Түлектердің тоқсан пайызы – жүлдегер!

Соңғы қоңырау сыңғыры Білім

Кеше облыс мектептерінде соңғы қоңырау соғылды. Биыл облыста мектепті 4514 түлек бітіргелі отыр. Ал, жиырма жылдан астам тарихы бар Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер Академиясын 65 шәкірт тәмамдайды. Соның ішінде мектеп қабырғасында алған тәлімін талантымен ұштастырған түлектердің тоқсан пайызға жуығы түрлі деңгейдегі халықаралық, республикалық, облыстық байқаулардың жүлдегерлері атанған.

Соңғы қоңырау сыңғыры

Мұндағы соңғы қоңырау салтанаты академия түлектерінің шеруімен басталды. Шараға қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жас өрендерге сәт сапар тіледі.

– Құрметті мектеп түлектері, осыдан 11 жыл бұрын мектеп табалдырығын тарыдай болып аттап, бүгін үлкен өмірге қадам бастыңыздар. Жолдарыңыз ашық болсын! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен еліміздің білім беру саласында көп жұмыстар атқарылып келеді. Мектептер заманауи құрал-жабдықтармен, әдістемелік материалдармен жабдықталуда. Яғни, білім алуды мақсат еткен әрбір жас үшін барлық жағдай жасалған. Бұл жұмыстар оқушылардың болашақта бәсекеге қабілетті  болуына  зор  ықпалын тигізеді. Алдағы білім сынақтарын ойдағыдай тапсырып, өздерің   армандаған мамандықтарыңның иелері атанып, еліміздің дамуына елеулі үлес қосуларыңа тілекшімін, – деді аймақ басшысы.

Соңғы қоңырау сыңғыры-2

Академия директоры Долорес Тасқаринаның айтуынша, бұл –еліміз бойынша 17 бағытта оқытатын бірден-бір білім ордасы. Ал, түлектер аттестатпен қоса, мамандық куәлігін алып шығады. Биылғы түлектердің ішінде «Алтын белгіге» – бір, «Үздік аттестатқа» төрт үміткер бар.

Білім нәрімен сусындатқан алтын ұясымен қоштасатындар қатарында  «Қазына» би тобының мүшелері де бар. Олар жуырда  «Шаттық» халықаралық  фестивалінен  І орынды иемденіп, шілде айында Болгарияда өтетін байқауға жолдама алды. Ал, жас айтыскерлер Ермұрат Ораз бен Жақсылық Апуажановтың «Ағатай» баспасынан «Отанды сүйсең» атты кітабы жарық көрді. Академияда осындай жетістікке жеткен өнерлі оқушылар көптеп саналады.

Айгүл ЕРТІЛЕУ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз