Жарнама
Жаңалықтар

ШЕЖІРЕЛІ АЙМАҚТЫҢ ӨНЕР ШЕРУІ


 
КӨРМЕ КӨЗДІҢ ЖАУЫН АЛАДЫ
Екі күнге созылған мәдени шара Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театрында батысқазақстандық суретшілер, Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Ж.Молдағалиев атындағы облыстық кітапхана ұйымдастырған көрмелерімен ашылды.
Аталмыш шараға Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қатысып, алдымен, көршілес облыс тарихы мен тыныс-тіршілігінен сыр шертетін көрмемен танысты.
-Бүгін Атырауда үлкен мәдениет мерекесі басталды. Елбасы тапсырмасына сәйкес қазір әр өңірде мәдениет күндері үлкен ұйымшылдықпен өтіп жатқаны белгілі. Батыс Қазақстан облысының Атырау өңіріндегі мәдениет күндері бүгінгі көрмемен басталып отыр. Бұл көрме арқылы атыраулықтар қойнауы құтқа толы Батыс Қазақстанның тарихымен танысып, қылқалам шеберлерінің туындыларын тамашалай алады. Сондай-ақ, Индер және Махамбет аудандарында да батысқазақстандық өнерпаздар концерт берді. Бұдан басқа да жоспарланған мәдени шаралар бар, — деген Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан шараның ресми ашылуында батысқазақстандық өнер шеберлеріне «Атырауға келген қадамдарыңыз құтты болсын» деген тілегін білдірді.
Сондай-ақ, сөз алған Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, топ жетекшісі Бахтияр Мәкен де атыраулықтардың құшақ жая қарсы алып, білдірген ықыластарына шексіз алғысын жеткізді.
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі – ғасырлар қойнауынан сыр шертетін, көне жәдігерлері мол, өткен тарих пен қазіргі тарихты, материалдық және рухани байлықтарды жинақтап сақтаған, 170 жылдан астам тарихы бар мәдени орын.
Аталған музей көрмесі бірнеше бөлімнен тұрды. «Батыс Қазақстан облысының музыка өнері» деп аталатын бөлімде Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, Сейтек сынды күйшілер туралы кеңінен ақпарат келтірілген. Сондай-ақ, «XVIII-XIX ғасырлардағы ұлт-азаттық қозғалыстар», «Ішкі Бөкей ордасы», «Батыс Қазақстан орта ғасыр кезеңінде», «Жайық қалашығы» атты бөлімдерінде құнды жәдігерлер топтастырылған.
Музей қызметкерлерінің айтуынша, көрмеге қойылған қордағы құнды жәдігер ритон (күміс түтікше) 1967 жылы Долинное елді мекенінен табылған.
Батыс Қазақстан өңірі шеберлерінің зергерлік өнерінің өзіндік қолтаңбалары сонау сақ дәуірінен бері сақталып келе жатқанын облыста жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарынан табылған зергерлік әшекейлер, тұрмыстық бұйымдар дәлелдейді. Әсіресе, күмістен соғылған көптеген сәндік бұйымдар – сәукеле әшекейлері, білезік, ай, айшықты, қоңыраулы сырғалар, сақина, жүзік, белбеу, қапсырма, түймелер көздің жауын алады.
Бұған қоса, көрмеге Батыс Қазақстан облысы аумағындағы Сантас обасынан табылған ХІІІ-ХІV ғасырдағы ортағасырлық қыпшақ жауынгерінің сауыт-сайманы, қару-жарақтары, Алтын Орда кезінде әкімшілік және сауда орны болған ортағасырлық Жайық қалашығының макеті түсірілген фотосурет, ежелгі қала орнына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарынан табылған әрлендіргіш қаптама кірпіштер, шығыр құмыралары, XVIII-XIX ғасырдағы ұлт-азаттық көтеріліс тақырыбындағы экспозициядан батырлар қолданған араб жазбалы дулыға, қылыш, айбалта, найза, корамсақ жебесімен, сауыт, қалқан, шынтақтық сияқты жәдігерлер, күй анасы Дина Нұрпейісованың камзолы, Қазақстанның Халық әртісі Қали Жантілеуовтің домбырасы қойылған. Сонымен қатар, облыстан шыққан қаламгерлер Х.Есенжанов, Ж.Молдағалиев, Қ.Мырза-Әлі, С.Сейітовтің қолжазбалары мен қолданған заттары өңірдің құнды дүниелері болып саналады.

СУРЕТШІЛЕР ТУЫНДЫЛАРЫ – АТЫРАУ ТӨРІНДЕ

Сурет көрмесінде А.Әбдешов, Б.Оразов, Қ.Нығметов, А.Тасқалиев, Х.Шаблиев, С.Бердинк, Н.Жәрдемов сияқты батысқазақстандық қылқалам шеберлерінің туындылары орын алған.
– Бұл суретшілердің барлығы — өз алдына бөлек өнер тұлғалары. Олардың жұмыстарын толық көрсету үшін барлық суреттерін алып келуге мүмкіндік болмады. Тек әрқайсысының жеке коллекциясынан екі-үш суретін ғана Атырауға жеткіздік. Тақырыптары да әртүрлі. Осы суреттер арқылы Батыс Қазақстан облысында сурет өнері де жақсы дамып келе жатқанын аңғаруға болады, — дейді оралдық суретші Қайыр Оразғалиев.
Ж.Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық кітапхана ұйымдастырған көрмеге негізі XX-XXI ғасырларда әдебиет әлемінен келген Батыс Қазақстан өлкесінің талантты ақын-жазушыларының шығармалары қойылған. Атап айтсақ, Жұбан Молдағалиевтың, Қайрат Жұмағалиевтың, Ақұштап Бақтыгерееваның, Жанғали Набиуллиннің шығармалары көрмеде орын алды. Сонымен қатар, Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов 2009 жылы Батыс Қазақстан өлкесін басқарған кезде қолдау білдіріп, «Ағатай» баспасынан басылып шыққан бір топ ақын-жазушылардың кітаптары да топтастырылған.

Айгүл СОЦИАЛҚЫЗЫ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button