, жетілдіріп, кәсіби шеберлігіңді шыңдап отыруың, өзіңе де, өзгеге де сондай талап қоя білуің шарт. Тек сонда ғана алдыңа қойған мақсатыңа жетерің хақ. Мақтанғаным емес, өзім кітапты, соның ішінде әскери тақырыптағы, соғыс өнері жайлы жазылған әдебиеттерді көп оқимын. Мерзімді басылымдар материалдарына да назар аударып отырамын. Жалпы басшылық қызметті атқару, әсіресе, қолбасшы болу оңай іс емес.
Тәуелсіз армияның генералы
(өмірдерек)
Дәулет Рысқұлбеков 1970 жылы дүниеге келген. М.В.Захаров атындағы Рязань жоғары әскери командалық байланыс училищесін бітірген.
2011 жылғы мамыр айының 6-сындағы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Дәулет Оспановқа генерал – майор жоғары әскери шені берілді. 2013 жылдың қазан айында Аэроұтқыр әскерлер қолбасшысы, ал екі жылдан кейін Мемлекет басшысының шешімімен ҚР Қарулы Күштері «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы лауазымына тағайындалды.
Дәулетқали Аруев