Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Шетелге шығып демалар алдында не істеу керек?

Atr.kz/22 мамыр, 2019 жыл. Жаз келді, жазбен бірге демалатын кез келді. Осыған орай, ҚазАқпарат ҚР Ішкі істер министрлігінің шетелде демалушыларға берген ақыл-кеңесін ұсынады.

Төлқұжат рәсімдеу тәртібі

Министрліктің хабарлауынша, шетелде демалу кезінде келеңсіз жағдайға тап болмас үшін ең әуелі төлқұжаттың қолданылу мерзімін тексеріп алу қажет. Өйткені, кей мемлекеттерге кіру үшін паспортты қолдану мерзімінің бітуінен 6 ай бұрын ауыстыру керек. Елімізде 2009 жылдан бастап биометриялық паспорттар (электрондық чипі бар) беріледі. Олардың қолданылу мерзімі — 10 жыл. Осыған байланысты, ІІМ азаматтарға жарамдылық мерзімі өтіп кеткен құжаттарды уақтылы ауыстыру қажеттігін ескертеді. Біздегі заңнама бойынша жаңа паспортты бұрынғы паспорттың жарамдылық мерзімі аяқталуына бір ай қалғанда қайта рәсімдеуге болады. Қазақстан азаматтарына құжаттар 15 жұмыс күні ішінде беріледі. Егер уақыт тығыз болса, төлқұжатты жылдамдатылған тәртіпте 1-7 жұмыс күні ішінде (Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалаларында — 1 жұмыс күні ішінде, облыс орталықтарында — 3 жұмыс күні ішінде, облыс аудандары мен қалаларында — 7 жұмыс күні ішінде) рәсімдей алады. Шетелге 16 жасқа толмаған балалармен бірге шыққан жағдайда, оларға да алдын ала паспорт рәсімдеген жөн. АҚШ, Ұлыбритания, БАӘ, Италия, Испания, Франция, Чехия, Словения, Хорватия, Греция, Мажарстан, Польша, Германия, Швейцария, Швеция, Қытай, Оңтүстік Корея және басқа да елдерде мемлекетке ата-аналарымен келетін балаларда паспорттың болуы міндетті және паспортқа баланың фотосуретін жапсыру құжат деп танылмайды.

Айыппұлдар мен берешектер

Борышкер ретінде шетелге шығу құқығы шектелген азаматтардың қатарында тұрмағаныңызды төмендегі жолдармен анықтауға болады. 1. «Шетелге шығуы шектелген, борышкерлер тізілімі және атқару өндірісі бойынша борышкерлерр тізілімі бойынша шет елге шығуға тыйым салынған-салынбағанын тексеру» атты арнайы қызметі. 2. ҚР Әділет министлігінің сайтында орналасқан «Қазақстан Республикасы шегінен шығуы уақытша шектелген тұлғалардың тізімі», «Атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлер тізімі» деректер базасынан өзіңіздің аты-жөніңізді іздеп, елден шығуға тыйым салынған-салынбағанын тексеру. 3.Әкімшілік құқық бұзу және төленбеген айыппұлдардың бар-жоғын тексеру.

Визалық режім

Көздеген елге сапарға шықпас бұрын Қазақстан азаматтары үшін визалық тәртіп қандай екенін білу қажет. Егер виза талап етілсе, онда мұны дипломатиялық өкілдік, консулдық мекеме немесе туристік агенттік арқылы алдын ала дайындау керек. Визасыз режім болған жағдайда сол елде болу мерзімі мен тәртібін нақтылау қажет. Оны Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің сайтынан білуге болады. Егер сіз қандай да бір ел арқылы транзитпен жүруді жоспарласаңыз, транзиттік визаларға қатысты кеңес алыңыз. Визада деректердің дұрыс жазылғанын және визаның қолданылу мерзімін, шет мемлекетте болуға рұқсат етілген күндердің санын міндетті түрде пысықтаңыз. Шетелге оқу, жұмыс істеу немесе тұрақты тұру мақсатында барсаңыз, АХАЖ берген куәліктер мен анықтамаларға, білімі, мүліктік қатынастары, еңбек қызметі және әлеуметтік қамтамасыз ету туралы құжаттарға, мүмкіндігінше соттылықтың жоқтығы туралы анықтамаларға апостиль қойғызған жөн.

Медициналық сақтандыру және дәрі-дәрмектер

Шетелде болған кезеңде медициналық сақтандыру полисін сатып алуды ұсынамыз. Бұл медициналық көмекке жүгінген жағдайда шығындарды жабуға мүмкіндік береді. Өзіңізбен бірге дәрі-дәрмек алсаңыз, бара жатқан елде ол дәрілерге рұқсат берілгенін білу керек. Ыстық елдерге шығу кезінде дифтерияға, сіреспеге, полиомиелитке, сары қызбаға қарсы екпе алу қажет. Меккеге барушыларға менингококқа қарсы вакцина жасату ұсынылады. Африка және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне ұзақ сапарлайтын болсаңыз, В гепатитіне қарсы екпе жасату орынды. Кейбір елдер талап етілетін екпелердің бар екені туралы анықтама болмаса, кіргізбеуі мүмкін.

Кедендік бақылау

Қазақстаннан сыртқа 10 000 АҚШ долларына дейінгі мөлшерде қолма-қол ақша алып шыға аласыз. Одан көп болса, декларация қажет болады. Сондай-ақ, сіз баратын елде қандай нәрселерге декларация керек екенін, қандай жағдайда керек емес екенін нақтылап алу керек. Шекара арқылы ақша немесе тауарларды декларациясыз заңсыз өткізу әрекеті әкімшілік және қылмыстық жолмен жазаланады. Сапарға шыққан кезде сүйікті өнімдеріңізді немесе темекі маркаларын өзіңізбен бірге алуға ниет білдірсеңіз, алдымен оған тыйым салынбағанын анықтау керек. Мысалы, мұсылман елдеріне алкогольмен кіруге болмайды. Уәкілетті органдардың рұқсатынсыз мәдени құндылықтарды, жабайы флора мен фауна объектілерін, қару мен оқ-дәрілерді әкелуге және әкетуге болмайды. Авиакөліктің қол жүгінде шанышқы немесе кесетін заттарды, түрі қаруға ұқсайтын балалар ойыншықтарын немесе басқа да заттарды алып жүруге болмайды. Сондай-ақ бірқатар елдерде сұйықтықтар мен гельдерді алып өтуге шектеу қойылған.

Мінез-құлық нормалары

Шетелде болған кезде біздің азаматтар басқа елдің заңдарын сақтауға міндетті. Этика мен моральдың жалпыға ортақ нормаларын ұстанып, елдегі саяси және климаттық жағдайлар туралы ақпаратпен алдын ала танысқан жөн. Күтпеген жерден құқық қорғау органдары ұстаған болса, жол-көлік оқиғасы және тағы басқа оқыс жағдайларға тап болсаңыз, сол мемлекеттегі қазақстандық консулдық мекеменің қызметкерімен кездесуді талап етуге құқылысыз. ҚР консулдық мекемесінің қызметкерлерінсіз шет тіліндегі хаттамалар мен құжаттарға қол қоюға болмайды. Сіз бара жатқан елдегі Қазақстан елшіліктерінің немесе консулдығының телефондарын жазып алып, туыстарыңыз бен достарыңызға өз сапарыңыз, орналасқан жеріңіз бен байланыс нөмірлеріңіз туралы хабарлаған жөн.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button